«Айта, айта мақтаны» - Шаруалардың мұң-мұқтажын бұл жолы сенаторлар көтерді
Елімізде мақта өсірумен айналысатын жалғыз өңір—Түркістан облысы. Одақ кезінде дүркіреген мақта шаруашылығы кейінгі жылдары тиімсіз кәсіпке айналғаны жасырын емес.
- Бұл бағытта 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жыл сайын 120 мың га жуық мақта егіліп, 300 мың тоннадан астам шитті-мақта жиналады. Алайда, соңғы жылдары мақта егілетін алқаптар көлемі едәуір қысқарып, былтырғы жылы 106,4 мың гектарға егіліп, 300 мың тонна өнім алынса, 2023 жылы жиналған өнім 30 мың тоннаға жуық азайған. (Бұл 10 мың га кему есебінен жиналған өнім.) Ал, биылғы жылға тағы 20 мыңға қысқарып отыр, ол жиналатын өнім тағы төмендейді деген сөз,- делінген бір топ сенаторлардың Үкімет жетекшісі Олжас Бектеновке жолдаған хатында.
Мақта өндірісінің тұрақты дамуы үшін сапалы тұқыммен қамтамасыз ету маңызды мәселе. Кезінде, мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеген, алайда 2008 жылы бұл мекеме тәжірибелік станцияға айналып, жаңа Отандық сорттарды әзірлеу іс жүзінде тоқтап қалды деуге болады. 2022 жылы мақта бағасы тоннасына 370 мың теңге болды. Бұл – түріктің элиталық сұрпының құны. Жергілікті тұқымнан шыққан мақта 230 - 250 мың теңгені құраса, өткен жылы орта есеппен 200 мың теңгеге тағы төмендеген. Оның бірден бір себебі: Шаруаларға бөлінетін субсидиялар олардың нақты қажеттіліктеріне сай емес немесе қолжетімді болу тетіктері әлсіз.
Елімізде мақта талшығын терең өңдейтін тек 3 кәсіпорын бар, олардың үлесі 15% - дан аспай отыр. Ал, жиналған мақтаның 85%-ы шикізат күйінде экспортталады. Жергілікті деңгейде өңдеу өндірісінің әлсіз болуы мақта өсірушілер үшін үлкен шығын әкелуде, өйткені олар шикізатты төмен бағамен экспорттауға мәжбүр. Сондықтан, Үкімет тарапынан мақта-тоқыма кластерін құру мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдау қажет деп есептейміз. Тағы бір айта кететін мәселе, облыста негізінен мақта егілетін болған соң судың да мөлшері көп болып шығады. Егер нақты гектарға шақсақ мақтаның шын мәнінде суды аз тұтынатынын көруге болады. Мақтаға жаз бойы екі, кейде бір-ақ мәрте су беріледі. Ал, жүгері алқабын 3-4 рет суармаса өнім бермейді. Жоңышқа да мақтадан екі есе артық су ішеді. Мақта шөлде өсетін дақыл түріне кіреді. Одан басқа өсімдіктер екі есе суды көп қажет етеді. Судың бәрі мақтаға кетіп жатыр деген түсініктен біз арылуымыз қажет. Мақта – стратегиялық өнім.
Сенаторлар осыған байланысты Үкімет тарапынан мақта өнеркәсібін және оны өңдеуді дамытуды қайта жаңғырту бағытында кешенді реформалар жасап, нақты шаралар қабылдауды сұранып отыр.
Мақтаға қатысты мәселе бұған дейін де талай көтерілген. Алайда одан өзгеріп жатқан ештеңе жоқ. Бұл жолғы хатқан үкімет не жауап қатар екен?