Жергілікті полицияда қаржы көп, жұмыс жоқ

Oinet.kz 02-07-2019 1092

Screenshot_15.jpg

Аудандық, қалалық полиция бөлімдері басшыларының арасында жергілікті полиция қызметінің жұмыстарын тиісінше ұйымдастырудың орнына, керісінше  кемшілікке жол беріп келгендері де бар екен. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Балтабай Абылаев айтып берді.

Абылаев мәслихаттың келісімімен өзін тағайындаған облыс әкімі Атамқұловтың алдында есеп беруге дайындалып келсе керек, баяндамасын «Құрметті қоғамдық кеңес мүшелері» деп бастамағаны үшін сөз естіді. Айтылмаса да қолдарына тиген қағаздағы есептің жоғарғы жағына «Құрметті Оңтүстік Қазақстан облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы!» деп жазылған сөзді дұрыс емес деп  дау тудырғандар мұны қоғамдық кеңес мүшелерін сыйламау деп бағалады. Тіпті «құрметті әріптестер»дегенімен келіспейтіндер көбейіп кеткен қылмыс көрсеткіштерін тыңдап болысымен-ақ Абылаевтың әріптестері емес екендіктерін ашына жеткізді. Сөз аңдығандардың  бұл әрекеттері БАҚ алдында ақталуға көбірек ұқсады. Олар «жұмыс істемей жатқан біз емеспіз» дейтіндей сыңай танытты.

Облыстық жергілікті полиция қызметі  басшысының мәлімдеуінше, 2827 маман қайта тағайындаудан өткен. Оның1007-сі учаскелік, 344-і ювеналды, 23-і әйелдерді зорлық-зомбылықтардан қорғау, 20-сы табиғатты қорғау, 1122-і жол-патрульдік полиция мамандары болса, 103-і арнайы мекемелер қызметкерлері. Бүгінге дейін жергілікті полиция қызметінің облыстық, аудандық, қалалық жұмыс жоспарлары жасалып,сарапталып, толығымен бекітілген. 3000-ға тарта тәртіп сақшысының әрқайсысының функционалдық міндеттері айқындалған. Десек те жылдың алғашқы екі айында қылмыс түрлерінің саны едәуір артқан. Абылаев оның басты себебін жергілікті полиция қызметінің ақпан айының ортасына дейін жұмыстарына толық кірісе алмағанымен байланыстырды. Яғни, жаңа құрылымға дейін атқарып жүрген жұмыстарына атауы өзгерген полицейлердің қайта бейімделулеріне бір жарым ай уақыт кеткен. Соны ескеруді өтінгендей есеп беруші қоғамдық кеңес алдында қылмыстар саны күрт өскен екі ай мен қазірге дейінгі төрт айдың қорытындысын салыстыра баяндады. 

Былтыр қаңтар-ақпанда 1690 қылмыс тіркелсе, биыл осы мерзімде екі мыңға жуықтапты. 17,8 пайыздық бұл көрсеткішті жергілікті полиция соңғы екі айда 6,9 пайызға төмендетіпті. Алайда әкімшілік құқық бұзушылықтар 2015 жылдың алғашқы екі айындағы көрсеткіштен салыстырғанда он мыңға дейін көбейіп кетіпті. Екі айдың ішінде бұрын сотталғандармен жасалған қылмыс 9287-ге өскен. Маскүнемдер де заң бұзушылықтарға баруды жиілетіпті. Ал, жол оқиғалары 13,5 пайызға өскен. 

– 26 сәуірде өткізілген алғашқы тоқсан қорытындысында жұмысты тиісінше ұйымдастыра алмай  кемшілікке жол беріп отырған Шымкент қаласындағы Әл-Фараби, Қаратау және Шардара, Сарыағаш аудандық ішкі істер бөлімдерінің басшылары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – дейді баяндамашы.

Орай келгенде айта кету керек, 26 сәуірде облыстық прокуратурада өткен алқалы жиында жергілікті полиция қызметінің жұмыстары біраз сынға іліккен болатын. Сондағы дәйекті деректерге сүйенсек, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жаңадан құрылған жергілікті полиция құқықбұзушылықпен күресудің орнына, жолды аңдумен жүрген. Тіпті, көрсеткіштерін жоғарылату үшін өздері жалған қылмыс жасауға дейін барып, олардың тез арада ашылуын ұйымдастырған. Нақты шаралар жүргізудің орнына осындай көзбояушылыққа салынып,заңсыз әрекеттер жасау арқылы өздерінің көрсеткіштерін көтермелеумен айналысыпты. Бүгінде осы тектес үш іс Шымкент қаласында тіркеліп, сыбайлас жемқорлық бабы бойынша   тергелуде. 

Қылмыс жасаушылардың тиісті жазасын алмауы бұзақылық қылмыс санының өсуіне әкеліп соғуда. Прокурорлар тексеру барысында көпшілік жүретін орындарда істен шыққан бейнабақылау камералары тұрғанын анықтаған. Атап айтсақ, Шымкент қаласының жедел басқару орталығына қарасты 242 бейнабақылау жүйесінің 15-і жарамсыз.Ал 63-і жарықтың жоқтығынан түнгі уақытта мүлде жұмыс істемейді. Орталық көшелерде орнатылған камералардың 26 пайызы қараңғыда орын алған қылмыстың ашылуына көмектесе алмайды. Ал, жедел басқару орталығына 8 бейнебақылау инспекторы бектілгеніне қарамастан, 242 бейнебақылау жүйесін 2 инспектор ғана қарап отырады. Аталған деректер облыс прокуроры Ибраһим Имановтың қатысуымен өткен алқалы жиында бұзақылық қылмыстың алдын  алуға, қоғамдық орындарда жасалған құқық бұзушылықтармен күресуге немқұрайлы қараудың дәлелі деп танылған.

Прокурорлар жедел басқару орталығы мен жол-патрульдік полиция қызметінің 100 автокөлігіне онлайн навигациялық бақылау жүйесі орнатылғанымен 21 автокөлікте аталған жүйе қосылмағанын да анықтаған. Яғни, патрульдік қызметтік көліктердің 21 пайызы бақылаусыз жұмыс істеп келген. Дәлел болмаған соң жұмысқа пайдаланылды деп те айту қиын-ау. 

Алайда, Абылаев есебінде кемшіліктер айтылғанымен прокурорлар анықтаған құқық бұзушылықтар туралы ешкім жақ ашқан жоқ. Есесіне есеп беруші облыс әкімінің араласуымен жергілікті полицияға қоғамдық көмекшілерді тарту үшін 40 миллион теңге бөлдірткенін жеткізді. Жергілікті полицияның жұмысын жетілдіру үшін 1215 бейнетіркегіш алынып, жеке құрам 100 пайыз қамтамасыз етіліпті. Бұдан өзге учаскелік испекторлар мен ювеналды полицияға 1309 дана бейнежетон, 273 автомобильге арналған бейнетіркегіш сатып алу жоспарланып отыр екен. Ал, Шымкенттің адам көбірек шоғырланатын орындарында орнатылған 242 бейнебақылау камерасы туралы сөз болғанда олардың сапасы мен прокуратура анықтаған кемшіліктері айтылмады да. Оған бюджеттен 916 миллион 500 мыңнан астам теңге бөлінген. Бұдан бөлек 313 миллион 180 миллион теңгеге жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне 73 «Шкода», учаскелік испекторларға 5«Нива-Шевролет» автокөліктерін сатып алу қарастырылуда екен. Сонымен қатар 5 эвакуатор «КамАЗ»көлігін сатып алуға 150 миллион 530мың теңге бөлініпті.

– Біз мұны үлкен сенім деп қабылдаймыз. Сенімді ақтау үшін аянбай қызмет етеміз, – деген облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы шешілмеген мәселелерінің жұмыс істеулеріне кері әсер ететінін жеткізді. Оның айтуынша, учаскелік полиция инспекторы жетіспейді. Облыста 1445 инспектор қажет болса, бүгінде олардың саны 1007 екен. Инспекторларға бекітілуі тиіс 942 көмекшінің әзірге 70-і ғана жұмысқа кірісіпті.Яғни, Оңтүстікте қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды болдырмау үшін тағы 438 учаскелік инспектор, 871 көмекші қажет. Бірақ, оларды отырғызатын орын да тапшы. 45 учаскелік полицияның тұрағы жоқ. Облысқа тиесілі 307 учаскелік пункттің 262-і ғана жұмыс істеп тұр.Сол сияқты жергілікті полицияға 379 қызметтік көлік сатып әпермесе, тыныштығымызды толық күзету мүмкін болмайтындай. 

Алайда қоғамдық кеңес мүшесі, азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және азаматтық қоғам институттарымен байланыс жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Ғаппар Маймақов мұнымен келіспейді. Ол мінберге шығып, Шымкентте өзі анықтаған біраз деректерді жайып салды. Оның айтуынша, Абай ауданындағы Самал-1 шағын ауданының тұрғындары инспекторларын іздеп таппай жүр. Есесіне мұнда ұрлық-қарлық көбейген. Осыны ескерген әкімдік біреудің үйін 50 мың АҚШ долларына сатып алып, №14 учаскелік полиция пунктін ашып беріпті. Алайда, қазынаның қыруар қаржысы жұмсалған жұмыс орнында полицейлер отырмайды. Амалы таусылған тұрғындардың үй тонаушыларды өздері ұстап берсе де жергілікті полиция істің соңы сұйылып жіберген. Қаратау аданында да сондай. Бозарық елді мекеніндегі №59 учаскелік полиция бекеті азаннан кешке дейін жабық тұрады. Онда кімдердің жұмыс істейтінін тұрғылықты жұрт білмейді де. Еңбекші ауданында Мәметова көшесіндегі №35 полиция бекетінің тірлігі де сондай екен.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын учаскелік полицияның жұмыстарын жандандыру мақсатында облыстық мәслихатта мәселе көтерліп, материалдық қажеттіліктері толықтай қамтамасыз етілген. Тіпті полиция қызметкерлерінің жалақылары да көбейтілген. Өкінішке қарай, жол-патрульдік полиция жол торуылдауды бірінші кезекке қойып, халықпен жұмыс істеуді кейінге ысырып тастады, – дейді Ғаппар Маймақов.

Ол тіпті Шымкенттің 8 шағынауданы мен Т.Айбергенов, Ә.Жангелдин көшелерінің бойындағы сағаттап пәтер берушілерді бақылауға тиісті учаскелік инспекторлардың олармен шүйіркелесіп, темекі шегіп, жайбарақат жүретіндерін де жеткізді. Ал, әлгі пәтерлерде түрлі қылмыстар орын алып жатыр...  

Маймақовтан басқалар да дәлел-дәйексіз болса да пікірлерін білдіргенімен қоғамдық кеңес мүшелеріның арасында жергілікті полиция қызметін толық білмейтіндері де бар болып шықты. Олар Абылаевтан ювеналды полицияның немен айналысатынын сұрап әлекке түсті. 

– Жергілікті полициямен бірге біз де есеп беріп отырмыз деп ойлаймын. Сіздердің сын-ескерпелеріңіз маған айтылғандай. Десек те бұл жұмыс істелінбей жатыр дегенді білдірмесе керек. Облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы жергілікті полицияға жақсы көңіл бөлуде. Биылғыдай жергілікті полицияға миллиардтап қаржы ешқашан бөлінбеген. Бұл – жауапкершілікті арттырып, талапты күшейтеді. Бірақ, жаңадан құрылған облыстық жергілікті полиция қызметіне 4 айда баға беру ертелеу сияқты, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды.

Қоғамдық кеңес мүшелері бірауыздан облыс әкімінің бірінші орынбасарын қолдап шыға келді. Тіпті қазынадан қыруар қаражат қаралғанына қарамастан жергілікті полиция басшысын облыстық мәслихатқа бюджеттен қайта қаржы сұрауға шақырды...

Асылбек ҚҰНАНБАЙҰЛЫ,

Мұрағаттан, 2016 ж

Жер тағдыры – ел тағдыры
Сейіт Ертай: «Құрт ауруына шалдыққандарға жәрдемақы беруге қол жеткіздік»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу