Шымкент әкімі масыл кітапханаларға ақша табуды тапсырды
Шымкентте кітапханалар сияқты мәдени мекемелер енді өз күндерін өздері көруі мүмкін.Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов жылдық есебінде мәлімдеді деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
–Қаланың мәдени-рухани өмірінде оң өзгерістер бар. Бұл салаға жаңа мамандар келіп, жоғары талаптар қойылып отыр. Халықтың мәдени өмірін байытуға қажет өнер ұжымдары толықтай мемлекеттен субсидияланады. Мәдениет мекемелерінің жылдық бюджетінің 98 пайызын мемлекет берсе, тек 2 пайызын мекемелер тауып отыр. Биыл мәдениет мекемелеріне 30 пайызға дейін қаржы табу жүктелді. Халықты қызықтыратын жақсы қойылымдар қойып, мәдени бағдарламалар әзірлесе, халық бармайды емес, барады. Мәдениет саласы нарыққа жұмыс істейтін кез келді,-деді қала әкімі.
Яғни мәдени мекемелер мемлекетке масыл болып отырған секілді. Табыстары бар болғаны 2 пайыз ғана. Қалған 98 пайызды мемлекет береді. Осыған байланысты оларды табысты 30 пайызға дейін арттырып, масылдықтан құтылу керек.
Сонымен қатар, шаһар басшысы өткен жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болса, биыл Шымкент қаласының 2200 жылдығы төңірегінде ЮНЕСКО көлемінде бірқатар мәдени-рухани іс-шаралар жоспарланғанын мәлімдеді.