Болатбек Әлиев елді тағы шулатып жатыр
21-06-2023
Шешендік адамға туа бітетін, қанмен келетін қасиет. Қазақтың сөз саптаған шешен, топ бастаған көсем болған қасиетті арғы атадан немесе нағашыдан іздеп жататыны да содан шығар. Иә, рас, елді өзіне ұйытып әкетуге адамның тумысынан бейімдігі болуы тиіс екен. Ең бастысы, ол көпшілік ортада сөйлегенді жақсы көруі қажет, тіпті мұндай кезде ерекше шабыты оянып, өзінің сөйлеген сөзінен өзі де ләззаттануы керек.
Көпшіліктің алдына шыққан кезде адам бірінші кезекте, қыстырма, жаттанды сөздерден аулақ болғаны жөн. Газет журналистері мақалаға тақырып қоюға баса мән береді. «Жақсы тақырып – жарты мақала» деген сөз қалыптасқан. Ал шешендік өнерде алғашқы сөйлем маңызды рөл ойнайды. Ұтымды басталған сөз, бүкіл айтылған сөздің жартысы саналады. Шешен сөйлеу үшін адам алдымен актерлік өнерді меңгеруі тиіс. Көпшіліктің алдында өзіңді еркін, денеңді тік ұстау, сөздің салмағын, мән-мағынасын қимылмен білдіріп отыру, бәрі-бәрі актерлік шеберлікпен ғана келеді. Бірақ есіңізде болсын, осындай ақыл-кеңестерді мүлтіксіз орындаймын деп, жасандылыққа барудың қажеті жоқ, бәрі де табиғи болуы шарт.
Еуропада шешендік өнердің ордасы – ежелгі Грекия. Ол дәл Грекиядағыдай өзінің шарықтау шегіне жете қойған жоқ. Эллада жұрты шешендік өнерді сәттілік пен табыстың кілті деп есептеген. Шешендік өнерге үйретуші—софистер жер-жерді аралып, балаларға осы өнердің қыр-сырын үйреткен. Олар шәкірттерге пікірталастыруды, өзінің дәлелдемелерін сенімді жеткізуге, жұртты өз сөзіне иландыра алуға баулыпты.
Шешендік өнер туралы алғаш кітап жазғандардың бірі Аристотель. Ол адамның сөйлеген сөзі ішкі жан дүниесімен сәйкес келуі тиіс деп жазыпты. «Мың жерден шешен болса да жеңіл жүрісті әйелдің ақыл-парасат, бала тәрбиесі туралы айтқан сөзіне ешкім сенбейді» депті ол.
Ежелгі Римнің керемет ораторы, философ-ғалым Цицерон көпшіліктің алдына шығып сөйлеу үшін алдын ала тыңғылықты даярланыпты. Даярлықсыз ол бір ауыз сөз айта алмаған. Оның «баяндамасының» біраз бөлігін әйелі жазып берген көрінеді.
Ежелгі грек шешені Демосфен иықтарын селкілдете беретін жүйке ауруына шалдыққан екен. Ол бұл әдеттен құтылу үшін шешендікке жаттығу кезінде ол иықтарына қылыштың өткір жүзін жақын ұстап тұрыпты. Алғашқы кезде жарақат та алған. Бірақ Демосфен ақыр түбі жаман әдеттен құтылыпты. Оның даусы бәсең, дикциясы нашар болыпты. Бұдан арылу үшін ол аузына тастарды салып, осыдан кейін сөздерді анық айтуға үйренген. Демосфон «шешендік өнер—бұл жаттығу, жаттығу жаттығу» деген екен.
Ломоносов шешендік өнерді ғылымдардығң ішіндегі ең негізгісі деп есептеген.
АҚШ президенті Авраам Линкольн өзінің саяси карьерасын 30 жасында бастаған. Ол сайлауға 18 мәрте түсіп, оның 17-ісінде жеңіліс тапқан. Ол тек бір рет қана жеңіске жетіп, АҚШ-тың 16-шы президенті болып сайланды. Линкольн адамзат тарихындағы ең шешен президенттердің бірі. Бірақ алғашқыда ол көпшіліктің алдына шығып сөйлеген кезінде қатты қысылады екен. Әсіресе, залда отырғандардың арасында әйел болса, бір ауыз сөз айтуға да жүрексініпті. Бірақ табиғат Линкольннің бойына ғажам шыдамдылық пен табандылық берген. Линкольн көшеде кетіп бара жатқан кезде, тамақтанып отырғанда, басқа да күнделікті шаруалармен айналысып жүріп ең ұтымды деген сөздерді ойлап табады екен. Ойына түскен бойда оны кез-келген нәрсеге жазып алады екен. Көбіне бас киіміне жазып, қол тиген уақытта оны қағазға көшіреді екен. Линкольннің сөйлеген кездегі қимыл-қозғалысы да ерекшелеу болған. Ол ешқашан аяқтарын айқастырмаған, ештеңге сүйенбеген, ерсілі-қарсылы жүрмеген, қол сермемеген. Ол сөзін қозғалыссыз, тік тұрып айтқанды жақсы көріпті.
Ленин де адамзат тарихындағы ең шешен тұлғалардың бірі. Көпшіліктің алдына шыққан кезде ол айтқан сөздерінің мән-мағынасын іс-қимылымен де айқын аңғартып тұрған. Жұртшылық Лениннің жиынына коммунизмді жақсы көргені үшін емес, Лениннің сөздерін жақсы көрген үшін келген көрінеді.
Ағылшынның темір ханшайымы–Маргарет Тэтчердың даусы құлаққа жағымсыз естілетін болған. Жұрттың алдына шыққан кезде ол назарын қайда аударарын білмей қатты қысылыпты. «Темір ханшайым» шешендік өнерден арнайы сабақ алмаса болмайтынын түсінеді. Бірінші кезекте ол тәжірибелі театр қызметкерлерінен көмек сұраған, уақыт өте келе жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Актерлік шеберлік пен шешендік өнердің арасында жақындықтың барын осындан-ақ байқауға болады. Және Маргарет Тэтчер ханымға «Темір ханшайым» деген ат оның саяси көзқарасындағы табандылыққа емес, дауысының жағымсыздығына қатысты берілген.
Уинстон Черчилль «бір сағат бойы тапжылмастан сөйлеу бәрінің қолынан келеді, ал бес минут шешен сөйлеу үшін адам алдын ала бір ай бойы дайындалуы керек» деген. Ол сөзден тосылып қалуды өліммен теңестіріп, 20 минуттан артық сөйлеудің қажеттілігі жоқ деп есептеген.
Ел басқарған саясаткерлерлің ішінде дәл Гитлердей шешен адамды таба қою қиын. Гитлердің сөйлеген сөздерін талдаған сарапшылар оның барлық жағынан жұртшылыққа әсер ете алғанын мойындапты. Барлық жағы дегеніміз: оның сөзі, қимыл-әрекеті (жест), сөйлемдердің арасында үзілісі, эмоциясы. Гитлер соғыста өзінің қарсыластарынан жеңілген шығар, бірақ сөзсайысында ол ешкімді алдына салып көрген жоқ.
Дегенмен, «тілде тиек жоқ» деген қазақтың аталы сөзін дәлелдеп, Гиннесс рекордына іліккен жанның бірі һәм бірегейі Кубаның бұрынғы жетекшісі Фидель Кастро. Ол 1960 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінде 4 сағат 29 минут тоқтамай сөйлеген. «Кастро сөз бастаса, борбайы бостардың мазасы кетеді» деген әзіл-шыны аралас сөз де қалған. Әрине, 2-3 сағат бойы тоқтамай сөйлеген сан сәттерінде жіпсіз байланған алаңдағы кубалықтардың жағдайы айтпаса да түсінікті емес пе!
Миллиондаған тұрғынның алдында ауызына келгенін айтып салғыш мемлекет басшыларының қатарында Венесуэла президенті Уго Чавес алдыңғы шепте. 2006 жылы БҰҰ-ның мінберінде АҚШ президенті Джорж Буш сөз сөйлеген болатын. Бір күннен кейін сөз кезегі Уго Чавеске жетті. Сонда ол былай деп салды: «Кеше осы жерге шайтан келді. Тап осы жерге. Маған қарсы тұрған мына үстелде соның иісі әлі мүңкіп тұр».
Иранның алтыншы президент Махмуд Ахмадинежад та ұшқары пікір айту жағынан Уго Чавестен қалыспайтын. Махмуд Ахмадинежадты таққа алып келген де сайраған қызыл тілі еді. Терең ойлы ештеңе айтпаса да, сайлауда жеңіп шықты. Бұл құбылысқа таң қалған мамандар зерттей келе мына мәселені анықтаған: Миллиондаған сайлаушылардың алдында сағаттап тоқтамай сөйлеген Махмуд Ахмадинежад елдің есінде тез сақталып қалатын, қарапайым 18 сөзді үнемі қайталаумен болған.
Ал қазіргі билеушілердің ішінде шешендігімен көзге түскен кім бар? Ресейдің психологы, уақтысында шешендік өнерге премьер-министрлерді де баулыған Дмитрий Устинов:
– Осы салада 20 жылдан астам тәжірибесі бар маман ретінде айтарым, Путиннің шешендік қарым-қабылеті қалыптасқан адам деп бағалауға болады. Егер әлемде президент—шешендердің рейтингісі жасалса, онда Путин алғашқы үштікке сөзсіз енеді. Сондай-ақ, алғашқы орындарды Обама мен Саркози (Францияның бұрынғы президенті) иеленген болар еді,–депті.
Шешендігімен, ақындығымен аты шыққан кешегі көшпелі халықтың ұрпағы, бүгінгі қазақ шенеуніктерінің ішінде сөздің түбін түсіріп, елді өзіне ұйытып әкететін кім бар? Елбасы Н.Назарбаевтың сөз саптасын нашар деп айтуға болмайды. Президенттің ақынжандылығы, қазақы қалжыңға келгенде тапқырлығы аңғарылып тұрады, ойын қазақша да, орысша да айқын жеткізе алады. Мұхтар Құл-Мұхамед... Астананың әкімі Иманғали Тасмағамбетов де сөзін жұптап, ойын әсерлеп жеткізуге әуестігі барын білеміз. Ал, көпшіліктің көзіне түспей жүрген жанның бірі саясаткер Әміржан Қосанов болса керек. Бұрынырақта Алматыда азды-көпті өтіп тұратын түрлі шерулерде халықтың алдына шығып, екі тілде де шешен сөйлеуге ол әбден төселіп алды. Егер біздің елде саясаткерлерді халықтың алдына шығарып, шешендік өнерден ашық жарыс өткізсе, Әміржан Қосановтың жерде қалмасы анық секілді.