Нұрсерік Шәріповті жек көретін адамдар бар
Оңтүстік Қазақстан облысында пара алып ұсталып, сотты болған жемқорларға салынған айыппұл алты айда 121 миллион 455 мың теңгені құрапты. Оның 92 миллион 245 мыңы өндірілген. 29 миллионнан астамын өндіру уақыттың еншісінде қалып отыр.
– Мұның барлығы мемлекеттік бюджетке түседі. Қылмыс істедің бе, 60-70 еселенген айыппұл санкциясы енгізіледі. Төледің – бостандықтасың. Төлемесең бас бостандығыңнан айырыласың. Облыста жазаның бұл түрінің орындалуы өте жоғары, – дейді таяуда Аймақтық коммуникациялар орталығында брифинг берген Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов.
Алты айда атқарылған істердің қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының соттары елімізде 7 орынға тұрақтапты. Бұған дейін екі жыл қатарынан үшінші орыннан көрінген екен. Нұрсерік Шәріпов мұның себебін соттар рейтингісінің бағалау тәсілдері өзгергенімен түсіндіреді.
«Біз Президентке емес, халыққа ант етеміз». Брифингте Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов осылай деп ой қозғады. Ал Қазақстан Респубикасы Конституциясының 82-бабының 2-тармағында жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен судьяларын Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесі бойынша Республика Президентінің қызметке тағайындайтыны тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Ата Заң өзін тағайындайтын Президентке ант беруді міндеттемесе де Нұрсерік Кәрімұлының бұлайша батыл сөйлеуі нені білдіреді? Қажет десеңіз, Жоғарғы Соттың төрағасы мен судьялары да Президенттің ұсынуымен сайланады. Яғни, бұлай деп Жоғарғы Соттың төрағасы Қайрат Мәми де айта алмаса керек. Елбасы тапсырмасын орындау туралы алты айлық есебінің қортытындысын баяндай отырып бұлай деуіне не себеп? Қалай десек те Шәріповтің бұл батыл пікірі шындығында да бағалауға тұрарлық қадам. Өйткені елдің мүддесін Елбасыдан да жоғары қойып сөйлеу оңай деймісіз. Алайда сын сағатта оның пікірі бос сөз болып қала ма, әлде...деген әңгіменің арғы жағын жорамалдап алуды көзі қарақты, санасы ояу оқырманның өзіне қалдырдық.
– Соттың шешімі, үкімі, кесімі болғаннан кейін міндетті түрде бір тарап разы, екінші тарап наразы болады. Заңдылық пен әділдік деген екі ұғым бар. Конституция мен қолданыстардағы заңдарға сәйкес соттың шығарған шешімдері заңды болу керек. Егер де біз заңдылықты басты принцип ретінде ұстайтын болсақ, кейбір кезде әділдік нормалары да бұзылып қалуы мүмкін. Әділдік пен заңдылық бірдей болуы мүмкін емес. Мың жерден әділетсіз жағдай деп қарасақ та заң оған мүмкіндік бермейді, кейбір кезде. «Мына шешімдерің әділетсіз ғой» дегендерге біз «заңды» деп айтамыз, заң талабы осындай, – деді төраға.
Соттардың заңға сүйенетініне таласымыз жоқ. Дегенмен жұрттың сотқа әділдік іздеп жүгінетінін қайда қоямыз сонда? Бұл да Нұрсерік Кәрімұлының екіұшты жауабының бірі болды.
Н.Шәріпов пара алуға қатысты ел арасындағы соттар туралы келеңсіз әңгімелерді әйелдердің өсегіне теңеп, жоққа шығарып тастады. «Шымкентте «Әйелдер не демейді?» деген мақал бар. Мен келгелі, маған дейін де ешбір сыбайлас жемқорлық, заң бұзу фактісі, судьялардың басқа түрдегі қылмыстық жауапкершілікке тартылды деген жағдаймен қылмыс орын алмаған» деді. Ол тіпті өзін жек көретін адамдардың бар екенін де жайып салды. «Менің жеке блогым бар. Оған сауал жолдайтындарға міндетті түрде жауап жазамын. Солардың арасында "сізді жақсы көрмейміз, облыстық соттың төрағалығынан қашан кетесіз?" деп аты-жөнін көрсетіп сұрақ қоятындар да бар. Оларға "Конституциялық құқығыма сәйкес, мерзімім аяқталғанда не отставкаға шыққанда қызметтен кетемін" деп жауап беремін" деді. Өзінің айтуынша ол бұл қызметке 2012 жылы тағайындалған...
Мұрағаттан, 2016 ж