Әкім Пармановтан пайда болмай тұр
Осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкентке көршілес Сайрам, Төле би аудандарынан ондаған елді мекен қосылып, оның соңы үшінші мегаполиске республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруге ұласқаны белгілі. Бірақ шымкенттік шенеуніктер қалаға енген жаңа елді мекендерді әлі күнге игере алмай әлек.
Әсіресе, қаладағы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановқа қатысты қолайсыз әңгіме көп. Елге көп уәде беретін, бірақ онысын орындай бермейтін пайдасыз әкім Парманов болып тұр.
- Біз әр жаққа арызданған соң талап-тілегімізді тыңдауға Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов келеді деген еді. Бірақ уәде еткен әкім келмеді. Одан кейін тағы бір рет келетін болған еді. Орынбасарына қатысты бір шаруа шығып, келмейтін болыпты деді.
Ертең кездесеміз деп келмей қалып елді алдайтыны қалай? Әйтеуір Пармановтан әзірге ешқандай пайда болмай тұр,- дейді Қайнарбұлақ ауылының тұрғындары атынан «Рейтинг» газетінің редакциясына арнайы арызданған Талғат Бекмырза.
Оқырмандардың өтінішіне орай Қайнарбұлаққа қарай әдейілеп жолға шықтық. Шымкенттен оншақты шақырым қашықтықта жатқан Қайнарбұлақ ауылы бұған дейін Сайрам ауданына қараған. 2016 жылы ол алдымен Шымкенттің Қаратау ауданына, кейін Абай ауданына қосылған. Әрине, мегаполистің құрамына ену Қайнарбұлақ үшін мәртебе шығар. Бірақ одан елге ешқандай пайда тимеген.
- Қайта Сайрам ауданында қалған мынау тұрған Таскешудің жағдайы бізден әлдеқайда жақсы. Шенеуніктер газ кіргізіп берген. Ал Қайнарбұлақта мұндай жұмыстар енді басталды. Қалаға қараған соң тұрғындар ауылдықтарға берілетін жеңілдіктерден қағылды, төлейтін салығымыз көбейді,- дейді ауыл тұрғындары.
Бірақ біздің қозғағалы отырған тақырыбымыз коммуналдық мәселеге де, салыққа да қатысы жоқ.
Қайнарбұлақ әуел бастан халық үшін нағыз құтты мекен. Оны құтты етіп тұрған бірнеше жерден шығып жатқан қайнар бұлақтар. Оның шипалық қасиеті Кавказдың әйгілі минералды суларынан кем емес көрінеді. Осы бұлақтарды зерттеген ғалымдар жер астынан мұнай қорын тауыпты деген әңгімелер де айтылады. Бұл өз алдына бөлек тақырып. Бұлақ сулары ауыл іргесінен ағып өтетін өзенді құрайды. Алпысыншы жылдары осы өзенге бөгет салынған. Жазда тұрғындар өзенді бөгеп, судың деңгейін көтереді. Сол арқылы бау-бақшаға арық атызбен ағын су барады. Буылған өзен әжептәуір көлге, жаз бойы тұрғындардың шомылатын, демалатын саялы мекеніне айналады. Осы көл соңғы жылдары кәсіпкерлердің көзқұртына айналған көрінеді.
- Қазір осы көлді «Автонұр» базарының иесі Талғат Айтбаев деген кәсіпкер иеленіп алған. Бірнеше жыл бұрын өзен, көлдің айналасын тікен сыммен қоршап, адамды да, малды да өте алмайтын етіп бекітті. Бұл нәубет 2019 жылдың көктемде басталды. Ауыл халқы көтеріліп, концлагер іспетті қоршауды алдыртқан. Кейін коронавирус індеті басталып кәсіпкер тынышталғандай еді. Жоқ, қателескен екенбіз. 2022 жылдың көктемінен бастап үгіт насихатын үдетті. Баяғы әуеніне басып, «мен коттедждер саламын, қорған төбеге, көлді айнала шайтан арбамен сейіл құратын жолдар жүргізіп, көлге қайықтар түсіремін» деп, іске шындап кірісті. Тұрғындар мұндай демалыс аймағы ауылдан ең кемі бес шақырым қашықтықта орналасуы керектігін мәлімдеп, тиісті құзырлы мекемелерге арыздануға мәжбүр болды. Кәсіпкер жоспарын тоқтатқанымен ауылдың кейбір белсенділерін өзіне тартып, бірлігімізге сызат салумен келеді,- дейді ауыл ақсақалы, ұзақ жыл ұстаздық еткен Жұрынтай Әбілдәұлы.
Көлден оншақты метр жерде тұрған қорған төбеге тоқтала кетсек. Ақсақалдың айтуынша, бұл төбені жергілікті халық «Хан қызының ордасы» деп атайды. Заманында бұл жерде хан қызы нөкерлерімен бірге тұрған дейді. Ал хан ордасының өзі өзеннің арғы бетіндегі төбеде, қазіргі ауыл зиратының орнында болған көрінеді. Онымен жапсарлас тағы бір төбе бар. Ақсалдың сөзінен ұққанымыз бұл жерлер ІХ-Х ғасырлардағы Жәуһар деп аталатын шаһардың орны, яғни тарихи мекен. Оны археологтар келіп арнайы зерттеген. Бірақ тарихи орында бұл туралы ешқандай белгі, тақтайша жоқ. Оның жекеменшікке қалай өтіп кеткені белгісіз.
- Біздің осы жерден медресе ашып, жастарды имандылыққа жетелесек деген жоспарымыз бар. Ауыл тұрғындарының ортақ жерінің бәрін әкімдер сатып жіберсе не болады? Қу дүниенің соңына жеткен кім бар? Бизнесмендер осы жерден пляж ашса, оның неге айналатыны белгілі ғой. Жартылай жалаңаш адамдар қаптап, арақ-шарап ішіледі. Бұл жастардың тәрбиесіне де теріс әсер етеді. Мына жердегі ата-бабамыздың әруағынан да ұят емес пе?,- дейді ауыл тұрғыны Оңғар Базарбаев.
- Президенттің «Жаңа Қазақстаны» халықтың көкейіне үміт ұялатты. Алайда оны жергілікті шенеуніктер жай ғана науқанға айналдырып алған. Қайта бұрын әділдік бар сияқты еді. Екі мыңыншы жылдардың басында осы жерге бір көше түсіреміз деп, тұрғын үйлердің құрылысы басталып еді. Бірақ әкімдер оған рұқсат етпей, үйлерді бұздырып тастаған болатын. Ал енді бүгін атқамінерлер халықтың қарсылығына қарамастан кәсіпкерді қолдап отыр,-дейді ауыл тұрғыны Азамат Әбілдаев.
Бізбен тілдескен тұрғындардың талабы мынау:
Қасиеті де, киелі тарихи мекен мемлекеттік дәрежеде қорғалсын. Бір кездері жекеменшікке өтіп кеткен көл мен оның айналасындағы жайылымдар халыққа қайтарылсын.
Біз қайнарбұлақтықтардың осы арыз-шағымына байланысты кәсіпкер Талғат Айтбаевпен де тілдестік.
- Мен бұл мәселеге байланысты ешкіммен айтысып тартысқым келмейді. Ауыл халқының бәрі менің жобаларыма қарсы деуге болмайды. Мен қолдап отырғандар көп. Себебі менің жобамда әдепке қайшы келетін ештеңе жоқ. Бұл жерге ағаш егіледі, халық серуен құратын, демалатын саябақ болады. Уақтысында осы өзеннің бойынан тауық фермасы мен мал қора салынып кеткен. Қазір олар жұмыс істеп тұр. Арызданушылар елге, жерге жаны ашыса, оған неге жол берді?,- деген кәсіпкер бұл даудың арғы жағы ауыл тұрғындары арасындағы келіспеушілікпен байланысты екендігін алға тартты.
Айтбаевтың айтқандарынан түсінгеніміз ол жерді оншақты жыл бұрын сатып алған. Сонымен бірге ол Қайнарбұлақ ауылына жәрдем бергенін, мақсаты пайда табу емес, халықтың игілігіне жұмыс істеу екендігін ескертті.
Ал, енді бұған Шымкент қалалық әкімдігі не дейді? Ауыл тұрғындарының жазған арызы бойынша жуырда Шымкент қаласы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ержан Нұразхановтан жауап келген екен. Жауап хатта жазылғандай, өзен бойы Сайрам ауданы әкімдігінің қаулысымен жеке меншік құқығына демалыс кешені ретінде рәсімделген. Жер телімі өзен су белдеудің жасыл желек аумағында орналасқан. Одан әрі басқарма басшысы қазіргі уақытта қаланың жаңа бас жоспарының талқыланып жатқанын мәлімдеп, хаттың соңында жерге қатысты даулардың сот тәртібімен шешілетінін хабарлапты. Осы мақала жазылып жатқан кезде тиісті басқарманың басшысы бір топ қызметкерімен бірге пара алды деген күдікпен ұсталып кетті. Жерге жауапты шенеуніктердің тірлігі осылайша күмән-күдіктен сейілмей тұр.
Жерге қатысты заң бойынша халықтың ортақ пайдаланатын жері жекеменшікке берілмеуі тиіс. Ал Қайнарбұлақтағы көл, оның үстіне тарихи мекен қалайша кәсіпкердің қолына өтті? Сондықтан алдағы уақытта прокуратура, қалалық жер ресурстарын басқару департаменті осы мәселеге тексеру жүргізуі тиіс деп ойлаймыз. Ал енді Абай аудандық әкімдігі туралы әңгіме бөлек. Әкім Бұхарбай Пармановқа халықпен кездесіп, талап-тілегіне құлақ түру, тиісті шешімдер қабылдау соншалықты қиын шаруа болғаны ма? Әлде Пармановқа Президенттің тапсырмасы, «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүрмей ме?