«Ұлдарымды кінәлі деп есептемеймін» - Жигули Дайрабаев

Oinet.kz 13-04-2023 897

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев алаяқтық бабы бойынша сотталған қос ұлына қатысты пікір білдірді:

Screenshot_3.jpg

- Біраз адам шулады екен деп, мен мандатты тастамаймын. Депутаттың мандаты ойыншық емес. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Екі ұлымды да кінәлі деп есептемеймін. Апелляция береді, адвокаттар жұмыс істеп жатыр,- деді депутат. 

Жуырда Тараз қаласының №2 сотының шығарған үкіміне қарағанда, Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Күлекеев және кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық (депутат Жигули Дайрабаевтың ұлдары) субсидиялау қағидаларын бұзып, мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде шығын келтірген. Олар субсидиялардан алған ақшаның жартысын өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Алайда сотта олар өз кінәсін мойындамаған. Сот үкімі бойынша  Ерлан Күлекеев 6 жылға бас бостандығы мен өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.  Ал «аса ірі көлемде алаяқтық жасады» деген айып бойынша кінәлі деп танылған Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан және 5 жылға шартты түрде бас бостандықтарынан айырылды. 

Сот үкімімен Дидар Молдақалықтың «TOYOTA LAND CRUISER 200» көлігі мемлекет меншігіне тәркіленді. 

Жигули Дайрабаев былтыр президент сайлауына қатысып, дауыс берудің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаевтан кейінгі екінші орын алған болатын. Биыл ол Парламент сайлауы кезінде  «Ауыл» партиясының тізімімен Мәжіліс депутаты болып сайланды.

Руслан Шәмшиев кісі қолынан қаза тапқан
Тасмағамбетов президент қызметінен кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу