Төртінші мұнай зауыты Ұлытауда салынуы мүмкін

Oinet.kz 27-06-2023 511

Screenshot_1.png

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысында төртінші мұнай өңдейтін зауыт салынуы мүмкін екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің бюджеттің кірісінің 70 пайызы «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі. Өндіріс көлемінің 75 пайызын осы кәсіпорын алып отыр. Яғни біздегі экономиканың негізі осы корпорацияға тәуелді. Тіпті монооблыс деп те атауға болады. Осыған байланысты өңірді дамытудың кешенді жоспарында аймақ экономикасын әртарапатандыруды негізгі бағыт етіп алдық. 2026 жылға дейін жалпы сомасы шамамен 140 млрд теңге болатын 14 инвестициялық жоба пулын жасадық.

Қазір Қытайдың City Construction компаниясымен мұнай өңдеу зауытын салу туралы келісім жүргізіп жатырмыз. Бірақ, өкінішке қарай, Энергетика министрлігі бізге өңдейтін мұнайдың жетіспейтіні туралы хабар берді. Инвестор мен Энергетика министрлігінің арасында қазір келіссөз жүріп жатыр», - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Сондай-ақ ол өңірдің бюджеті де басқа өңірлермен салыстырғанда ең төмен болып есептелетінін еске салды.

«Ұлытау облысының бюджеті небәрі 128 млрд теңге ғана. Мысалы, бұл Қарағанды облысымен салыстырғанда 4 есе аз. Осыған байланысты, өңірде қордаланған проблемаларға байланысты біз былтыр өңірді дамытудың 2026 жылға дейінгі жоспарын қабылдадық. Жоспар аясында 1,4 трлн теңге көлемінде әртүрлі көзден инвестициялар тарту көзделген. Бүгінгі таңда кешенді жоспар аясында 85 млрд теңгеден астам қаражат салынды. Жалпы құны 5 млрд теңге болатын 6 жоба іске қосылып, 430 жаңа жұмыс орны құрылды», - деді әкім.


Назарбаев пен Лукашенко не туралы сөйлесті?
Астананың 25 жылдығы қалай атап өтіледі?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу