Мырзахметовтың істегенін істеме...

Oinet.kz 10-08-2019 1278

Screenshot_12.jpg

Оңтүстік Қазақстан облыстық құрылыс басқармасын уақтысында кім басқармады дейсіз? Оңтүстіктің бас құрылысшысы болу механиктің де, инженердің де, кеденшінің пешенесіне бұйырды. Егер жаңылыспасақ, құрылысшы мамандығы бар, осы салада тәжірибесі жеткілікті соңғы басшы Альмира Орманшина болуы керек. Өкінішке қарай, ол пара алды деген күдікпен сотталып кетті. Одан кейінгі механик Тұманбек Әлиев бұл саланы шырқ үйіріп кете алмады. Одан кейін кеденші Еркебұлан Дауылбаев та сыннан көз ашқан жоқ. Солардың ізін басып басқарманың басшылығына келген инженер-механик Күмісбек Орашев Мырзахметов кеткен соң жылы орнын босатып ешкімге керегі жоқ адамдай тым-тырс кеткен еді. Қателескен екенбіз. Орашев қазір тергеушілерге өте қажет болып тұр.  

Жалпы Орашев бизнесте де, мемлекеттік қызметте де жолы болған адам. Сайрам аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарды. Күмісбек Орашевты керемет карьера жасайды деп бастапқыда ешкім ойламаған шығар, сірә. 2013 жылдың жазында ол атқарушы билікте бір күн де жұмыс істемегеніне қарамастан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Облыстың сол кездегі әкімі Асқар Мырзахметов өте батыл қимылдады. Себебі басқарманың  басшысы Әбілсейіт Рабаев қазынаның қаржысын талан-таражға салды деген күдікпен қамауда отырған болатын. Мырзахметов бұған соттың қандай төрелік айтатынын  күтпестен, К.Орашевты басқарманың басшысы етіп тағайындады. Бірақ абақтыда бір жыл отырған Рабаевты сот ақтап шығарды. Ол ұзамай қызметіне қайта келді. Күмісбек Орашевқа орынбасардың креслосына сырғудан басқа амал қалмады. 

2014 жылы Үкіметтегі құрылымдық өзгерістерден кейін Мырзахметов бастап, оның  орынбасарлары мен мәслихаттағы депутаттар жаппай  қоштап, басқармаларды біріктіру науқаны жүргізілді.  Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасымен біріктірілді. Сол кезде қос басқарманы біріктірудің қисынсыз екендігін алға тартып, мұндай шешім соттан ақталып келген бастықтан құтылу үшін жасалды дегендердің де болғаны рас. Күмісбек Орашов біріккен басқармада орынбасар қызметін атқарып, ұзамай өсіп кетті. 

Асқар Мырзахметов 2015 жылдың басында Күмісбек Орашевты құрылыс басқармасының басшысы етіп тағайындаған кезде көпшіліктің таңдайын тағы бір тақылдатқаны анық шығар. К.Орашев құрылыс саласына тәжірибесі де, дипломы да сәйкес келмейтін басшылардың үшінші буыны болатын. Бір жылдың ішінде оның нендей тірліктерді тындырғаны  белгісіз. Әйтеуір, Атамқұлов келген соң ол жылы орнынан жылыстап кеткен еді... Міне, жуырда Күмісбек Орашевқа қатысты жайсыздау ақпарат тарады.

Ақпаратты таратқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі. Мәліметке қарағанда Шымкент қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Еркін Бұхарбаевқа және «Строй сервис 7» компаниясының жетекшісі мен басқа да тұлғаларға қатысты тергеу амалдарын жүріп жатыр. Олар 2013 жылы Бадам өзенін көріктендіруге бөлінген 170 миллион теңгені талан-таражға салды деген күдік бар. Талан-таражға түскен бюджет қаржысы жалған кәсіпорындарға аударылып, артынша қайта айналып келіп сыбайластардың қалтасына түсіп отырғанға ұқсайды. 

-Қазір осы дерекке байланысты Шымкент қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Е.Бұхарбаев сот санкциясымен қамауға алынды. «Строй сервис 7» ЖШС-інің басшысы К.Орашев пен У.Шымыров және техникалық қадағалаушы С.Смаханова мойындау жауаптарын беріп, келтірілген шығынның орнын жабу шараларын жүргізіп жатыр. Қазірге дейін келтірілген шығынның 50 миллион теңгесін қайтарып берді. Осыған байланысты олардың бас шарасы ретінде кепіл таңдап алынды, -дейді ұлттық бюроның баспасөз баянында. 

Құрылыс жұмыстарымен айналысып келген «Строй сервис 7» серіктестігі Күмісбек Орашевқа тиесілі. Ол басқармадағы басшылық қызметке дейін осы компанияның директоры қызметін атқарған. 

Бадам өзенінің жағалауын абаттандыру 2013 жылы Асқар Мырзахметовтың бастамасымен жүргізілген. Бөлінген қаржының 1,8 миллиард теңгеге жуық екендігі сол кезде ақпарат құралдары арқылы айтылған. Міне, енді қараңыз, дәл сол 2013 жылы кездейсоқ кадр К.Орашев облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың өкімімен құрылысқа қатысты миллиардттаған теңгенің тендерлерін өткізіп жатқан жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып тағайындалады. Сол 2013 жылы Бұхарбаев кім, Орашев кім еді? Бірі әкімдіктегі бөлім басшысы, бірі облыстық басқарманың басшысы. Қайсысының құрығы ұзын, құзыры күшті екені айтпаса да түсінікті.  Апыр-ай,ә  Мырзахметов К.Орашевты көпке  ұзатпай тағы да сол миллиард теңгелердің тендерін ойнатып жатқан құрылыс басқармасының басшысы етіп тағайындады-ау. Не үшін? Мырзахметовтың осы әрекетінде нендей мүдде болғанын кім білсін?!  Белгілісі сол Орашов басқарма басшысы болған тұста оның ықпалындағы «Строй сервис 7» компаниясы Бадам өзенін көріктендіруге бюджеттен  бөлінген 2 миллиард теңгеден басқа да мемлекеттің көл-көсір қаражатын тендерлерде ұтып алғанын бүгінде «Отырар» телеарнасы бастаған ақпарат құралдары жарыса айтып жатыр. 

Бүгінде   асығы алшысынан түсіп, вице-премьер лаузымына көтеріліп кеткен А. Мырзахметовті осы үшін шақырып алып, жауап алуға дәл қазір кімнің дәті бара қояр дейсің? Тек әйтеуір, Мырзахметовтың кадр саясатында жіберген қателіктерін облыстың қазіргі әкімі Бейбіт Атамқұлов қайталамаса екен дейміз. 

Мырзахметовтың істегенін істеме дегеннен басқа не айтасың, мұндайда?

Ғалымжан Елшібай,

Оңтүстік Қазақстан облысы

2016 ж

Түркияда төңкеріс, Францияда террор, Арменияда...
Нұрсерік Шәріповті жек көретін адамдар бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу