Мәжіліс депутаттары Назарбаевты биліктен айырды
Парламент Мәжілісі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төрағалық етуін алып тастау туралы заңдарға түзетулер енгізді.
Бұл туралы депутат Қанат Нұров facebook-тегі парақшасында жазды.
"Мемлекет басшысының парламенттегі соңғы сөзі мәні жағынан революциялық сипатта болды, халықты тыныштандырды. Енді парламент пен үкімет оның барлық уәдесін толық, жедел және нақты орындауы керек. Біріншіден, Тұңғыш Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесіндегі өмір бойы төрағалығын алып тастау керек болды, оны біз бүгін атқардық", - деді Қанат Нұров.
Депутаттың айтуынша, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы», «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» және «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесі туралы» конституциялық заңдарға қажетті барлық түзетулер Сенатқа жіберілді.