Сейіт Ертай: «Құрт ауруына шалдыққандарға жәрдемақы беруге қол жеткіздік»
Сейіт Ертай, Арыс қаласының әкімі
Арыс қаласы мен Шардара, Отырар аудандарының Көксарай су қоймасына жақын орналасқан елді мекендерінде шіркейлер көбейіп кетті. Олар шаққанда адамның бетін ісіріп жібереді екен. Тіпті шіркейлердің көбейгендігі соншалық мал жайылудан қалған. Бұл туралы Аймақтық коммуникациялар орталығында өткен Арыс қаласы әкімінің брифингінде айтылды.
– Төрт жылдан бері шіркейдің көбейіп кеткені рас. Мен келгелі бері осы мәселені көтеріп жүрмін. Даулы мәселе Байырққұм, Қожатоғай секілді судың айналасындағы ауылдарда туындауда. Үш жылдан шешімін таппай келе жатқан мәселе. Былтыр жергілікті бюджеттен қаржы бөлейін дегенбіз. Өкінішке қарай, оған қаржы қарастыру біздің құзырымызда емес екен. Ол облыстық деңгейде қаралып, ауыл шаруашылығы басқармасы жұмыс жасап жатыр. Нәтижесі болады деп ойлаймын, – дейді Арыс қаласының әкімі Сейіт Ертай.
2016 жылдың бірінші тоқсанында Арыс қаласында атқарылған жұмыстар барысын баяндаған ол арыстықтардың денсаулығын тексеру қолға алынғанын да жеткізді.
«Арыс қаласының маңы құрт ауруының ошағы екенін жасырып қоя алмаймыз. Сондықтан біз халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды ұдайы арнайы медициналық тексерістерден өткізіп келеміз. Өкінішке қарай, аталған дертке шалдыққандар біз ойлағаннан да көп. Десек те дертті дер кезінде анықтау емдеуге, науқастар санын азайтуға көмектеседі. Нәтижесінде науқастар саны жылдан жылға кеміп келеді. Тіпті өзім бастама көтеріп, құрт аурына шалдыққан азаматтарға жәрдемақы беруге қол жеткіздік. Бүгінде Арыс қаласы елімізде дерттің бұл түріне шалдыққандарға жәрдемақы беретін бірден-бір шаһар болып табылады. Тұрғын үй жәрдемақысы да беріледі» деді қала башысы.
Бүгінде Арыста стратегиялық маңызы бар құны 13,5 млрд. теңгені құрайтын 2 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Оның бірі – «Ордабасы құс» ЖШС-нің құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын құс фабрикасы. Қазіргі таңда жобаның тиісті құжаттары дайындалып, топографиялық және геодезиялық жұмыстары жүргізілуде. Құс фабрикасы өз жұмысын бастағанда жергілікті 70 адам жұмыспен қамтылатын болады. Ал екінші жоба негізінде «KAZ GREEN TEK SOLAR» ЖШС-нің баламалы электр энергиясын өндіруді қолға алыпты. Құны 11 млрд. теңгені құрайтын күн сәулелік электростанцияға Арыс қаласы аумағында 30 гектар жер телімі бөлінген. Құрылысы аяқталып, өндіріс іске қосылғанда станцияда жаңадан 30 жұмыс орны ашылмақ.
Сейіт Ертайдың айтуынша, осы жылдың бірінші тоқсанына Арыс қаласына 1217,0 млн. теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге артық.
Мұрағаттан, 2016 ж