Пармановтың пәрмені. Әкімнің кеңесшісі қоғамдық кеңестің төрағасы бола ма?
Осы наурызда Шымкентте қоғамдық кеңестің үшінші шақырылымының мерзімі аяқталады. Кеңестің жаңа құрамы жасақталып, жұмысын бастауға әні-міне дайын отыр.
Шымкентте бұл жолы қоғамдық кеңеске мүше болуға ниет етіп, өтініш білдіргендердің ұзын саны тоқсанға жуықтаған көрінеді (яғни, бір орынға 3 кандидаттан келеді деген сөз). Солардың ішінен арнайы жұмысшы тобы 29 адамды іріктеп алған. Жұмысшы тобы кандидаттарды қалай іріктеді, ол қаншалықты әділ болды? Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Біздің қозғағалы отырған тақырыбымыз басқа.
Созбақтамай сөздің турасына көшер болсақ, биліктегілер қоғамдық кеңестің осы жолғы шақырылымына жетекшілік ету үшін Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі Бұхарбай Пармановқа бата берген көрінеді. Парманов биыл қазанда зейнет жасына толады. «Пенсионер» болады.
Шымкенттегі қоғамдық кеңестің үшінші шақырылымының республикадағы өзге қоғамдық кеңестерден бір ерекшелігі бар. Ол ерекшелік – кеңес құрамында бірде-бір мемлекеттік қызметкер немесе депутат болған жоқ. Жаңа шақырылымды жасақтауда осы жазылмаған заңдылық бұзылды. Қоғамдық кеңестің мүшелігіне Әбілқасым Досболов, Шалатай Мырзахметов сияқты ақсақалдар ілінбей қалды. Олардың орнын мемлекеттік қызметте жүрген немесе билікте әртүрлі лауазымдарды атқарған бірқатар азаматтар басты. Олардың арасында облыстық басқарма басшысы, Сарыағаш ауданы, Кентау қаласының әкімі болған, қазір Шымкент қалалық ауыл шаруашылық аумақтық инспекциясының басшысы Әбдібақыт Мақұлбаев бар. Бірқатар аудандарды басқарған, облыс әкімінің орынбасары қызметін де атқарған, қазіргі уақытта Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаевтың, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасының басшысы, Отырар, Созақ аудандарының әкімі лауазымдарын атқарған Салыхан Полатовтың, Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі Бұхарбай Пармановтың аты-жөндерін байқадық. Бұл дегеніңіз кеңестің жаңа құрамына төрағалық ететін азаматты осы жаңа мүшелерден іздеу қажеттігін білдіретін сияқты.
Естеріңізде болса, 2022 жылы құрылған үшінші шақырылымға бұрынғы Мәжіліс депутаты Шалатай Мырзахметов төраға болды. Сол кезде төраға әр үш ай сайын ауысып отырады деген мәселе айтылған еді. Бірақ ол бастама іске аспай қалды. Төрағаны әр тоқсан сайын тақияша ауыстыра беру жобасы биліктегілерге онша ұнай қоймаса керек. Себебі қоғамдық кеңеске төраға болатын кандидатураның әкімдіктің әбден сүзгісінен өтетіні айтпаса да түсінікті ғой. Билік бұл жолы төраға болуға кімді ұсынады?
Кеңестің жаңа құрамына төраға болуға Әбдібақыт Мақұлбаев ұсынылса, кеңес мүшелері оның кандидатурасына мақұл деуі мүмкін. Салыхан Полатов да жалпы көпшілікке танымал азамат. Оның да төраға болуын ешкім теріс көрмесе керек. Ал онсыз да бір кеңестің тізгінін ұстап отырған Кенжехан Төлебаевтың кандидатурасы оншалықты қисынға келмейтін сияқты.
Ал Пармановқа келсек... Кезінде Сарыағаш, Төлеби аудандарының әкімі болған Бұхарбай Пармановтың карьерасы 2018 жылдан бастап Ғабидолла Әбдірахымов әкімі болып келген Шымкент қаласында жалғасты. Қала әкімінің орынбасары, Абай ауданының әкімі лауазымдарын атқарды. Алайда былтырдан бастап шенеуніктің қызметте әжептәуір тәжірибесі бар деп жүрген Парманов әкім креслосынан ауып түсті. Содан бері ол қала әкімінің кеңесшісі.
Айта кетері, заң бойынша қоғамдық кеңестің төрағасы мемлекеттік қызметте жұмыс істемейтін белгілі қоғам қайраткерлері арасынан сайлануы тиіс. Ал Бұхарбай Парманов әкім кеңесшісі, яғни, мемлекеттік қызметші болса, төрағалықтың тізгінін қалай ұстайды?
Жалпы алғанда басқа жақты қайдам, әйтеуір, біздің оңтүстік жақта қоғам белсенділері қоғамдық кеңеске мүше болуға құмар. Осы орынға деген қызу бәсекелестік, талас-тартыс әлеуметтік желідегі жазбалардан да байқалып қалады. Мұның сырын немен түсіндіруге болады? Қоғамдық кеңес билікке ықпал етудің немесе өз бизнесін қорғаудың бір құралы ма? Сіз қалай ойлайсыз?
Жалпы алғанда, елімізде қоғамдық кеңестер құру туралы идея 2013 жылы пайда болған екен. Ол алғаш рет тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасында айтылды. 2015 жылдың күзінде «Қоғамдық кеңестер туралы» заң қабылданды. Осы заңға сүйенсек, қоғамдық кеңестер дегеніміз Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар, жергілікті мемлекеттік басқару органдары, квазимемлекеттік сектор субъектілері құратын консультативтік-кеңесші, байқаушы органдар болып есептеледі.
Қаңтар оқиғасынан кейін Президент Тоқаевтың бастамасымен қоғамдық кеңестердің аясын кеңейту мәселесі көтерілді.
Мемлекет басшысы 2022 жылдың наурызында халыққа арнаған Жолдауында «Биыл менің бастамам бойынша қоғамдық кеңестердің құрамы, яғни жұмыс жоспары түбегейлі жаңаратын болады» деген еді. Шымкентте сол қаралы қаңтардан кейін құрылған қоғамдық кеңестің жұмысы Президент айтқан «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстанның» қағидаларына қаншалықты сәйкес келді? Кеңес елдің сенімін қаншалықты ақтады?
Кеңестің жаңа құрамына бұған дейін белсенділігімен танылған біраз азамат енбей қалды. Біз солардың бірі, қоғам белсендісі Жанысбек Өтегенмен хабарласқан едік.
– Заң бойынша қоғамдық кеңестің мүшелігіне бір адам екі реттен артық ене алмайды. Менің жаңа құрамға енбей қалуым осымен байланысты. Жалпы үшінші шақырылымдағы қоғамдық кеңес белсенді жұмыс істеді деп айтуға болады. Өмір Шыныбекұлы, Исмайылбек Шалабаев, Нұргүл Қобыланова сияқты мүшелер қоғамдағы өте өзекті мәселелерді көтерді, солардың оңды шешілуіне ықпал етті. Кеңеске мүше болған әр адамның өзіндік пікірі, ұстанымы болуы тиіс. Кеңес құрамында бірнеше комисся бар. Сол комиссияда тиянақты жұмыс істеу керек. Мен өзім сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияға төрағалық еттім. Әр басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, тиісті ұсыныстарды бердік.
– Кеңестің жаңа құрамына қаншалықты көңіліңіз толады? Саяси партия өкілдері қаншалықты қамтылды?
– Бірқатар партия өкілдері енген. Бірақ бәрі емес. «Ауыл» партиясынан бірнеше кандидат болып еді. Ешқайсысы өтпепті. Қайнарбұлақта Ақмарал деген азаматша бар. Сол ауылдың мәселесін көп көтерді. Оны қаланың әкімі де жақсы таниды. Жаңа құрамға елдің қамын күйттеп жүрген осындай қоғам белсенділерін енгізу керек еді.
– Шымкентте өзге өңірлермен салыстырғанда қоғамдық кеңестің абырой-беделге ие болуын немен байланыстырасыз?
– Бәрі де халықтың сеніміне байланысты ғой. Атқарған жұмысынан бір нәтиже шығып жатқан соң халық сенетін шығар, – деді Ж.Өтеген.
Кеңестің ескі құрамына да, жаңа құрамына да іліккен ұстаз, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлымен де байланыстық. Ол ескі құрам наурыздың соңына дейін жұмыс істей беретінін, жаңа шақырылымның әлі іске кіріспегенін мәлім етті.
Сонда әлі іске кіріспеген жаңа құрамға кімнің төраға болатыны алдын ала шешіліп қойылған болып тұр ғой. Қоғамдық кеңестің сценарийін сызып жүрген жоғарыдағылар әрі мемлекеттік қызметші, «пенсионер» жасындағы Пармановты төрағаның креслосына отырғызу үшін қандай амал-әдіске барар екен? Не де болса, әліптің артын бағып көрейік.
P.S. Ал Түркістан облысында қоғамдық кеңестің төртінші шақырылымы жасақталып, жұмысына қызу кірісіп кетті. Әлеуметтік желіде кешегі күні жаңа шақырылымға төрағаның сайланғаны туралы ақпараттар жарияланды. Ал төртінші шақырылымның мүшелігіне кімдердің өткені туралы ақпаратты шарқ ұрып іздеп, кеше түс қайта әзер дегенде «Оңтүстік Қазақстан» газетінен таптық.
Тізімге қарап отырып, Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің төртінші шақырылымы анау айтқандай жаңармағанын байқадық. Тізімнің бас жағында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев тұр. Бұлардан бөлек бірнеше басқарманың басшылары, атап айтқанда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиев, облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қайрат Елібаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзенбаев енген. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Аңсар Өсербаев та бар.
Жаңа шақырылымның алғашқы отырысында кеңестің төрағалығына Бәйділдә Жылқышиев қайта сайланды. Дәлірегі Бәйділдә Жылқышыұлы Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің үшінші шақырылымына да жетекшілік еткен еді. Бәйділдә Жылқышиев уақтысында аудандарды басқарған, облыс әкімі аппаратының басшысы, одан кейін Мәжіліс депутаты болған. Қазіргі уақытта Ұлттық құрылтайдың мүшесі.
«Рейтинг» газеті, 19 нарыз 2025 жыл.