Ербол Садыр мен Сапарбек Тұяқбаевтың қолынан келмеген тірлікке Дархан Сатыбалдының тісі бата ма?

Oinet.kz 02-07-2019 1338

Screenshot_18.jpg

Шымкент жақтағы пысық шенеуніктер жерден пайда табудың жолын баяғыда-ақ игеріп алған. Тіпті ол үшін жерге бірдеме егудің де қажеті жоқ. Жерді әлдебір азаматтардың атына жекешелендіріп, артынан  бөлшектеп, қара халыққа сатсаңыз болды. Баспанаға деген мұқтаждық күйіп тұрған кезде жерге деген сұраныс ешқашан төмендемейді. Қысқасы, күні ертең жер жаппай сатылуға шығарылса, шырт түкірген сол шенеуніктер  сыбайластықтың көкесін сонда көрсетуі мүмкін.  

Былтыр желтоқсанда,  ақ қар, көк мұзда облыс әкімдігі алдында  Сайрам ауданынан келген 50-60 шақты азамат шу шығарып, өңір басшысы Бейбіт Атамқұловтан жерге қатысты заңсыздықтарды тоқтатып, қордаланған мәселелерді шешіп беруді сұранған болатын.  Тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізу үшін облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев төрағалық ететін комиссия құрылған. Осы комиссияға мүшелікке енген «Халық бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қаныбек Төлеметовтың айтуынша, содан бері алты ай өтсе де шешілген ештеңе жоқ.  Жерге келгенде облыс әкімдігіндегі жауапты басшылар құрғақ уәдеден арыға аса алмаған. Атамқұловтың тапсырмасын Тұяқбаевтың аяқасты еткені өкінішті-ақ. 

Осыдан екі жыл бұрын Шымкентке келген сапарында президент Н.Назарбаев жергілікті атқамінерлерге пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтаруды қатаң тапсырғаны белгілі. Алайда осы уақытқа дейін мемлекетке қайтарылған жер бар ма? Әй, қайдам. Сайрам, Ордабасы, Төле би аудандарының біраз жерлері 2014 жылы Шымкент қаласына қосылғаны белгілі. Ауыл әкімдері, жер саудасын қыздырып жүрген пысықайлар осы мүмкіндікті құр жіберген жоқ. Прокуратура органдарының таратқан мәліметтеріне қарағанда  2011-2013 жылдар аралығында Бас жоспар бойынша қалаға өтетін аумақтардағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін әлдебіреулер бөлшектеп, кейіннен жеке тұрғын үй салу үшін сатып жіберген. Нақты айтар болсақ, 500 гектарға жуық  ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шамамен 5000  жер теліміне бөлшектенген. Оның ішінде 1000-ға жуық жер телімдеріне тұрғын үйлер тұрғызылып қойылған. Әлдебіреулер дегендердің ішінде әкімдік  қызметкерлерінің бар екендігі, жердің құжаттарын олардың көмегінсіз рәсімдеудің мүмкін еместігі бесенеден белгілі ғой. 

Жерге қатысты сыбайластық осы Сайрам ауданында жиі кездеседі.  Қ.Төлеметовтың бізге таныстырған хаттары бұған анық дәлел бола алады. Бұрынғы облыстық жер қатынастары және жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының (бертінде бұл басқарма екіге бөлініп кетті) кезінде таратқан мәліметтеріне сүйенсек, Ақсукент ауылында Нематжан Сайдижаппаров деген азамат иелігіндегі 3,8 гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы  жерге 38 тұрғын үй салған. Бір-бірінен аумайтын 38 тұрғын үйдің не себепті тұрғызылғаны туралы алып-қашты әңгіме көп. Біреулер оны жалдамалы пәтер ретінде салынған десе, енді біреулер «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында әкімдікке сатпақ болған, кейіннен халыққа ипотекамен беруді жоспарлаған деседі. Қайта-қайта жазылған арыздардан кейін былтыр экономикалық соттың шешімімен Н.Сайдижаппаровтың жерін мемлекетке қайтару, үйді мәжбүрлеп бұзу жөнінде шешім шығарылған. Алайда ол сот шешімін елең қылмаған соң сот орындаушылар енді оны мемлекет есебінен бұзу үшін сотқа жүгініп жатқан көрінеді. 

Фархат Жылқыбаев есімді азамат өзінің иелігіндегі 9,53 гектар жерді 89 жер учаскесіне бөліп, қазіргі уақытта оның 67-ісін бауырына басып жатыр. Қалғанын сатып жіберген болуы мүмкін. Іс-құжаттарына қарағанда ол бұл жерді 2008 жылы әлдебір серіктестіктен сатып алған. Қазір құзырлы органдар Ф.Жылқыбаевтың пайдаланбай жатқан жерлерін мемлекетке қайтару үшін сотқа талап арыз беріп жатқан көрінеді. 

-Осыдан екі-үш жыл бұрын Ақсукент ауылының бұрынғы әкімі Тұманбек Әлиевтің кезінде берілген жерлерден шу шықты. Заңсыз берілген деп, шешімдердің күштері жойыла бастады. Сол кездегі ашынған халық аудан әкімдігіне барды. Дау-дамай ақпарат құралдарында жариялана бастаған соң облыс әкімідігінде арнайы комиссия құрылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр жетекшілік етті. Алайда комиссия ешқандай мәселені шешкен жоқ. Бұл жолы да солай болды. Сапарбек Тұяқбаев  алғашқыда біраз жұмыстарды атқарды. Жерге қатысты заңсыздықтарды өз көзімен көрді. Тиісті басшылардан жауап алды. Аудан әкімінің жерге қатысты орынбасары, тағы бірнеше шенеунік қызметінен босатылды,-дейді Қ.Төлеметов. Тұяқбаевтың бұдан арыға тісі батпаған сияқты. Ұзамай комиссияға төрағалық ету  облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдыға тапсырылады. Осыдан кейін бәрі жым-жырт болған. 

Қазір жер мәселенің күйіп тұрған кезі. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, 21 мамырда Шымкенттегі Ордабасы алаңына митинг өткізбек болған топ Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымовпен кездескен кезде дәл осы тұрғын үй салатын жер телімінің мәселесі көтерілген. Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың мәлімдеуінше, жерге қатысты ұсыныс-пікір айтатын call-орталықтарға түсіп жатқан талап-тілектердің де дені тұрғын үй салуға арналған жерлерге қатысты. Оңтүстік Қазақстан елімізде жер кезегінде тұрғандардың саны бойынша көш бастап тұр. Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің мәліметінше қазіргі уақытта  облыс орталығында жер алуға кезекке тұрғандардың саны 65 мыңға жуықтаған. Бірақ бәрібір жер беріліп жатқан жоқ, бәрібір жердің проблемасы шешіліп жатқан жоқ, осы саладағы заңсыздықтарға тосқауыл қойылып жатқан жоқ. 

Ел қайдан оңай ұмытсын, Сайрам ауданында жерге таласқан азамат өзінің бауырын атып өлтіргеніне көп бола қойған жоқ. 2-3 жыл бұрын Түлкібас ауданында да колхоз тараған кезде берілген үлес жерін әлдебір шаруашылық төрағасы қитұрқылықпен тартып алды деген жігіттің түн ішінде төрағаның балаларын атып өлтіріп, артынша өз-өзіне оқ жұмсап, өмірімен қош айтысқан. Бәйдібек ауданында да жерге таласқан  құдайы көршілер бір-біріне қару кезеніп, ақыры екі бірдей адам өлімімен аяқталды. Байқайсыз ба, жер үшін кісі өлтіру оңтүстікте жиі кездесіп отырған көрініс. Осыдан бір жарым жыл бұрын Сарыағаш ауданында орын алып жер-жаһанды шулатқан  қазақ-тәжік қақтығысының бір ұшы да жерге барып тіреледі. Ендеше елдің наразылығынан, тіпті жер дауы адам өліміне апарып соғуы бірнеше дүркін қайталанса да биліктегілердің ащы сабақтан қорытынды шығармай адам тағдырымен ойнап отырғандары қалай? Ойыннан от шығатыны дәлелденген дүние. 

Бақытжан Әбдірашұлы, 

«Рейтинг» газеті №21, 2 маусым 2016 жыл

Сейіт Ертай: «Құрт ауруына шалдыққандарға жәрдемақы беруге қол жеткіздік»
Көлгінов құлаған мұнарлы кран оқиғасына қатысты мәлімдеме жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу