Назарбаев Түркістанды салған Шөкеевке қол шапалақтап ризашылығын білдірді (видео)
OINET.KZ - Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына сапарлап келді. Ол сапар барысында қаладағы көптеген жаңа нысандармен танысты.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістан қаласын не үшін салғандарын түсіндірді.
- Тәуелсіздік жылдары біз тағы бір маңызды нысанды салдық. Бұл Түркістан қаласы. Бұл еліміздің тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына жасап жатқан сыйлығымыз!
Түркістанның ұзақ тарихында ол бұрын-соңды мұндай жаңғыру көрген емес. Мүлдем жаңа, бірегей қала. Бүкіл архитектурасы түркі және қазіргі заманға негізделген. Бұл тек Қазақстан үшін емес, бүкіл адам үшін ерекше орын болады. "Керуен-сарайдың" өзі, қалған парктер, нысандар неге тұрады. Қалада жаңа туристік маршруттар ашылады. Қалада жұмыс қызады, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл жастарға жасалып отырған мүмкіндік, - деді Елбасы БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
Сапар барысында Елбасы осы қаланы өркендетіп жатқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке алғыс білдірді.
- Әкімдік пен әкімнің белсенді жұмысы... Ұйымдастыру жұмыстары өте зор. Мен Астананы тұрғызған адам ретінде бұның не екенін білемін. Әкімге қол шапалақ, - деп Елбасы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке алғыс білдірді.