Даудан арылмаған Дінислам...
«Болатханұлының бас ұстаз болуға моралдық құқығы бар ма?» «Рейтинг» газетінде Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы туралы жариялаған мақаламызда осылай деген едік. Содан бергі үш айда бас ұстаз болуға моралдық құқығының жоқ екендігін Болатханұлының өзі де, құзырлы органдар мен сот та дәлелдеді десек, қателеспейтін сияқтымыз.
Түркістан облысында биыл біраз мектеп жаңа оқу жылына дайын болмай шықты. Бұл мәселеге облыс әкіміне дейін араласты. Күрделі жөндеу жұмыстары уақытында бітпей жатқан мектептерді аралап, проблемаларды өз көзіңмен барып көрді. Ал енді білім саласында осындай мәселелер туындап, шенеуніктердің бәрі шапқылап жүрген кезде облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының еңбек демалысына шығып кеткенін немен түсіндіруге болады? Облыстың бас ұстазының осы әрекеті ақтауға келе ме? Әлде Дінислам Болатханұлы шәкірттердің, мектептердің тағдырынан гөрі өзінің жеке басының мәселесін, қызметтік карьерасын жоғары қоя ма?
Естеріңізде болса, тамызда білім саласындағы өзекті мәселелер «Аманат» партиясының облыстық филиалында талқыланған болатын. Бұған дейін білім ұяларының жағдайын көзбен көріп келген депутаттар, партия белсенділері бірнеше мәселе бойынша дабыл қақты. Осы жиынның ертеңіне облыс басшысы Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданында күрделі жөндеу жұмыстары бітпей жатқан Панфилов атындағы мектепте болды. Мердігерге қатаңдау ескерту жасады. Бұл мектепте жөндеу жұмыстарының созылып кеткені әлеуметтік желіде әлі жазылып жатыр.
Апта басында облыстық мәслихаттың сессиясында білім басқармасының есебі тыңдалды. Жиында басқарма басшысының міндетін атқарушы Ардақ Садықова баяндама жасауы тиіс еді. Алайда дәл сессия болардың алдында оның денсаулығына байланысты келе алмағаны белгілі болды. Есепті басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Ахметов берді.?
Жиынға қатысқан 45 депутаттың 44-і басқарманың атқарған жұмысына қанағаттанарлықсыз деп баға беріп, тек бір депутат қалыс қалды. Осылайша білім басқармасында тірліктің оңбай тұрғанын облыстық мәслихат да шегелеп берді. Ендігі шешім қабылдау облыс әкімі Дархан Сатыбалдының еншісінде. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, Дінислам Болатханұлының қызметінен босату туралы мәселе бұған дейін де шешіліп қойылғанға ұқсайды. Алайда бұл шешіммен келіспеген бас ұстаз еңбек демалысына шығып кеткен, онымен қоймай өзінің үстінен ұсыныс берген антикордың шешімін даулап, сотқа арызданған. Сот мәселесіне кеңірек тоқтал кеткенді жөн санап отырмыз.
Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының, оның екі орынбасарының және бөлім басшысының пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат биыл жыл басында әлеуметтік желіде жарияланған болатын. Екі ортадағы параның көлемін кейбіреулер 11 миллион теңге деп көрсетті. Бас ұстаз бен оның орынбасарларына қатысты сотқа дейінгі тергеу тексеру амалдары Қылмыстық кодекстің 366-бабы, яғни пара алу бабы бойынша жүргізілген. Бірақ күдіктілердің әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты іс тоқтатылған. Мұны сол кезде Діислам Болатханұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған болатын. Алайда сыбайлас жемқорлыққа күдікті деп танылған шенеунік қылмыстық істен сытылғанымен, тәртіптік істен жалтара алмайды. Қылмыстық іс жабылған соң антикор облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мен оның орынбасарларының тәртіптік мәселесін қарау жөнінде хат жолдаған. Хатта лауазымды тұлғалар - Д.Болатханұлы, Б.Ахметов пен Н.Нұрлыбаев мемлекеттік қызметкер бола тұра, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде жүргізуге міндетті болуына қарамастан, өзіне бағынышты ұжымда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік ахуалын қалыптастырудың орнына қарамағындағы қызметкерлерге заңсыз тапсырмалар беріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бергенін көрсетілген. Алайда басқарма басшысы мұнымен келіспей, антикордың хатын даулап, сотқа талап арыз берді. Түркістан облысының мамандандырылған әкімшілік соты маусымда осыған қатысты ұйғарым шығарды. Ұйғарымда сот антикордың лауазымды тұлғаларға шара көру туралы ұсынымы әкімшілік актіге жатпайтынын алға тартып, талап арызды кері қайтарған. Бұған келіспеген Дінислам Болатханұлы мен оның орынбасары Бауыржан Ахметов облыстық сотқа шағымданды. Алайда облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі алқасы ұйғарымды күшінде қалдырды.
- Алқа бірінші сатыдағы сот талап қоюшының талап қоюды қайтару туралы дұрыс тұжырым жасаған деп табады. Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы заңды және негізді қабылданған, ұйғарымда баяндалған бірінші сатыдағы сот тұжырымдары істің мәнжайларына сәйкес келеді, шешім қабылдау барысында процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған,-деп жазылған қаулыда. Яғни, бас ұстаз сотта тағы жеңілді.
Енді облыс әкімі Дархан Сатыбалды антикордың хатында жазылғандай, «өзіне бағынышты ұжымда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік ахуалын қалыптастырудың орнына қарамағындағы қызметкерлерге заңсыз тапсырмалар беріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол берген», сонымен бірге облыстық мәслихат депутаттары жұмысын қанағаттанарлықсыз деп бағалаған Дінислам Болатханұлына қатысты шешімді қашан қабылдайды?
Жалпы, облыстың бас ұстазының ақылға қонымсыз тірлігін түсіну қиын. Ол антикордың хатынан кейін бәрібір қызметінен босатылатынын жақсы біледі. Ал жемқорлық тәуекелдеріне жол берді деген негізбен креслосымен қош айтысқан шенеуніктің бұдан кейін лауазымды қызметке баруының екіталай екендігі рас. Бірақ осыған қарамастан сотқа шағымдану, еңбек демалысына шығып кету не үшін қажет? Дінислам Болатханұлы неге үміт артты? Уақыт созу басқарма басшысына не үшін қажет болды?
Байқасаңыздар, Түркістан облысында білім басқармасы басшысының қызметінен дау-дамаймен кетуі соңғы кездері әдетке айналып барады. Енді Болатханұлының орны кімге бұйырады? Бәрі уақыттың еншісіндегі дүние.