Жетісай қаласының әкімі заңды белден баса бере ме?

Әдеп кеңесінде мәселесі қаралатын шенеуніктердің ісі әрқилы болатыны рас. Мәселен, ауыл әкімдерінің басым көпшілігі жер беру кезінде шалыс басса, әкімдіктегі бөлім басшылары мердігердің «аллаһи-біллаһи» деген сөздеріне сеніп, әлде басшыларының тапсырмасымен бітпеген жұмысқа ақшаны толық аударып жібереді. Енді бірі қызметтік көлікті рұқсатсыз пайдаланғаны, енді бірі рульге спирттік ішімдік ішкені үшін жауапқа тартылып жатады.
Әрине, әркім жасаған әрекеті үшін тиісті жазасын алады. Бірақ кейде осы жазалардың әділеттілігі, негізділігіне келгенде де әрқилы әңгіме айтуға болады. Мәселенің турасына көшейік.
Жуырда облыстық Әдеп кеңесінің отырысында Жетісай қаласының әкімі Нұрлыбек Бахтияров пен осы әкімдіктің бас маманы Әнуар Шарапхановтың ісі қаралды. Іс-құжаттарына қарағанда, Жетісай ауданының прокуратурасы бюджет қаражатын мақсатты жұмсалуына және «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының сақталуына талдау жүргізіп, Жетісай қаласы әкімі аппаратынан бірқатар заңбұзушылықтар анықтаған. Сол анықталған фактілердің бірі төмендегідей:
Былтыр 19 желтоқсанда Жетісай қаласы әкімдігі мен жеке кәсіпкер Г. Досанбаева арасында жалпы көлемі 113 тонна асфальт-бетон қоспасын сатып алу жөнінде келісімшарт түзілген. Шарт құны — 3 миллион 256 мың теңге. Келісім бойынша мердігер жыл соңына дейін тауарды толық жеткізуге міндеттенген. 25 желтоқсанда, яғни арада алты күн өткенде Жетісай қаласының әкімі Нұрлыбек Бахтияров мердігерден 113 тонна асфальт-бетонды қабылдап алған туралы акті түзіп, сол күні кәсіпкердің есепшотына жоғарыда көрсетілген ақшаны толық көлемде аударып жіберген. Алайда биыл 10 қаңтарда аудан прокуратурасы тексеру жүргізу барысында мердігердің мойнына алған міндетін орындамағаны, тауардың мүлде жеткізбегені белгілі болады. Тексеру барысында әкім Нұрлыбек Бахтияров пен бас маман Әнуар Шарапхановтан түсініктеме алынған.
Яғни, 113 тонна асфальт тек қағаз жүзінде болған. Соған қарамастан ол үшін бюджеттен миллиондаған теңге төленіп кеткен. Қос шенеуніктің әрекетін жай ғана қателік немесе салғырттық деуге келе ме? Фактілерді әрі қарай жалғайық.
Екінші дерек те алдыңғысына ұқсас. Былтыр 18 желтоқсанда Жетісай қаласы әкімдігі мен «Батухан» жеке кәсіпкерлігі арасында түрлі нысандарды қоршайтын 29 дана темір тор сатып алу жөнінде келісімшарт түзілген. Құны — 991 мың теңге. Бұл жолы тауарды әкімдіктің бас маманы Әнуар Шарапханов қабылдап алғанымен, прокуратура кейін оның да нақты жеткізілмегенін анықтаған.
Сол күні дәл осы кәсіпкермен тағы бір келісім жасалып, әкімдік жалпы мақсаттағы 218 дана темір құбыр мен 15 дана тор сатып алуға тапсырыс берген. Бұл келісімшарттардың жалпы сомасы 3 миллион 475 мың теңгеден асқан. Құжат бойынша барлық тауар қабылданып алынған. Бірақ мұнда да күмән көп. Өйткені тауарлардың жеткізілгені жөнінде нақты дәлелдер болмаған.
Одан бөлек, 2025 жылғы 18 желтоқсанда әкімдік тағы бір жеке кәсіпкермен 10 дана жүйелік блок сатып алу жөнінде келісімшарт жасасқан. Жалпы құны — 2 миллион 30 мың теңге. Оны да бас маман Әнуар Шарапханов қабылдап алған. Алайда прокуратура тексеру барысында бұл жүйелік блоктардың әкімдікке әлдеқайда ертерек, яғни 2025 жылдың тамыз айында жеткізілгенін анықтаған. Мұны Әнуар Шарапхановтың өзі де түсініктемесінде растаған.
Егер тауар тамызда келген болса, арада төрт ай өткенде, желтоқсанда мемлекеттік сатып алу рәсімі не үшін ұйымдастырылған? Бұл жерде бюджет қаржысын игеру үшін кейіннен қолдан жасалған келісімшарт болуы мүмкін деген күдік туындайды. Прокуратураның Әдеп кеңесіне ұсынған құжаттарында бұл құрылғылардың кім арқылы, қандай негізде, қандай шартпен жеткізілгені белгісіз екені жазылған. Демек, мәселе мұнда тек мемлекеттік сатып алу заңын бұзумен шектелмейді. Мұнда арғы жағында өте күдікті, күмәнді әрекеттер байқалады.
Қызметтік тексеру барысында Жетісай қаласының әкімі Нұрлыбек Бахтияров прокуратура көрсеткен фактілерді «заң аясында жасадық» дегеннен танбаған. Ал бас маман Әнуар Шарапханов көрсетілген заңбұзушылықтарды мойындаған. Қала әкімінің мәселесі Әдеп кеңесінде сәуірде, ал бас маманның ісі өткен аптаның соңында қаралды. Екеуіне де «қызметіне сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
«Қызметіне толық сәйкес емес туралы ескерту». Бюджеттің шамамен он миллионға теңге жуық қаражатын желге ұшырмақ болған, сол үшін қызметтік жалған құжаттар жасап, жеке кәсіпкерлерге заңсыз артықшылықтар көрсеткен шенеуніктер үшін бұл аз ба әлде көп пе, оны өзіңіз сараптап көріңіз. Жалпы, бұл жерде көпшіліктің көкейінде сауал көп. Егер осы келтірілген заңбұзушылықтарды соры қалыңдау басқа шенеунік жасағанда үстінен «қызметтік жалғандық жасау», «қызмет бабын теріс пайдалану» немесе «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық істер қозғалып, темір торға қамалып кетер ме еді? Ал Жетісайдың әкімі Нұрлыбек Бахтияровқа келгенде (бас маманның соның шылауынан шыға алмағаны айтпаса да түсінікті ғой) құзырлы органдардың кеңпейілдік танытқанын немен түсіндіруге болады? Әлде бұл шенеуніктерді жетісайша жарылқау ма?
Біз осы сауалдарды алға тартып, кешегі күні Жетісай ауданы әкімі аппаратының басшысы Есенкелді Алданиязовпен хабарласқан болатынбыз. Оның айтуынша, Жетісай ауданы прокуратурасының бюджет қаражатының мақсатты және заңды жұмсалуына, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталуына жүргізген талдауы нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталмаған, осыған байланысты қылмыстық іс тіркелмеген.
—Түркістан облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің 2026 жылғы 28 сәуірдегі №39 шешімімен Жетісай қаласының әкімі Н.Бахтияровқа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының талаптарын бұзғаны үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Ал Жетісай қаласы әкімі аппаратының бас маманы Ә.Шарапхановқа қатысты тәртіптік жауаптылық мәселесі Әдеп жөніндегі кеңестің 2026 жылғы 29 мамырдағы отырысында қаралған. Кеңес шешімі қала әкімдігіне келіп түскеннен кейін заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті шаралар қабылданатын болады,—деді аппарат басшысы. Ал енді дәл осындай жағдайға жол бермеу үшін не істелініп жатыр? Келеңсіздіктердің қайталанбауына кім кепілдік береді?
P.S. Айтпақшы, Жетісай қаласының әкімі Н.Бахтияровқа қатысты анықталған фактілер бұл ғана емес. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, әкім жер беруде де заңды белден басқан. Тұрғын үй салуға, өнеркәсіпке арналған аумақтардағы жер телімдерін ұялы байланыс операторының базалық станциясын орнату үшін әлдебір компанияның теңгеріміне беріп жіберген.
Яғни, халық сайлаған әкім халықтың маңдай терімен жиналған қаражаттарды оңды-солды шашып, талан-таражға түсуіне жол береді. Халықтың жерін әлдебір компанияларға заңсыз үлестіреді. Сонда Жетісайдың халқы Нұрлыбек Бахтияровты не үшін сайлаған?
Бұл сауалға енді кім жауап береді?
«Рейтинг» газеті, 3 маусым 2026 жыл.


