Жұмашевтың ісі жұмбаққа айналды

Oinet.kz 23-10-2024 343

Screenshot_1.png

Түркістан облысында аудандық білім бөлімдерінен ірі көлемде қаржы жымқырды деп айыпталған қызметкерлердің саны жүзден асады және оларға қатысты тергеу амалдары аяқталды.  Ақпарат құралдарында «бухгалтерлер ісі» деген айдар тағылған қылмыстық істердің алды сотқа жолдануда.

Айыпталушылардың арасында аудандық білім бөлімі басшыларының да бары бұған дейін айтылған болатын. Ал облыстық білім басқармасының басшысы  Ғалымжан Жұмашевтың ісі жұмбаққа айналды. Облыстың бас мұғаліміне қатысты құзырлы органдар осы уақытқа дейін ешқандай мәлімет таратпай отыр. Іс сотқа да өткен жоқ. Сегіз ай бойы сергелдеңге түсіп, сағызша созылатындай бұл істің арғы жағында қандай құпия бар?

«Бүгінгі күні Түркістан облысында білім саласының 123 қызметкеріне қатысты 7 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Оның ішінде 5 іспен процеске қатысушы тұлғалар танысуда, ал Сауран және Созақ ауданы білім бөлімдерінің қызметкерлеріне қатысты 2 іс облыс прокуратурасымен сотқа жіберілді»,– деген мәлімет таратты өткен аптада Түркістан облыстық прокуратурасы. Тергеу барысында күдіктілерден мемлекетке 1,5 миллиард теңге залал өндірілген. Қылмыстық жолмен табылған 2,9 миллиард теңге мүлікке тыйым салынған.

Тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Шардара ауданы білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеп-тексеру аяқталғанын хабарлаған болатын. Антикордың таратқан мәліметіне қарағанда, ұйымдасқан қылмыстық топ 12 қызметкерден тұрған. Олар 2020-2023 жылдар аралығында Шардара аудандық білім бөлімінен қаржы жымқырумен айналысқан. Сол  баяғы әдіс-тәсіл. Есепшілер білім мекемелерінде  жұмыс істемейтін «қызметкерлерге» жалақы аударып, түскен ақшаны өзара бөліске салған.

Бір ғана Шардара аудандық білім бөлімінің қызметкерлері осындай жолмен бюджеттің 3,1 миллиард теңгесін жоқ қылды дегенге сенуге бола ма? Жымқырылған миллиардтарға  айналдырған 12 адамның ғана қатысы бар ма? Ең қызығы, жыл сайынғы бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру кезінде жымқырылатын қаражаттар алдын ала жоспарланған. Яғни, жемқорлар өздерінің жейтін ақшаларын жыл басында бюджетке енгізіп отырған деген сөз.  Сонда  қаржыға жауапты облыстық білім басқармасындағы мамандар  бюджеттік ұсынымдардың қисынға келмейтінін, миллиардтаған қаражаттардың ауада қалқып тұрғанын білмеген бе?

Соңғы жылдары аудандық білім бөлімдері аудандық әкімдіктердің иелігінен алынып,  тікелей облыстық білім басқармаларына бағынғаны белгілі. Қаржы жымқырулардың бір ұшы осы реформамен де байланысты сияқты.  Білім басқармалары бүкіл облыстағы білім ұяларын бақылауға қауқарсыздық танытты десек, қателеспейміз.

Айта кетері, білім саласындағы қаражаттардың ұрлануы бұған дейін Жетісу облысында анықталған болатын. Биыл осы іс бойынша Талдықорған қаласы білім бөлімінің және мектептерінің 21 бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Олар да жоғарыдағыдай сценарий бойынша  үш жыл бойы қазынаның 4,5 миллиард теңгеден астам ақшасын жеп қойған. Сот үкімімен қылмыстық істің басты фигуранттары  12 жылдан 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Олардан  3 миллиард теңгеден астам ақшалай қаражат, зергерлік бұйымдар, жылжымайтын және жылжымалы мүліктер тәркіленді. Түркістандағы «бухгалтерлер ісінің» немен аяқталатынын алдын ала айту қиын.

Айтпақшы,  Түркістан облысында білім саласынан жымқырылған қаражаттардың жалпы көлемі қанша? Бұған дейін құзырлы органдар Келес ауданының білім бөлімінен – 400 миллион, Мақтаарал аудандық білім бөлімінен – 1,2 миллиард теңге, Бәйдібек аудандық білім бөлімінен – 600 млн теңге, Жетісайдан – 530 миллион теңгенің талан-таражға түскенін жария еткен еді. Тергеу барысында қазынаға келтірілген шығынның көлемі әлденеше есеге өскен болуы да мүмкін. 

Ғалымжан Жұмашевтың ісіне қайта оралсақ. Ол дау-дамаймен, сотталудан, жемқорлықпен аты шығып жүрген Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы лауазымына   осыдан бір жыл бұрын – былтыр қазанда тағайындалды.  Бұған дейін ол Білім және ғылым министрлігінде басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары болған. 2016 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарған. Түркістанға келгенге дейін Президент Әкімшілігі Іс басқармасында жұмыс істеген.  Қызметіне тағайындау барысында оған облыс басшылығы тарапынан Мемлекет басшысының білім сапасын көтеру жөніндегі тапсырмаларын орындау, өңірдегі білім саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді шешу жүктелді. Осы өзекті мәселенің қатарында білім саласындағы қаражаттардың талан-таражға түсуіне тосқауыл қою да болғанға ұқсайды. Білім басқармасының басшысы лауазымына мамандығы бойынша мұғалім емес, заңгердің тағайындалуы тегін болмаса керек.   Алайда биыл ақпанда күтпеген жағдай болды.  Жұмашевты Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің ұстағаны, оның үстінен «лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бабы» бойынша қылмыстық іс қозғалғаны, пәтерінде, қызметтік бөлмесінде тінту жүргізілгені алғашқыда әлеуметтік желі арқылы таратылды. Бұл іске Жұмашевпен бірге Астанадан еріп келген көмекшісі мен хатшысының да қатысы бар екені жазылды. Осы кездері Түркістан облыстық әкімдігі: 

«Түркістан облысы білім беру басқармасының басшысы туралы тарап жатқан ақпаратқа қатысты құзырлы органдар тарапынан ресми мәліметтің берілгенін күтуге шақырамыз. Бұл жағдайдың Түркістан облысы білім беру басқармасы басшысының өңірде атқарып келген қазіргі қызметіне қатысы жоқ»,– деген ақпарат таратты.

Алайда   осы уақытқа дейін Жұмашевқа нақты қандай айыптардың тағылғаны туралы ресми мәлімет жоқ. Әлеуметтік желілердегі мәліметтерге қарағанда, қылмыстық іс Жұмашевтың Білім және ғылым министрлігінде жұмыс істеп жүрген кезіндегі тірліктерімен байланысты көрінеді. Бұл іске шымкенттік бір кәсіпкердің, оның иелігіндегі жекеменшік мектептегі тексерулермен байланысты дейді кейбір дереккөздері. Бірақ содан бергі аралықтағы сегіз айда Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының креслосы әлі бос тұр. Бұл орынға неге жаңа басшы тағайындалмайды? Соңғы кездері Түркістан облысының білім басқармасының басшылығына кадрларды сырттан алып келудің әдетке айналғаны рас. Бірақ сол кадрлар артылған таудай үміт-сенімді қаншалықты ақтады?

Не де болса әліптің артын бағып көрейік.


«Рейтинг» газеті, 23 қазан 2024 жыл.


Түркістан: "Бухгалтерлер ісі" бойынша 123 қызметкер айыпталуда
Сатыбалды мен Сыздықбеков орденмен марапатталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу