Судья Жолманова өзіне «тапсырыс бергендердің» атын айтты

Oinet.kz 12-05-2021 3032

Ірі көлемде пара алды деп күдікке ілінген Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманова жұрттан араша сұрап, болған істің мән жайын өз аузымен айтты деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Screenshot_4.jpg

Журналистермен өткен онлайн кездесуде судья өзі туралы әлемжеліде тараған алып-қашпа ақпаратқа қатысты түсінік беріп, сейфтен табылған 10 мың доллардың "шығу тегін" баян етті.

Оның атап өткеніндей әлгі қаражат өз жинағы, оның өзінде тұтастай емес. Қаржының бір бөлігін пәтер сатып алу үшін қарызға алған.

"Түркісб ауданында тұратын шешемнің үйін сатып, оның үстінен аз-мұз ақша қосып, тап жанымнан пәтер сатып алуды ұйғарғанбыз. Сол күні Отбасы банкке баруды ойластырып, алғашқы жарнаны аудару үшін ақшаны жұмысқа алып келген жайым бар еді", – дейді Жолманова.

Бұдан бұрын бірқатар БАҚ: “Жолманова құрылыс компаниясынан миллион долларға жуық пара алды” деген ақпарат таратқан-ды.

Судья мұны жоққа шығарып отыр.

"Құрылыс компаниясынан көк тиын алған емеспін. Мойындайын, осыған дейін құрылыс саласына қатысты іс-құжатты қарастырғаным рас. Мен ғана емес, бұларға қатысты басқа да судьялар халықтың сөзін сөйлеп, теріс шешім шығарды.

Мәселен “Есентай ситидің” дауы. Мен тұрғындардың шағымын заңды деп танып, ауқымы кеңейіп жатқан тұрғын-үй кешенінің кесірінен ауласына өте алмай қалғанын азаматтарды ақтап шықтым. “Еурополис” тұрғын-үй кешеніне арызданған тұрғындардың талабын тыңдап, үйдің қолданысқа берілуін заңсыз деп таптым", – дейді ол.

Жолманова бұл істің қолдан құралғанын, қудалауды қастық ойлағандар ұйымдастырғанын айтады.

"Медеу аудандық сотының төрағасы Әсет Боранбаев пен Алматы қалалық сотының төрағасы Асқар Смайловтың ұзақ уақыт бойғы заңсыз іс-әрекеттеріне қарсы тұрдым. Судьялар шешіміне ықпал етіп, қысым көрсетуіне кедергі келтірдім.

Аудандық сот төрағасы біздің жұмысқа септігін тигізетін мамандарды, хатшыларды қудалап, жұмыстан шығара бастады. Әрбір судьяның хатшысы болуы керек. Былайша айтқанда оң қолы. Бұлардың жүктемесі көп, жалақысы аз.

Біздің шұғыл шешім шығарып, жұмысты жедел жүргізуіміз осы көмекшілерге тіреліп тұр. Ал Боранбаев болса, оларға себепсізден соқтығып, тырнақ астынан кір іздеді. Салдарынан 6 хатшы жұмыстан кетті", – дейді Жолманова.

Судья осыны айтып, Жақын Асановқа дейін жеткен. Мәселе шешімін тапқандай болған. Алайда кейін қалалық соттық төрағасы ауысып кетіп, жағдай қайта ушығыпты.

"Тоқ етерін айтқанда, мен өз ісіме адалмын. Ақылға сиятын, заң аясындағы әділетті шешімдер қабылдадым", - дейді судья Жолманова.

Сағынтаев университет ректорларының былық-шылықтарын әшкереледі
Назарбаев Түркістанды салған Шөкеевке қол шапалақтап ризашылығын білдірді (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу