«Қолынан іс келеді». Президент Дархан Сатыбалдыға қандай баға берді?

Oinet.kz 02-10-2024 129

kz8-8977-2_mediumThumb.jpg 

«Жұмыс өте сәтті жүзеге асырылып жатыр екен. Үкімет өңірге көмек көрсетеді. Түркістан облысының жағдайы жаман емес. Әкім жақсы жұмыс істеп жатыр. Қолынан іс келеді. Сондықтан облыстың келешегі зор деп ойлаймын. Баршаңызға сәттілік тілеймін».

Өткен аптада  Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңір басшысы Дархан Сатыбалды туралы осылай деді.

Осы сапар барысында Президентке өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі бағыттары таныстырылды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, жылыжайларды көбейту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысты жобалар көрсетілді. Атқамінерлердің айтуынша, 2030 жылға қарай облыстағы суармалы жерлердің 40 пайызына су үнемдеу технологиялары енгізіледі. Жаңадан 602  гектар жерге жылыжай салынады. Үш жылда 105 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Яғни, Мемлекет басшысы Түркістан облысында өзінің берген тапсырмаларының қаншалықты іске асып жатқанын көзбен көрді. Дархан Сатыбалдының осы бағыттағы жұмыстарына жоғары баға берді. Жалпы, Президент шенеуніктерді мақтауға құмар емес. Бірақ ол осы жолы Сатыбалдының атына жылы пікір білдірді.

Айтпақшы, Президенттің Түркістан облысына жасаған сапары барысында ешкім күтпеген жағдай болды. Мемлекет басшысының жүру бағытын тексерген құқық қорғау органдарының қызметкерлері жасырылған қару-жарақ тапқан. 

«Түркістан облысында Мемлекет басшысының кортежінің жүру бағытын тексеру кезінде ІІМ, ҰҚК қызметкерлері МКҚ-мен бірлесіп жасырылған қару-жарағын тапты. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау және күдікті адамдарды ұстау бойынша қажетті жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – деген мәлімдеме таратты Ішкі істер министрлігі.  Президентке қастандық жасамақ болған кімдер?    Президенттің жүретін жолынан қару-жарақтың табылуы кездейсоқтық па,  әлде ол расында да Президентке қастандық жасау үшін күні бұрын жасырылған ба? Оны тиісті органдар қалайша байқамай қалған? Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, бұл іс бойынша әлі ұсталған күдіктілер жоқ сияқты. Олай болса, құзырлы органдар істің мән-жайын толық анықтамай жатып, неге мұны жұртшылыққа жариялап жіберді? Қаскүнемдерді үркіту үшін бе, әлде сатқындарды әшкерелеу үшін бе? 

Осының арғы жағында әлдебір құпия бар сияқты.

"Рейтинг" газеті, 2 қазан 2024 жыл. 

 


Түркістанды түлеткен Тұрашбеков облыс әкімінің орынбасары болды
Қазақстанды мұрагер елесі кезіп жүр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу