Министрдің әкесі қайтыс болды
Қазақ геологиялық барлауының негізін салушылардың бірі, префессор – Орал Ақшолақов 86 жасында қайтыс болды. Бұл ақпаратты ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі растады. Орал Ақшолақов – Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың әкесі.
Ақшолақов Орал Ақшолақұлы 1936 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында дүниеге келген. Орал Ақшолақов – бірегей ғалым, қазақ геологиялық барлауының негізін салушы, Қазақстан Республикасы Минералдық ресурстар академиясының толық мүшесі. 1958 жылы Губкин тындағы Мәскеу мұнай институтын бітірген.
Еңбек жолын 1958 жылы Батыс Қазақстан геологиялық басқармасы мен Гурьев кешенді аумақтық мұнай және газ барлау экспедициясының коллекторы болып бастаған. Бірнеше жыл геологиялық экспедицияларда жұмыс істеген.
1992-1994 жылдары - Қазақстан Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің бас мұнай-газ басқармасының бастығы. 1994 жылдан 1998 жылға дейін "ҚазМемлекеттік" РМК минералдық ресурстар бас басқармасы бастығының орынбасары болды. Одан кейін бірнеше жыл "Степной Леопард" бірлескен кәсіпорнының бас директоры, "Тау-кен және экономикалық консалтинг" ЖШС бас маманы қызметтерін атқарды.
2003 жылдан бастап Марабаев атындағы "Мұнайшы" қоғамдық қорының құрылтайшысы және Қамқоршылық кеңесінің мүшесі болды.
Орал Ақшолақов – 170-тен аса жарияланған және қолжазба ғылыми еңбектердің, сондай-ақ Қазақстан мұнай энциклопедиясының екі басылымының авторы.
Сонымен қатар Прорва, Мартыши, Камышитовый, Жаңажол, Жетібай, Өзен, Тасболат, Кеңқияқ, Өріктау, Қарашығанақ және т.б. бірқатар мұнай-газ кен орындарын ашушы.