Ұрланған 610 млрд теңге қайтарылды
23-04-2025
Бүгінде ақпарат айдынында блогер деген атқа ие болған әлеуметтік желі белсенділерінің өтімдірек болып тұрғаны рас.
Блогер-белсенділер мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қадағалағыш, Президент тапсырмаларының орындалуын бақылағыш. Осы мақсатты алға тартып, бюджеттің мекемелерді тексергіш. Бұл бір жағы осы мәселені заңмен реттей алмай отырған мемлекеттің кінәсі болса, екіншіден, жіптің бір ұшы қарапайым жұртшылықтың өзіне барып тірелетінін мойындау керек. Өйткені көпшіліктің бір бүйрегі бүгінде әділдікті, шындықты әлеуметтік желі белсенділерінен іздеуге бұрып тұратыны жасырын емес. «Аңқау елге арамза молданың» кебін келтіріп жатқан блогерлердің алды заңсыз тірлікке барғаны үшін ұсталып жатыр.
Ал осының бәрі айналып келген төртінші билікке теңелген масс-медианың беделіне көлеңке түсіріп жатқаны ащы да болса ақиқат.
Апта басында Шымкентте тағы бір блогерсымақтың құрыққа түскені белгілі болды (тағы да деуіміздің себебін аздан соң білесіз). Бұл туралы Шымкент қаласының Полциия департаменті хабарлады. Аталған органның таратқан ресми мәліметіне қарағанда, блогердің бейберекет тірлігіне қаладағы мектептердің бірінде істетін ұстаз арызданған. Полицияның жүргізген жедел-іздестіру әрекеттерінің нәтижесінде «С». деген азамат ұсталған (әзірге күдіктінің толық аты-жөні құпия қалып отыр).
– Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті өзінің медиа танымалдылығын пайдаланып, жағымсыз ақпаратты жариялаймын деп қорқытып, 1,2 миллион теңге талап еткен. Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, - делінген ресми мәліметте.
Ресми емес ақпараттарға қарағанда, әлгі «медиа танымал азамат» сабақ өтіп жатқан мұғалімнің сабағына кіріп, оны видеоға түсірген көрінеді. Әрине, оқиғаға қатысты тергеу амалдары аяқталып, сот үкімі шықпай жатып, пәлен-түген деуден, блогерсымақтың әрекетін талқылаудан аулақпыз. Дегенмен...
Соңғы уақытта Шымкент пен Түркістан облысында мемлекеттік мекемелерді, әсіресе, мектеп пен балабақшаны, ауруханаларды адақтап, жыртылған туды, күл-қоқысты түсіріп, қоқал-лоқы жасау, қорқыту, ақша талап етудің әдетке айналып бара жатқаны бұған дейін де талай алқалы жиындарда айтылған. Алайда бұдан өзгеріп жатқан ештеңе жоқ сияқты. Блогерлердің ұсталуы, тіпті бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі бұған дейін де кездескен. Солардың біразына тоқтала кетсек.
Естеріңізде болса былтыр жазда Сайрам ауданы прокуратурасының үйлестіруімен полиция қызметкерлері өздерін журналист-блогерміз деген Ершат Искандаров пен Ағайбек Датқаевты ұстаған болатын. Былтыр қарашада ол екеуі сот алдындағы тиісті жазаларын алды.
Істің мән-жайына қарағанда, «апама жездем сай» қосылған қылмыстық дуэт аудандағы мектептер мен медициналық ұйымдардың басшыларына қырғидай тиіскен. Солар туралы негізді-негізсіз материалдарды әлеуметітк желідегі парақшаларында жариялап, оларды алып тастау үшін 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін ақша талап еткен. Мәселен жергілікті бір медицианалық мекемеге тиесілі жедел жәрдем көліктер техникалық байқаудан өтпеген деген пост жариялайды. Кейін оны алып тастау үшін бас дәрігерден 300 мың теңге алған. Е.Искандаров аудандағы бір мектеп директорының суретін фейк-аккаунтында жариялап, «білім ұясында ақша жинау қашан тоқтайды?» деп айқайлаған пост жариялайды. Артынша әлгі директорға барып, әлгі аккаунт иесін танитынын, ақша берсе, оны алып тастауға ықпал ете алатыны айтады. Енді бір жолы жоғарыдағыдай қитұрқы жазбаны Искандаров өзінің аккаунтында жариялайды. Ал А.Датқаев директорға барып, сұраған ақшасын берсе, постты Ершатқа айтып алдыртып тастай алатынын білдіреді. Екі блогерді полиция жүргізген арнайы операция кезінде наөқты айғақтармен қолға түсірген. Алаяқтық, қорқытып алу бабы бойынша Е.Искандаров—4 жылға, А.Датқаев --3,5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.
Өкінішке қарай, осындай әркекеті үшін сотталып, темір тордан келген соң үйреншікті тірлігіне қайта кірісіңп кеткендер де жоқ емес. 2022 жылы Шымкентте емхананың төбесіне ілінген жыртық туды ұялы телефонның камерасына түсіріп, сол арқылы мекеменің бас дәрігерін бопсаламақ болған «журналист» Ғани Өмірәлі сотталды. Ол 2017 жылы алаяқтық қылмысы үшін 5 жылға сотталған. Кейін жазасы бас бостандығанан шектеуге ауыстырылған. «Төртінші биліктің өкілі» бұл жол темір тордың арғы жағында ұзағырақ уақытқа кетті.
Сот үкімінде сотталушы Ғани Өмірәлінің «Қоғамдық бақылау» деп аталатын газеттің редактор екендігі жазылған. Алайда өз басымыз Ғани Өмірәлі деген журналисті де, жоғарыда аталған газетті де естімеген екенбіз. Абай аудандық сотының шығарған үкіміне қарағанда, ол таныстарымен бірге қаладағы емханада ілінген тудың жыртылғанын камераға түсіріп, сол үшін полицей шақырып, шара көру жөнінде арыз жазып берген. Осыдан кейін бас медбикемен сөйлесіп, оған:
"Мен мынандаймен сөйлесемін", - деп сұқ саусағын көрсеткен. Медбике оның 1 миллион теңге дәметіп отырған түсінген. Ақыр аяғында 400 мың теңгеге келіскен. Ал бас дәрігер дереу полицияға арызданған. «Редактор» ақшаны алуға келген кезде ұсталған. Ғ.Өмірәлі «қорқытып алу» бабымен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын Жетісай ауданында өздерін блогер, журналист, заңгер ретінде таныстырып, жұртты қорқытып ақша алған төрт азаматқа үкім шығарылған болатын. М.Әшімов, Ө.Жүнісбеков, М.Лесбаев және С.Мырзамұратов өздері құрған «Түркістан 2030» деп аталатын қоғамдық бірлестіктің атын жамылып, «Защита прав потребителей», «Түркістан 2030 по борьбе с коррупцией», «Содействие Департамента по борьбе с коррупцией», «СМИ /средства массовой информаций/», «Закон и правосудие», «Информационно правовой портал», «Проводим политику президента РК» деген қызыл түсті жалған қызметтік куәліктерді және визикаткаларды жасаған. Атынан ат үркетін ұйымдардың куәліктерімен «қаруланған» жігіттер осыдан кейін бопсалау әрекеттерін бастаған. Сот үкімінде олардың «қорқытып алушылық», «алаяқтық» әрекеттеріне қатысты 13 эпизод келтірілген. Топтың басшысы 10, қалған үшеуі 8 жылға бас бостандықтарынан айырылған еді.
Жоғарыдағы сот үкімдері журналистік қызметті, қоғамдық бақылауды бопсалаудың құралына айналдырғандарға сабақ бола қояр ма екен? Әй, қайдам?!