Өмірзақ Шөкеев: Тәртіп орнатпай, тынбаймын

Oinet.kz 03-06-2021 2109

Түркістан облысында заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларға қарсы күрес басталды. Бұл мәселе облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жеке бақылауында. Бүгіннен бастап Түркістан облысы әкімдігінің «Ситуациялық орталығы» облыс аумағындағы барлық өзен арналарында ғарыш мониторингі арқылы бақылау жүргізеді. Әшкереленген заңсыз әрекеттердің дәлелдері жинақталады. Мобильді топтар өңірдегі өзен арналарындағы құм мен қиыршықтас қоспасын заңсыз қазғандарға қарсы күрес ашты. Заңсыз жүк тиелген көліктердің жолы жабылып, қылмыстық іс қозғалады.  

Өмірзақ Шөкеев.jpg

Қоршаған ортаға аса ірі көлемде залал келтіріп жатқан қылмыстық топтардың әрекетін әшкерелеу мәселесі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге жалпы 110 келісімшарт және 38 лицензия берілген. Бүгіннен бастап лицензия беруге мораторий жарияланды. 

«Заңсыз жер қойнауын пайдалану көбейіп кетті. Әсіресе өзендердің бойындағы тас, құм қазғандардың жолын кесіп, қызметіне тосқауыл қою керек. Бұл мәселені аудандарда өткен кездесу кезінде ауыл ақсақалдары көтеріп, алаңдаушылық білдірген болатын. Табиғатқа қиянат жасауға болмайды. Өзен арнасын таба алмай қалдық. Тәртіп орнатпай, тынбаймын»,-деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев. 

Құм, тас карьерінің кесірінен өзендер сарқылып, ауылдар сусыз қалып, көпірлер мен жолдар жарамсыз күйге түсуде. Жер қыртысы бүлініп, таудағы бұлақтар тартылып жатыр. Кең таралған пайдалы қазбалардан шағалтас, кұм, топырақ, гипс, ас тұзы, әк-тас секілді пайдалы қазбалары өндіріледі. Құрылыс нысандарының шоғырланған аумағы мен пайдалы қазбалар қорыларының орналасқан орнын ескере отырып, рұқсат құжаттары негізінен Кентау қаласы және Сайрам, Ордабасы аудандары аумақтарына рәсімделген. Заңсыз қызметке тосқауыл қою жолдары талқыланған жиында облыс әкімі құзырлы орган басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Ислам Әбішев бостандыққа шықты
Нұрсұлтан Назарбаев: «Ол мүйізде нелерің бар, орнына қойып қойыңдар»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу