Ғани Бейсембаевтың отставкасы қаншалықты рас әңгіме?
Соңғы кездері әлеуметтік желілерде «Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қызметінен кетеді екен» деген әңгіме желдей есіп тұр. Рас болса, министрдің орнына Олжас Құсбеков немесе Жұлдыз Сүлейменова екеуінің бірі келеді-міс деп жорамал жасайды білгіштер.
Бүгінде елімізде 500 мыңға жуық мұғалім бар. Және Қазақстандағы 7,9 мың білім беру ұйымында 4 млн-ға жуық бала білім алуда. Міне, осындай үлкен армиясы бар салаға жетекшілік жасап отырған министр үнемі айтыс-тартыстың, даудың ортасында жүретіні жасырын емес. Бұл дау, айқай-шу тек Бейсенбаевтың кезінде ғана боп жатқан жоқ. Дәл осындай айтыс-тартыс осы саланың министрі болған Көшербаев, Беркімбаева, берідегі Сәрінжіпов, Сағадиев, тіпті педагогтардың статусын көтеріп, мұғалімдердің мерейін асқақтатып, ұстаздардың сүйіктісіне айналған Аймағамбетовтің кезінде де еш толастаған жоқ.
Жалпы алғанда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қызметінен кетеді екен деген әңгіменің шыққаны бір бұл ғана емес. Бейсембаев осы қызметіне тағайындалғаннан кейін-ақ көп ұзамай оның отставкасы туралы кәдімгідей сап-салмақты әңгімелер қозғала бастаған. Нақтырақ айтсақ, ол Оқу-ағарту министрі болып 2023 жылдың қаңтар айында тағайындалса, сол жылдың қараша айында бір топ қазақстандық мұғалімдер оның орнынан кетуін талап етіп, Президенттің атына ашық хат жолдады.
136 педагог қол қойған хаттағы «Елімізде «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданған соң ұстаздық жолды таңдайтын дарынды жастар да көбейді. Бірақ Ғани Бейсембаев бұл өзгерістерге саботаж жасауда. Жүрген жерінде көпірме сөз бен өтіріктен аспайтын министр деңгейінің шағын мектепті басқаруға да жетпейтінін көрсетуде. Бұлай жалғаса берсе, соңғы жылдарда жасалған оң өзгерістер құрдымға кетеді» деген жолдарды министр жүрегіне ауыр қабылдағаны анық. Білім саласында біткен іс, нақты нәтиже жоқ. Педагогтар Бейсембаев келгелі құр ұран, бос сөздерге тойдық, шикі құжаттардан көз ашпай келеміз деп шырылдайды. Әсіресе аттестация, білім мазмұны, білім бағдарламасы, ең қарапайым оқу жоспарына дейінгі құжаттар әртүрлі өзгеріске ұшырап, талаптар түрленгендіктен педагогтар әуре-сарсаңға түскен. Міне, осылай деп ашынған ұстаздар ашық хаттың соңында «27-ақ айда министр дәрежесіне қоғамға белгісіз жолмен жете салған Ғани Бейсембаевты отставкаға жіберіп, аластауды талап етеміз. Оқу-ағарту министрлігінің тізгінін осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мықты маманға, басшылық қызметте жеткілікті тәжірибесі бар білікті менеджерге беруіңізді сұраймыз» деп, нақты ұсыныстар айтқан болатын.
Бірақ, ұстаздардың талабы орындалмады. Бейсембаев бұл сынақтан әупіріммен аман қалды. Шамасы министр болғанына әлі бір жыл да уақыт өтпегені оның креслосын сақтап қалып, Президент әлі де оны сынап көрейін деген оймен тағы бір мүмкіндік берген сияқты.
Әрине, министрдің өзіне бұл туралы тікелей сұрақтар қойылды.
– Елімізде 500 мың педагог бар. Егер бәрімен кездесуді министр өзіне мақсат етіп алса, ары қарай жұмысты кім істейді? Сондықтан кез келген ұстаз ұсынысы болса жазады, мен олардың бәрін қабылдап аламын. Мына хатты жазып отырған мұғалімдер де бұған дейін ұсынысын айтып жүргендер. Енді өздерінің ар-ұяттары білсін. Орынды сын, нақты ұсыныстар көріп отырған жоқпын... Жалпы кез келген министрді тағайындауды немесе отставкаға жіберу Мемлекет басшысының қолында. Сондықтан бұл мәселе менің құзыретіме кірмейді, – деп жауап қатты министр.
Оқу-ағарту министрінің отставкаға кету мәселесі мұнымен ғана біткен жоқ. Өйткені 2024 жылы еліміздің білім саласында мәселелер, оқыс оқиғалар көбейіп кетті. Қызылордада оқушы қызды сексуалды құлдыққа салса, Ақтөбе облысында оқушы қатарластарының қолынан өлді. Ал, Маңғыстау облысында жүздеген адам астан уланды.
Осыдан кейін журналистер «Осындай көп жайттардан кейін сіз министр ретінде отставка кетесіз бе? Бұл жөнінде осы мәселелерді бақылайтын Тамара Дүйсенова не ойлайды?» деп, Үкімет отырысында министр мен вице-премьердің өздеріне тіке сұрақ қойды.
Әрине, Бейсенбаев әдеттегідей сұраққа жауап беруден қашпады. Бірақ, сұраққа нақты жауап бермей, тек орағытып өтті. Министр бүкіл мектептерде бұрын жаңа академиялық білімге назар аударылса, соңғы кездері орын алған оқиғаларға байланысты тәрбиеге маңыз беріле бастағанын айта келіп, «Әр өңірдің бағдарламалары бар. Жұмыстар нақты жүргізіліп жатыр» деп, мәселені жуып-шайып өте салды.
Осыдан кейін көп ұзамай вице-премьер Тамара Дүйсенова жұмысынан босап, Президенттің көмекшісі қызметіне ауысса, Ғани Бейсембаев әл-әзірге сол қызметін жалғастырып жатыр.
Әңгімеміздің басында білім саласы проблемадан көз ашпай келе жатқанын айттық қой. Шынында оқушылар арасындағы буллинг, мектептердегі әжетхана мәселесі, жаңа оқу жылының ұзартылуы, Қазақстан мектептерінде оқушы қыздардың хиджаб киюі, балалардың намаз оқуы, оқушыларды тасымалдау мәселесі, апаттық және үш ауысымда мектептер мәселесі, балабақша жағдайы, ұстаздардың мәртебесі мен жалақысын өсіру, аттестация тапсырудың қиындығы, жасөспірімдердің жантүршігерлік қылығы мен бір-біріне қатыгездік танытуы, міне, осының бәрі бұл саланың дау-дамайын тіптен қоюлатып, Бейсембаевтың үнемі журналистер алдында түсінік беріп жатуына ұласты.
Айтпақшы, білім саласының «жарасын» жақсы білетін Бейсембаев ұрандатып сөйлеп, мәселені ашық әрі батыл айту жағынан да құр алақан емес: «Ата-ана мақтану үшін, «Алтын белгіні» баласы алу үшін барлық жайтқа барады. Егер жемқорлық фактілері осы атақты алу үшін жиі тіркелетін болса, онда бұл белгіні беру қаншалықты қажет деген сұрақ түрінде жұмыс істейтін боламыз. Себебі білім сатылмау керек, сапа болуы керек». «Мұғалімдерді аттестациядан өткізу де сыбайлас жемқорлықтың ұясына айналып барады. Мұғалімдердің өздері де бұл мәселені ақшамен шешуді ойлайтын болған. Ондай ұстаздар мектепте жұмыс істемеуі керек». «Жалған диплом жасатқандар, жемқорлыққа жол бергендер білім саласынан аластатылуы тиіс».
Бейсембаев бір әңгімесінде «Бала күнімнен ұстаз болуды армандадым” деп ағынан жарылғаны бар. Философия және психология ғылымдарының докторы Ғани Бектайұлы еңбек жолын Алматыдағы бір мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. Одан кейін мектеп директоры, білім беру орталықтарының басшысы, вице-министр қызметтерін атқарып, былайша айтқан осы саланың барлық баспалдағынан өткен. Алайда білім саласында еңбек ету өмірлік ұстанымым болды деп өзінің осы жетістігін әрқашан оқуға құштар болғанымен байланыстыратын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы мақсатта шынында аянбай еңбек етіп жүр ме?
«Дәл қазір Оқу-ағарту министрлігіне популярлы емес, шешімдер қабылдауға ерік-жігері жете алатын адам керек» дейді енді бір сарапшылар.
Қалай ойлайсыз, Ғани Бейсембаевтың отставкасы қаншалықты рас әңгіме? Екі жылдан енді ғана асқан Оқу-ағарту министрінің креслосына шынында қауіп төніп тұр ма? Әлде әдеттегідей біреудің аузымен айтыла салған жәй әңгіме ме?