Израиль Иранға шабуыл жасады

Oinet.kz 13-06-2025 50

0.jpg 

13 маусымға қараған түні Израильдің ӘӘК (әскери-әуе күштері) Иранға соққы жасады. Тегеранда жарылыстардың дыбысы естілді. Израиль төтенше жағдай режимін жариялап, өзінің әуе кеңістігін жапты, деп жазды DW агенттігіне сілтеме жасаған ҚазАқпарат.

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кацтың айтуынша, бұл «алдын алу соққысы» болғанын Reuters агенттігі хабарлады. AFP агенттігінің мәліметінше, Израиль елде төтенше жағдай режимін енгізді.

— Израиль мемлекеті Иранға алдын ала соққы жасағаннан кейін, жақын арада Израильге мен оның бейбіт тұрғындарына зымыран сондай-ақ дрон шабуылдары жасалады деп болжанып отыр, — деді Кац The Times of Israel басылымына берген сұхбатында.

Иранның мемлекеттік теледидары хабарлағандай, «Тегеран астанасының әртүрлі бөліктерінде қатты жарылыстардың дыбысы естілді». Сондай-ақ, Иранның әуе қорғаныс жүйесі толық жауынгерлік дайындыққа келтірілгені және Имам Хомейни атындағы халықаралық әуежайда барлық қатынас тоқтатылғаны хабарланды.

Израиль де өз әуе кеңістігін жапты.

Израильдің Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Иранның ядролық бағдарламасына қарсы «Арыстан халқы» кодтық атауымен операция бастағанын растады.

The Times of Israel мәліметінше, ЦАХАЛ Иранда бірнеше күн ішінде 15 ядролық бомба жасауға жететін байытылған уран бар екенін айтып, бұл «аса қауіпті қауіпке» қарсы шара қолдануға мәжбүр екенін мәлімдеді.

Израильдің ӘӘК Иран аумағындағы ядролық бағдарламаға және басқа да әскери нысандарға байланысты ондаған нысанды соққыға алды. Reuters агенттігі хабарлағандай, жарылыстардың дыбысы Натанз қаласындағы Иранның ядролық нысаны маңында да естілген.

— Иранның ядролық отынды байыту бағдарламасының дәл өзегіне соққы жасадық. Сонымен қатар, біз Иранның баллистикалық зымыран бағдарламасының орталығына да соққы бердік. Иранның бізге зиян келтіру мүмкіндігі әлі де бар. Операция қажетті болғанша жалғасады — деді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху. 

Ақпарат агенттіктерінің (соның ішінде Reuters) хабарлауынша, Израильдің ӘӘК Ирандағы ядролық және әскери нысандардан бөлек, Ислам Республикасының әскери және ғылыми басшылығына бағытталған нүктелік соққылар жасаған. Атап айтқанда, Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) штаб бастығы Хоссейн Салами мен ядролық физиктер Ферейдун Аббаси-Давани мен Мохаммад Мехди Техранчидің қаза тапқаны туралы хабарланды.

 


Шымкентте әкім тағайындалды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу