Көксарай жартылай ғана пайдаланылады. Неге?
Көксарай су қоймасының салынғанына биыл 15 жыл толды. Әдетте мұндай нысандар 25 жылға дейін еш жөндеусіз пайдаланылады. Алайда Көксарай контрреттегішіне биыл күрделі реконструкция жасалмақ. Сонау 60-жылдары салынған су қоймаларының өзі сыр бермей тұрғанда, күні кеше бой көтерген нысанға неге күрделі жөндеу жүргізіледі? Әлде оны салу кезінде олқылыққа жол берілді ме? Қаржы қайдан алынады? Kazinform агенттігі Су ресурстары және ирригация министрлігіне сауал жолдап, осы сұрақтарға жауап алыпты.
Сырдарияның басы гидроэнергетика өндірісіне қолайлы. Сырдың бір сағасы — Қырғызстан территориясынан келетін Нарын өзенінің басында «Тоқтағұл» су электрстансасы бар. Әдетте, электр энергиясына сұраныс қысқы уақытта артады да, Қырғызстан тарапы осы кезде Нарынның суын көптеп жіберуге мүдделі болады. Мол су Сырға құйып, қыс ортасында Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі елдімекендерді қызылсу басу қаупі артады. Қайбір жылдары бірнеше елді мекенді су басып қалғаны да есімізде. Бұл жағдай Қазақстан тарапына Шардараға сыймай қалған суды жинап алып, оны суару маусымында жіберіп отыратын қосымша су қоймасын салуға мәжбүрледі. Сөйтіп, 2010 жылы Көксарай су қоймасы ашылып, 2011 жылы ресми түрде пайдалауға берілді.
Сырдың басында ағыс қатты болғандықтан су электрстансасын салуға қолайлы екенін айттық. Мамандар ортаңғы ағысы суармалы егін шаруашылығына, төменгі ағысы балық шаруашылығы мен мал маруашылығына қолайлы екенін айтады.
Көксарай реттегішіне су қаңтар айынан бастап тасқын маусымы аяқталғанға дейін жинақталады. Кейін сәуір-мамыр айларында суару маусымы басталғанда біртіндеп жіберіледі. Оның жобалық сыйымдылығы 3 млрд текше метр болғанымен, қазіргі таңда бөгеттің техникалық жағдайының төмендеуіне байланысты 1,5 млрд текше метрден артық су жинауға мүмкіндік жоқ.
2012, 2013 және 2015 жылдары су реттегішіне жобалық көлемдегі мөлшерде – 3 млрд текше метр су жиналған. Алайда 2014 жылы су қоймасына 2,1 млрд текше метр су жиналғанда, бөгетте жарықтар пайда болған. Қазіргі таңда кешен бөгетінің техникалық жай-күйі бастапқы жобалық көрсеткіштерден айтарлықтай төмендеген. Осыған байланысты 100% су жинауға болмайды.
Ведомство мәліметінше, Көксарай су реттегішіне жинақталған су көлемі соңғы 5 жылда 65-70 пайыздан аспаған:
2025 жылғы 11 наурыздағы жағдай бойынша Көксарайда 1,189 млрд м3. су бар.
Салынғанына 15 жыл енді толған су қоймасын жөндегелі жатыр дегенді естігенде «Бөгеттің мұнша тез тозуына не себеп болды? Оны салу кезінде құрылыс технологиясы бұзылған ба?» деген сауал бірінші ойға оралды. Сондықтан жауапты ведомстводан бұл жайлы сұрап білдік.
— 2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті арнайы тексеріс жұмыстарын жүргізді. «Сот-құрылыс экономикалық және сот-құрылыс техникалық сараптамасының қорытындысы» негізінде жоба мен құрылыс жұмыстарының талаптарға сай орындалғаны анықталды, - делінген ресми жауапта.
Министрлік нысанды пайдалану кезінде тиісті бақылаулар мен зерттеулер жүргізіліп, оның қауіпсіздігі қадағаланып отырғанын да мәлімдеді.
— Алдымен су реттегіш «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі теңгерімінде болды, 2018 жылдан бастап «Қазсушар» РМК меншігіне берілген. Қабылданған жылдан бастап «Көксарай» су реттегішінің техникалық жай-күйін анықтау мақсатында «Қазсушар» РМК бірқатар зерделеу жұмыстарын жүргізілді. Атап айтқанда, 2018 жылы Қазақстан қолданбалы экология агенттігі электротомография, сейсмикалық барлау және жерасты георадиолокациялық зондтау әдістерін қолданды, 2019 жылы «Қазгипроводхоз институты» өндірістік кооперативі инженерлік-геодезиялық ізденістер жүргізді, 2024 жылы «УЛМАД» ЖШС көпфакторлы зерделеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеулер нәтижесінде КСР кешеніне қарасты су нысандарының техникалық жай-күйінде оны пайдалану ережелерінде қарастырылған көрсеткіштерден ауытқулар анықталды. Қазіргі уақытта қауіпті су сүзілісінің пайда болуына негізгі себеп ретінде – бөгет қабырғасының «жергілікті жер қыртысының тектоникалық өзгерістеріне табиғи және антропогендік әсері» екендігі туралы қорытынды жасалды, - делінген мәліметте.