Тоқаев Қорғаныс министрі Бектанов не үшін қызметтен қуып жібергенін түсіндірді
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қорғаныс министрі болған Мұрат Бектанов қызметінен босатылып, оның орнына Руслан Жақсылықов тағайындалды. Президент бұл ауыс-түйісті министрлік жұмысының әлсіздігімен түсіндірді.
Қ.Тоқаев атап өткендей, Қорғаныс министрлігінің басшылығы қаңтар басында болған бүлік кезінде елді қорғап қала алмаған. Соның салдарынан Мемлекет басшысы өзге елдердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болыпты
«Армия Тәуелсіздігіміздің тірегі болып, мемлекет мүдделерін қорғауы тиіс. Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы Күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмады. Министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмады. Командалық-штабтық және әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже көрсеткен армиямыз бола тұра, сын сағатта оның әлеуетін пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық», – деді Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал, жаңа тағайындалған министрге ол жаңа тапсырмалар берді. Сондай-ақ, Руслан Жақсылықовтың білікті маман екенін атап өтті.
«Оның тәжірибесі мол. Ішкі әскерде 30 жылдан астам қызмет етті. Ол қатардағы жауынгерден бастап, әртүрлі басшылық қызметтерді атқарды. Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысына дейінгі әскери жолдан өтті», – деді Президент.
Еске салайық, 5-7 қаңтар аралығында елімізде болған бүлік кезінде 227 адам қаза тапты. Сондай-ақ, Алматы мен Талдықорғанда, Қызылорда мен Таразда әкімшілік ғимараттары, ҰҚК мен полиция ғимараттары қирады.