«Сыздықбековтың бір жылы»: Шымкенттің әкімі туралы елдің пікірі неге екітүрлі?
Әкімдер дәрежесіне қарай айына, тоқсанына, жартыжылдықта халықпен бір рет кездесуі Президенттің жарлығымен бекітілген тәртіп. Ал қызметке тағайындалған әкімнің жүз күндігін, бір жылдығын атап өтуі бұл енді жазылмаған заңдылық.
Басқасы басқа Шымкенттің бұған дейінгі әкімдері мұндай маңызы датаны бір кісідей атап өткен. Онда тұрған не бар дейсіз?! Бұл да өзін-өзі жарнамалаудың әдемі бір жолы ғой. Өткен аптада Ғабит Сыздықбековтың Шымкент қаласының әкімі лауазымына тағайындалғанына бір жыл толды. Әй, Сыздықбековты мадақтау, жарнамалау жарысы қызатын шығар деген едік. Алайда қателескен екенбіз. Бір жылдық дейтін бұл дата елеусіздеу қалды. Бұл Сыздықбековтың арзан пиарға, өз-өзін жарнамалауға құмар әкім еместігін білдіретін сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
Жо-жоқ, әкімдіктегілер бір жылдықты мүлдем атаусыз қалдырды десек, өтірік болатын шығар. Әкімдікке қарасты ақпарат құралдары Сыздықбековтың Шымкентке әкім болғанына бір жыл толғанын тілге тиек етіп, қазіргі таңда Шымкент қаласы экономикалық, әлеуметтік жағынан даму үстінде екендігін, қала басшылығының халыққа берген уәделер жоспарлы түрде орындалып, кездесулерде айтылған түрлі мәселелер шешімін тауып келе жатқанын жария етті. Бұл шындыққа қаншалықты жанасады? Жалпы Шымкентке әкім болып келгелі бір жыл ішінде Сыздықбеков не тындырды, нендей ерекшелігімен көзге түсті? Президент қойған міндеттерді қаншалықты орындап жатыр? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
«Асфальтте» өскен әкім
Ғабит Сыздықбеков Шымкенттің әкімі қызметіне былтыр 5 қыркүйекте Президенттің Жолдауынан кейін жасаған үлкен кадрлық ауыс-түйістердің кезінде тағайындалды. Ол мегаполисте ірі жобаларды жүзеге асырған, алайда әкімдік еткен тұтастай үш жарым жылы сыбайлас жемқорлықтың шырмауынан шықпаған Мұрат Әйтеновты алмастырды. Сыздықбеков Шымкентке Үкімет аппараты басшысының бірінші орынбасарлығынан келді. Ауылдың да әкімі болып көрмеген азамат миллионнан астам халқы бар мегаполисті қаншалықты басқара алды?
Келген бойда жұртшылық жаңа әкімнің менмұндалап тұрған екі ерекшелігіне назар аударды. Біріншіден, Сыздықбеков Шымкентте туылған, соның асфальтінде өсіп, Шымкентке әкім болған тұңғыш азамат болды. Екіншіден, ол қызметтік карьерасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің қол астында еңбек еткен. Яғни, Мемлекет басшысының ерекше сеніміне ие болған кадр саналды. Сондықтан да көпшілік Сыздықбековты проблемасы көп Шымкентте бір өзгеріс жасайды деп күткенін мойындау керек. Алайда бұл сенім қаншалықты ақталды?
Әдетте келген әкім өзгерісті алдымен кадрдан бастайтыны белгілі. Сыздықбеков былтыр қыркүйек, қазан айларында әдеттегіше, ауыс-түйістерді орынбасарлары, аппарат басшысынан бастап, басқарма басшыларымен жалғастырды. Бұрын Сыздықбековпен бірге жұмыс істеген Айдын Кәрімов Абай облысы әкімінің бірінші орынбасарлығын тәрк етіп, Шымкентке келді. Идеология жөніндегі орынбасардың креслосы Мәдениет және спорт вице-министрі лауазымынан ауысып келген Сәрсен Құранбекке бұйырды. Аппарат басшысы Ержан Сейтеновты Алматыдан әкелді. Сыздықбеков бір жыл ішінде мегаполистегі бес аудан әкімінің екеуін ауыстырған екен. Қалалық әкімдікке қарасты 15 басқарманың басшысын жаңалапты. Оның ішінде кейбір басқарманың басшысын бір жыл ішінде екі мәрте тағайындаған. Бұл аз ба, көп пе? Сыздықбеков тағайындаған басқарма басшыларының арасында Алматыдан, Абай облысынан келгендер кадрлар да бар. Мұның немен байланысты екендігі айтпаса да түсінікті шығар. Егер жаңа кадрлар артқан үмітті ақтап жатса, нұр үстіне нұр. Бірақ қызметіне тағайындала сала жұртшылықты шулатып жатқандары да жоқ емес. Соның біреуіне ғана тоқталасақ Білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева туралы жағымсыз пікірлерді осыған дейін әлеуметтік желі белсенділері айтса, соңғы уақытта оған қоғам белсенділері, Қоғамдық кеңестің мүшелері де қосылды.
Қайтқан нысандардан қайыр бар ма?
Сыздықбековтың дәуірі сөз жоқ, бір кездері түрлі себептермен алпауыттардың қанжығасында кеткен нысандарды мемлекетке қайтарумен есте қалатын болады. Ғабит Әбдімәжитұлының тұсында дау-дамайы тым ұзаққа созылған Фосфоршылар сарайы толығымен мемлекет меншігіне өтті. Ғимарат бұзылып, оның орнына Иманғали Тасмағамбетовтың қызы Әсел Тасмағамбетова жетекшілік ететін «Сәби» қоры жастар орталығын салып жатыр.
Сыздықбековтың тұсында антикор мен прокуратура алпауыт миллионер Серікжан Сейітжановқа бар-жоғы 128 миллион теңгеге сатылып кеткен «Мұз сарайындағы» мемлекеттің үлесін сот арқылы қайтарып алды. Уақтысында әртүрлі себептермен кәсіпкерлерге үлестірілген «Кең баба» саябағының бір бөлігі, «Қиял әлемі» (оны иеленген кәсіпкердің ар жағында бұрынғы облыс әкімі тұр деген әңгімелер бар) қайтадан қалалық әкімдіктің меншігіне өтті. Жекешелендірудің құрыған іліккен бірнеше медициналық нысан да «қайта айналып үйірін тапты». Сондай-ақ, Сыздықбеков Шымкентте тұрғанымен Түркістан облыстық әкімдігінің меншігінде қалған бірнеше нысанды мегаполистің еншісіне батыл қайтарып жатыр.
Қайтарудың көкесі әлі алда болатын сияқты. Қалалық әкімдік жуырда Шымкентті сумен қамтамасыз етіп отырған монополист кәсіпорынды да мемлекетке қайтару үшін сотқа талап арыз берлігенін мәлім етті. Қазір ол туралы елдің пікірі әрқилы. Бұл мәселеге алдағы уақытта тоқталатын боламыз.
Сыздықбеков бір жыл ішінде Шымкентте бірнеше аллея салды. Бұрынғы балалар теміржолының орнына велоспипедпен серуендейтін керемет жол салдырды. Осының бәрі демеушілердің есебінен жасалды. Қазақстандағы ең үлкен стадионның іргетасын қалады. Дегенмен осы жерде айта кетері, Шымкент әкімдігі Президенттің құрылыс саласына қатысты берген біраз тапсырмаларын әлі күнге дейін орындай алмай отыр. Мәселен 2022 жылы Президент Шымкент қаласында Опера және балет театрын және 2025 жылға дейін тағы бір Оқушылар сарайын салуды міндеттеген болатын. Алайда Сыздықбеков Президенттің бұл тапсырмаларын орындауға асықпайтын сияқты. Ал, Мемлекет басшысы мен Үкімет басшысының Шымкент әуежайының жаңа терминалын уақытында бітіру жөнінде берген тапсырмасын биыл ешкім есіне де алып жатқан жоқ.
Жемқорлықтың тамырына балта шабылды ма?
Соңғы екі-үш жылдың көлемінде жемқорлықтан көз ашпаған Шымкентте шенеуніктердің пара алуы, қазына қаржысын жымқыруы әлі тоқтаған жоқ. Мәселен, өткен аптада әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған азаматқа үкім шықты.
Сыбайластықпен аты шыққан Шымкентте тәртіп орнатып, жемқорлықтың тамырына балта шабу Сыздықбековке жүктелген негізгі міндет саналады. Сол себепті әкімі қызметіне келген бойда осы бағытта жұмыстар жүргізді. Мегаполисте біраз басқарма басшысының қызметінен кетуін кейбіреулер осы жұмыстармен байланыстырады. Биыл ақпанда Сыздықбековтың жиналысында қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Момыновты антикордың қызмектерлері «қаржы жымқырды» деген айыппен ұстап алып кетті. Мұны біреулер қойылымға балады. Біреулер әкімнің өте дұрыс қадам жасағанын айтумен болды. Қалай десе те осы оқиға арқылы Сыздықбеков жұртшылықтың назарына жемқорлықпен аясуыз күресуші басшы ретінде ілікті. Шымкенттің әкімі сол жиында шенеуніктерге жасаған ескертуінде жемқорлықтың сатқындық, арқаға пышақ ұру екендігін мәлім еткен еді.
Алайда Сыздықбековтың жемқорлыққа қатысты ұстанымы, позициясы әлі де болса айқын емес сияқты. Бұған дейін де жазғанымыздай, жемқорлық қылмысы үшін сотталған мәдениет басқармасының басшысына шығарылған үкімнен кейін осы салаға бақылау жасайтын орынбасары Қуаныш Асылов отставкіге арыз беруге міндетті болатын. Биыл жазда Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары жемқорлық қылмысы бойынша сотталды. Осы үкімнен кейін Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек те отставкіге арыз беруі міндетті еді. Алайда Сыздықбеков әлі күнге дейін екі отставкіге қатысты қандай шешім қабылдағаны туралы сыр ашпай келеді. Неге?
P.S.Әрине, бір жыл дегеніңіз көп уақыт емес. Жалпы Сыздықбековтың бір жылда атқарған жұмысын бас бармақпен болмаса да жақсы деп бағалауға болады. 2-3 жыл әкім болып, түк тындырмай кеткендер де аз емес қой. Сыздықбеков ең бастысы, халықтың талап-тілегіне құлақ асатын, өз міндетін адал атқарғысы келетін әкім.
Жалпы Сыздықбеков Шымкентті басқарған өзіне дейінгі үш әкімнен сабақ алуы керек сияқты. Өйткені Шымкентті бұған дейін басқарған шенеуніктердің ешқайсысы өскен жоқ. Шымкент карьераны өшіретін жер деген түсінік те қалыптасты. Себебі Шымкентті басқару, шымкенттіктердің көңілінен шығу қиынның қиыны екенін мойындау керек. Сыздықбеков осы таным түсінікті қаншалықты өзгерте алады? Қиындықтардан қаншалықты жол тауып шыға алады? Бәрін уақыттың еншісіне қалдырдық.