Сыздықбеков Тоқаевты тыңдамай ма? - Шымкенттің мәселесін шеттен келген кадрлар шешпейді

Oinet.kz 26-10-2023 1022

Республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанына биыл бес жыл толған, еліміздегі үшінші мегаполис Шымкент шын мәнінде республикалық деңгейде дамып жатыр ма? Басқа салаларда қайдам, бірақ кадр мәселесіне келгенде Шымкент расында да республикалық деңгейде “өркендеп” келеді.

Screenshot_4.jpg

Неге десеңіз, қаланың бірінші басшысынан бастап олардың орынбасарларын, аппарат жетекшісіне дейінгі кадрларды Астана, Алматыдан, өзге өңірлерден әкелу үрдісі енгізілді. Алайда сырттан әкелінген сол кадрлар елдің үмітін қаншалықты ақтап жатыр? Бұл сауалға бір ауыз сөзбен жауап беру қиын. Елдің көкейінде   пікір бар.  

Еске түсіріп көрейікші, өз алдына отау тіккен Шымкенттің алғашқы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2018 жылдың маусымында бұл қызметке «Нұр Отан» партиясының хатшысы лауазымынан ауысып келді. Бір жылдан асар-аспас «зың әкімнің» Лондоннан жолдаған сәлемдемесінен кейін «сенім кредиті таусылды» деген «диагнозбен» қызметінен алынғаны белгілі. 

Бұдан кейін Шымкентке алты ай әкім болған Ерлан Айтахановтың орнын басқан Мұрат Әйтенов Президенттің Іс басқармасынан келді. Әйтенов үш жарым жылдың ішінде  ақпарат құралдарында жиі сынға ұшырады. Шымкентте сыбайлас жемқорлық, шенеуніктердің кезектесіп парамен ұсталуы жиіледі. Кезек Әйтеновтің орынбасары Мақсұт Исаховқа дейін жетті. Осыдан кейін көп ұзамай Мұрат Әйтенов қызметінен босатылды. 

Ал Премьер-министрдің кеңсесінен келген Ғабит Сыздықбековтің маңдайына Шымкенттен қандай жағдайда, қандай абыроймен кету жазылғанын уақыт көрсете жатар. Десек те... 

Шымкентке келген әр әкімнің өзіндік жолы, өзіндік ұстанымы бар. Бірақ олардың бәріне тән ұқсастықтар да жоқ емес. Жаңа әкім айналасына өзінің командасын жинайды. Кадрлық сапырылыс жасайды. Келген әкімнің соңынан бір қора қызметкерлер ереді. Әрине, шеттен кадр шақыру таңсық дүние емес шығар. Мәселе сол кадрлардың Шымкентке қандай мақсат-мүддемен келіп жатқандығында ғой. Халыққа қызмет ету үшін бе, әлде Шымкенттен карьера жасау үшін бе? 

«Министр немесе әкім ауысқан кезде кадрлық құрамның да айтарлықтай өзгеретіні айқын. Басшы қызметкерлердің санына қатысты нормативтер жоқ. Меритократия принциптері де барлық уақытта сақтала бермейді. Әлі күнге дейін қамқорлық және таныс арқылы, ықпалды қамқоршының көмегімен қызмет сатысында ілгерілеу жайттары бар. Бұған жол беруге болмайды. Мұндай жүйені қоғамдық пікір арқылы да сыни сараптамаға ұшырату қажет. Басқаша мүмкін емес. Өйткені ең бастысы – нәтиже. Қазақстан қарқынды дамып, алға қарай ілгерілеуі тиіс», – деген еді 2020 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен кездесуде. 

Жалпы көшпелі кадр мәселесі бүгін көтеріліп отырған мәселе емес. Бұл Назарбаевтың кезінде де айтылған. Әкімдерге осы жөнінде  Мемлекеттік қызмет істері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызмет басшылары тарапынан да қатаңдау ескерту жасалған. Бірақ бәрібір де әкім ауысқан соң өзінің кадрларын жинау тоқтаған емес. Осындай жазылмаған заңнан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қасында жүрген Ғабит Сыздықбеков те аттап өте алмаған тәрізді. Тоқаевтың  тапсырмасын өзі тәрбиелеген кадрының да тыңдамауға көше бастағаны ма? 

Әдетте келген әкім өзінің кадрларын алдымен аппарат басшысының орынбасары, кеңесші, көмекші етіп тағайындап, осыдан кейін жоғарылатушы еді. Ал Сыздықбеков келген бойда бірден аппарат басшысы мен орынбасарын жаңартты.  

Алдымен бір кездері Премьер-министрдің кеңсесінде бірге қызмет еткен Айдын  Кәрімовті өзіне орынбасар етіп алды. Жалпы Кәрімовтің Шымкентке келуі жоғарылау емес, төмендеу болды десек, қателеспейміз. Неге десеңіз, ол 2022 жылы Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары лауазымынан Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары болған. Шымкентке ол Сыздықбековтің жай орынбасары болып келді (есесіне өзімен бірге қызмет еткен әкімнің командасына қосылды). 

Бұдан кейін Сыздықбеков аппарат басшысын тағайындады. Бұл орынға  Алматы қаласында Алматы ауданының әкімі қызметін атқарып жүрген Ержан Сейтеновті отырғызды.  Ол соңғы жиырма жылда Алматы қалалық әкімдігінде, басқарма  басшысы, түрлі мекемелерге басшылық жасаған.  Жалпы Кәрімов те, Сейтенов те бұған дейін Шымкентте жұмыс істемеген. Шымкент бұл екеуі үшін нағыз жұмбақ қала.  Бұдан кейін Сыздықбеков білім басқармасының басшысы лауазымына Нұргүл Шәмшиеваны отырғызды. Шәмшиеваның білім саласында  жиырма жылдан астам тәжірибесі бар.  Уақтысында министрлікке қарасты департаменттерге жетекшілік еткен. 2021 жылдан бергі аралықта  тікелей Оқу-ағарту министрлігіне қарайтын Шымкент қаласы бойынша білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы болып істеген. Яғни, Шымкентте екі жыл ғана жұмыс істеген. Оның өзінде де тек бақылаушы органға басшылық жасаған. Шәмшиева соңғы кездері жемқорлықпен, айқай-шулармен аты шығып жүрген Шымкенттің білім саласын қаншалықты жөнге қоя алады? 

Шымкенттегі кадрлық тағайындаулардың, шеттен маман алдырудың мұнымен тоқтамайтыны бесенеден белгілі.  Ал бір кездері Шымкент қалалық әкімдігінің отымен кіріп, күлімен шыққан, білім, мәдениет, коммуналдық саласында тәжірибесі өте мол  қаншама кадрлар жұмыс таппай жүр? Бірі кем дүние деген осы. 

«Назарбаевтың тапсырмасымен орындаған едім»: Ғалым Байназар жазықсыз түрмеге қамалғаны жайлы айтты
Дархан Сатыбалдыны атқамінерлер алдап жүр ме? - «Азық түлік арзандады» деген ақылға қонбайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу