Мүгедектерді шырылдатқан шенеунік
Түркістан облысы республикадан дотацияны көп алатын №1 өңір. 2019 жылдан бері бір ғана Түркістан облысын дамытуға республикалық бюджеттен 3 триллион 555 миллиард теңгеден артық субвенция бөлінген екен. Түркістанға биылғы дотация – 1 триллион 1,6 миллиард теңге қаралған (салыстырып қараңыз, екінші дотациялық өңір Қызылордаға бөлінгені – 433 млрд. теңге). Бірақ аспаннан триллиондар жауған Түркістанда сан алуан қажеттіліктер құрылысына бәрібір қаржы жетпей жатады. Ол, ол ма, міне енді шенеуніктер қоғамда ерекше қамқорлықты қажет етеді деген мүгедектерге арналған ғимаратты да уақтысында пайдалануға бере алмай отыр. Себеп тағы да сол – қаражат жоқ.
Облыс орталығының іргесіндегі Сауран ауданы Оранғай ауылынан салынып жатқан мүгедектерге арналған оңалту орталығының құрылысы былтыр пайдалануға берілуі тиіс болған. Алайда атқамінерлердің шалағай тірлігінің салдарынан құрылыс әлі аяқталмай отыр. Нақтырағына көшсек Тоқтар Үсібалиев басқаратын облыстық құрылыс басқармасы тарапынан жіберілген өрескел кемшіліктің салдары мүгедектерді шырылдатып қойды.
Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес басталған оңалту орталығы 200 орынға арналған. 2021 жылы өткізлген тендердің нәтижесінде құрылыс жұмыстарын жүргізу «Шымкент құрылыс» серіктестігіне сеніп тапсырылған. Жобаның жалпы құны 2 562,9 млн теңгені құрайды.
«Ақ ниет» мүгедектер мен зағип жандардың қайырымдылық қорының төрағасы, І топтағы мүгедек Дастан Орынбасаровтың айтуынша, мүгедектерге арналған оңалту орталығы керек дегенді 2015 жылдан бастап көтерген. Шенеуніктер алғашқыда нысанды былтыр көктемде аяқтауға уәде берген. Бұдан кейін желтоқсанға сырғытқан. Алайда «әне бітеді, міне бітеді» деген нысан осы уақытқа дейін толыққанды пайдалануға берілген жоқ. Одан бергі аралықта екінші көктем аяқталып, жаз келді. Бұған дейін аталған нысанның басына Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Т.Оспанқұлов, Мәжіліс депутаты Е.Әбдиев барып, бұл мәселеге Мәжілістің, Үкіметтің назарын аударған. «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесте, Б.Жылқышиев басқаратын облыстық қоғамдық кеңесте қаралған. Алайда одан да ешнәрсе өзгерген жоқ.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қарағанда, құрылыстың кешеуілдеуінің басты себебі – 2021 жылы бөлінген қаражат жетпей қалған. Себебі одан бергі аралықта құрылыс материалдарының бағасы қымбаттаған, жұмысшылардың жалақысы өскен. Құрылысты қосымша қаржыландыру мәселесі бұған дейін көтерілген. Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсібәлиевтің мәліметі бойынша қосымша қаржы қажеттігі жөніндегі ұсыныс бюджеттік комиссиядан өтпей қалған. Ал әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның әңгімесіне сүйенсек облыс әкімінің құрылысқа жауапты орынбасары оңалту орталығын жетпей жатқан қаржымен қамту туралы ұсынысты қолдамаған. Сонда қай шенеуніктің сөзіне сенеміз? Қосымша қаржыландыруды қолдамаған облыс әкімінің орынбасары ма, әлде облыстық мәслихаттың Мағауия Тұрысбеков басқаратын бюджеттік комиссия ма?
Ең қызығы, қосымша қаржыландыру болмаған соң, құрылыс басқармасы орталықтың технологиялық жабдықтарға қаралған 98,0 млн теңгені жобалық-сметалық құжаттамада қаралмаған қазаншұңқыр, ішкі әрлеу жұмыстары, сыртқы суғару, кондиционер жүйелерін орнату жұмыстарын жүргізуге жұмсап жіберген. Тоқтар Үсібәлиев жұмыстардың былтыр қыркүйекте облыс әкімінің орынбасары Е.Кенжеханұлының төрағалығымен өткен техникалық кеңесте түзілген хаттамалық тапсырмаға сәйкес жүргізілгенін алға тартып отыр. Сонда құрылыс басқармасы басқа мақсатқа көзделген қаражатты құрылысы жүріп жатқан нысанның жобалық-құжаттарында қаралмаған жұмыстарға жұмсап жіберген болып тұр ғой. Бұл қаншалықты ақылға сияды?
Мамандардың айтуынша, қаржыдан бөлек оңалту орталығының жобалық-сметалық құжатын жасауда көптеген кемшіліктер кеткен. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаеваның айтуынша, нысанда физио-емдом кабинеттері, оған қажетті құрал-жабдықтар қаралмаған. Бассейннің құрылысы қаралғанымен, оны жылытатын, тазартатын, залалсыздандыратын жүйелері, кәріз жүйесінің қалдықтарын тасымалдайтын арнайы ассенизатор автомашинасының қажеттігі ескерілмеген. Бұдан бөлек орталыққа тұрмыстық қажеттіліктерге арналған құралдар, төсеніштер алынуы тиіс.
Бұған жоғарыда технологиялық мақсатқа қаралған, бірақ құрылыс басқармасы басқа жұмыстарға жұмсап жіберген 98 миллион теңгені қосыңыз. Қазіргі уақытта инфляцияға байланысты 98 миллион теңгенің тауарлары 140 миллион теңгеге шарықтаған. Осылардың бәрін алға тартқан басқарма орталыққа қосымша 352 миллион теңгенің қажет екендігін мәлім етіп отыр.
Жуырда облыстық мәслихаттың сессиясында Тоқтар Үсібәлиев жобалауда кеткен кемшіліктерді мемлекеттік сараптама мекемесімен байланыстырған болатын. Алайда бас жобалаушы компания – «Дәулет» ЖШС директоры Әлжан Байметовтің айтуынша, жоба тапсырыс беруші – құрылыс басқармасының сұранысы бойынша жасалғанын алға тартып отыр. Дәлірегі мұндай өрескел қателікті жіберіп мүгедектерді шырылдатып қойған облыстық құрылыс басқармасының, басқарма басшысы Тоқтар Үсібәлиевтің кінәлі екендігі шымбайға батар шындық.
Мүгедектерді шырылдатқан шенеунікке ешқандай шара қолданылмай келе жатқаны тіпті түсініксіз.
Оранғайдағы Оңалту орталығының құрылысына депутаттар, комиссия, қоғамдық кеңес мүшелері араласып, дабыл қаққан тұста нысан биыл 30 сәуірде аяқталатыны айтылған. Бұдан кейін мамырда толығымен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының теңгеріміне өткізілетіні мәлімделген. Алайда нысан әлі күнге дейін мүгедектерге пайдалануға берілген жоқ. Жақында “Amanat” партиясы жиынында есеп берген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева оңалту орталығы биыл күзде пайдалануға берілетінін мәлім етті. Бірақ ол үшін бюджеттен жоғарыда келтірілген 352 млн теңгені бөлу керек. Олай болмаған жағдайда мүгедектерге арналған нысанның құрылысы келесі жылға қалып кетуі мүмкін. Қысқасы, триллиондар жауып жатқан Түркістандағы тірлік осындай болып тұр.
Түркістанға бөлініп жатқан қаражаттардың басым бөлігі құрылыс саласына қаралғаны айтпаса да түсінікті. Шу мен дау-дамайдың көбі де осы саладан шығып жатыр. Наурызда Мәжілістің және «Аmanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың тікелей тапсырмасымен партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия мүшелері Түркістанда арнайы жиын өткізді. Осы жиында Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев Түркістан облысының сапасыз құрылыс пен апатты мектеп бойынша бірінші орында тұрғанын, қазіргі уақытта облыста шенеуніктердің жауапсыздығынан бірнеше мектеп құрылысының қаңтарылып тұрғанын мәлім еткен болатын. Алайда жиынға құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсібәлиевтің өзі, не қарамағындағы қызметкері қатысқан жоқ.
Депутаттардың да, Үкіметтің де ескертулерін құлақ аспайтын Үсібәлиевке “екі қойың – бір сом”. Қашанға дейін? Мүгедектердің наласы, көз жасы оңай дейсіз бе? «Көп асқанға бір тоқсан» деуші халық даналығы. Халық айтса қалт айтпайды. Тақсыр уақыттың төрелігін күтейік.
«Рейтинг» газеті, 19 маусым 2024 жыл.