Басқарма бастығы Жұмағали Исмаиловтың мақаланы не үшін жарыққа шығарғысы келмеді?

Oinet.kz 22-03-2019 1026

Screenshot_10.jpg

Жұмағали Исмаилов басқаратын облыстық  денсаулық сақтау саласындағы әбден ушыққан шиеленіс бұған дейін бірқатар республикалық, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты өткір сынға ілігіп келсе, енді, міне, даулы мәселеге Елбасы саясатының дұрыс жүзеге асуын кеңінен насихаттайтын қазақ баспасөзінің қарашаңырағы, еліміздегі ең көшбасшы басылым  «Егемен Қазақстан»   да тікелей араласуы талай жайтты аңғартады. Басылымның 26 мамыр күні жарық көрген санында «Нүктесі қойылмайтын дау» атты мақала жарияланып, онда облыстьың медицина саласындағы былықтар, мемлекеттік сатып алу саласындағы қайшылықтар тақырыбы қозғалды. Астанадан арнайы тілішінің оңтүстікке әдейі келіп, журналистік зерттеу жүргізіп, өте көлемді мақала жазуына   бірқатар шымкенттік  кәсіпкерлердің редакцияға келіп түскен арызы негіз болған.

Қаңтар айында ме­дициналық техника мен дәрі-дәр­мектерді сатып алуға байланысты тендер жарияланған кезде-ақ тұтанған дау-жанжалдың жалыны басылар емес. Біліктілік  талаптарына сай емес деген желеумен конкурсқа қатыс­тырылмаған бірқатар фирма басшылары әділдік іздеп сотқа да жүгінді.  «Аптека-5» ЖШС мен «ЭКО-БАРС» ЖШС директорлары қол қойған арызда тендер өткізуде байқалған заңсыз әрекеттер мен бұра тарту фактілері егжей-тегжейлі баяндалған. Екі фирма басшылары тендердің хаттамасын жарамсыз деп тануды, сондай-ақ басқар­маның әлеуетті жеткізуші компанияларымен ке­лі­сім-шартқа қол қоюға тыйым салуды талап етіп, сотқа арызданды. Осы секілді келеңсіздіктер онсыз да жағдайы мәз болмай тұрған Оңтүстіктегі медицина саласын тіптен тығырыққа тіреп тастағаны хақ.  Дауға арқау болған негізгі жайттарға тереңірек үңілейік.

   «Аптека-5» ЖШС және «ЭКО-БАРС» ЖШС  ұсынған құжатта­рын қараған тендерлік комиссия тауарларды жеткізу мерзімі сөз­бен емес, санмен көрсетілгеніне шүйлігіп, кемшілік ретінда алға тартыпты. Әділетсіздікке ұшыраған фирма өкілдері сотқа жүгінуіне тура келді. Оның үстіне, бас­қар­­ма бастығы Жұ­мағали Ис­маи­ловтың өзі де  кезінде тауарларды медициналық мекемелерден келіп түскен тапсырыстар кестесі  негізінде жеткізу қажеттігі жайлы бұйрыққа қол қойғаны анықталды. Істің мән-жайын қараған сот тендерлік комиссияның жұмысында кемшіліктерді анықтап, шағымданушылардың талап-арызын қанағаттандырды. Кішігірім ұсақ-түйекке қадалатын денсаулық сақтау басқармасының басшылығы есесіне бюджеттің қыруар қаржысын үнемдеуге құлықсыздық танытатыны да әшкере болды. Басқасын былай қойғанда бұл Елбасы саясатына қарсы әрекет екенін Жұмағали Исмаилов білмейді дегенге сену қиын-ақ. Әлде биылғы Жолдауында Мем­­лекет басшысы  ми­нистрліктер мен ведомос­тво­ларға бюджеттің қаржысын 20 пайызға дейін үнем­деуді тапсырғанын білмей ме?  

Қалай болғанда да конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз болып таныл­ған ком­паниялардың ұсынған бағасы тендерден шеттетілген  «ЭКО-БАРС» ЖШС-ның ұсынысынан әлде­қайда жоғары болып шықты. 43 лот бойынша конкурсқа құжат өткізген бұл фирма ең төменгі бағаны ұсынғанына қарамастан шеттетілді.  Бірер мысал келтірейік.   №129 лот бойынша «ЭКО-БАРС» ЖШС қажетті көлемдегі дәрі-дәрмекті  17 миллион 450 мың тең­геге жеткізіп беруге келіскен. Алайда, комиссия мүшелерінің бүйрегі 31 миллион теңге көлемінде, яғни екі есе қымбат  баға ұсынысын алға тартқан «Зерде» ЖШС-на бұруының астарында не жатыр?  №132 лот бойынша «Дана Эстрела» ЖШС 8 миллион 79 мың теңге баға ұсынысымен жеңімпаз атанған, ал «ЭКО-БАРС» ЖШС дәл осы көлемдегі қызметі үшін 6 мил­лион 730 мың теңге ұсыныпты.   Сот барысында анық­­тал­ғандай, осы лоттар бойынша «ЭКО-БАРС» ЖШС жеңімпаз деп танылғанда мемле­кет­тік қазынаның  127 миллионнан астам қаражаты үнем­делер еді. Бюджеттің қыруар қаржысын үнемдеу мүмкін­дігіне мән бермей, оның орнына құ­жаттардағы мардымсыз кемші­лік­­терге қадалған комиссияның әре­­кетіне сот  негізсіз әрі заңға қайшы деген баға беріп, талапкерлердің арызын қана­ғат­тандырды. 

Денсаулық сақтау саласындағы былықтар тіптен көбейіп кеткендіктен облыс әкімдігі тарапынан да қызметтік тексеру жүргізілді. Облыс әкімі аппараты заң бөлімінің бас маманы Ж.Дайрабаевтың баяндамасында бірқатар кемшіліктер келтірілген. Мәселен, тендерлік комиссия конкурсқа қатысуға ниет танытқан 29 фирма­ның арасынан тек 2 өнім беруші – «Қазмедприбор» ЖШС және «ЭКО-БАРС» ЖШС ұсынған меди­ци­на­лық техниканы өндірушінің сенімхаттарына күмән­да­нып, өндіруші зауыт­тың өзінен құжат алдыртуды талап еткен.  Қалған қатысушыларға ондай талап қойылмапты. Оның үстіне, тендерге қаты­сушы жалғыз отандық тауар өндіруші болса да, «Қазмедприбор» ЖШС осы желеумен конкурстан шығарылды.  Сатып алынатын заттардың сипаттамасына да қатысты түсініксіз әрекеттер жүзеге асырылғанын атап өткеніміз абзал. Мемлекеттік сатып алу­дың Ережесінде дәрі-дәрмек­тер­дің ха­лық­аралық патенттелмеген атаулары көрсетілуі тиіс деп жазылған. Алайда, ден­саулық сақтау бас­қар­масы бұл талаптан аттап өтіп, нақты­лы өндірушілер шығаратын, «фир­малық атауы» бар дәрілік заттарды көрсеткен. Айталық, «ВЕК­ТОР-БЕСТ» жабық ак­цио­нер­лік қоғамы шығаратын нақты тауарлардың атаулары келтіріліп, осы фирманың мүддесін күйттеген.  Тағы бір әшкере болған кем­шілік – басқарма жылдық сатып алу жоспарында мүлдем қарал­ма­ған заттарды сатып алған. Арызда  жалпы сомасы 3 миллиард 694 миллион теңгені құрайтын медициналық мақсаттағы бұйым­дар мен медициналық техникалар биылғы мемлекеттік сатып алу жоспарына енгізілмеген және веб-порталда жарияланбағаны келтіріліпті. Ал заң талабы бойынша мемлекеттік сатып алудың бекітілген жылдық жоспарында көзделмеген тауарларды сатып алуға жол берілмейді.

Сатып алынатын дәрі-дәрмектер мен медициналық препараттардың бағасын белгілеуде де көптеген кемшіліктер орын алды. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, сатып алынатын медтехниканың басым бөлігінің құны нарықтағы бағадан әлдеқайда жоғары.  Айталық, ультрадыбыс­тық диагностика аппаратының 1 данасының бағасы 23,1 миллион теңге көлемінде белгіленіпті.  Ал «Мед­техника» ЖШС ұсынған баға  12 мил­лион теңгеден аспайды. Конкурс арқылы осындай 14 құрал сатып алу жос­парланғанын назарға алсақ, бюд­жет­­­­­­­­тің 155,4 миллион теңгесі үнемделмей қалатыны  түсінеміз.  Және бір қымбат қондырғы – электрокардиографтың бюджеттегі құны 11 миллион теңіге көлемінде бекітілсе, «Медтехника» АҚ дәл осы аппаратты 2,1 миллион теңгеден жеткізіп бере алады екен. Былтыр лазерлік офталь­мология­лық жүйе 11,9 миллион теңгеге сатып алынған болса, биылғы осы мақсатта 22,8 миллион теңге қаралыпты. Бір жыл ішінде бағаның екі еседей өсіп кетуі күдік тудырмай қоймайтыны рас. Жеңімпаз компанияларыдң бірі -  «Аркау Инновейшенз» ЖШС 6,2 миллион теңге тұратын өкпені жасанды желдету аппаратын 11,7 миллион теңгеге, нарықта 7,5 миллион теңгеге бағаланатын нәрестелер үшін жасанды желдету аппаратын 16,2 миллион теңгеге жет­кізіп беретін болды. Тағы бір назар аударарлық жайт – жеңімпаз фирмалардың барлығы дерлік Алматы мен Таразда тіркелген. Күлесіз бе, жылайсыз ба, жүздеген миллион теңгенің тендерін ұтып алған «Ерсаймед», «Медилюкс», «Же­ңім­паз­-Мед», «TND», «Қазевромед», «Атон-Диагностика», «В.Е.К», «Ал­­тын-Мед», «Аркау Инновейшенз» секілді фирмалар өздерінің баға ұсыныстарында мемлекет қаржысын бар-жоғы 0,01 пайыз көлемінде үнемдейтінін көрсетіпті. Бұл – тендерде жеңетіні алдын-ала келісіліп қойған компаниялардың тірлігі. Ал тендерде ұтылып қалған жергілікті фирмалар болса қаржы  5-15 пайызға дейін үнем­деуді ұсынған болатын. Мәсе­лен, 42 лот бойынша кон­курсқа қатысқан «Қазмедприбор» бюджетте қаралған 577,7 миллион теңгенің орнына 421,8 миллион теңге ұсынған. Осы­ның арқасында мемлекеттің 156 мил­лион теңгесін үнемдеуге болар еді.

Мақалада денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловтың да уәжі келтірілді. Көптен бері баспасөз беттеріндегі сыннан көз ашпай келе жатқан, сыналғаны үшін бірқатар басылымдарға өкпелеп жүрген  Исмаилов үшін бұл өзінің пікірін жеткізудің, позициясының дұрыстығын білдірудің тамаша мүмкіндігі емес пе? Алайда, басқарма бастығы «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісінен бұл мақаланы жарияламауды  ауызша да, жазбаша да өтініпті. Бұл не, «сезікті секіредінің» кері ме? Әйтеуір, амалдың жоқтығынан Исмаилов мырза қарсы уәждерін айтқансыған. Содан ба, сөздері сенімсіздеу шығыпты.

 «Аптека-5», «ЭКО-БАРС», «Қаз­­­­­­­мед­­прибор», «Фитофарм» ЖШС арыз­дарында баяндалған фак­ті­лер­ді тексеру бойынша ФМҚБКД 13.04.2012 жылдың  актісіне сәйкес бас­қар­маның тендерлік комиссиясы­ның көрсетілген әле­ует­ті өнім берушілердің тендерлік өтінімде­рін қабылдамауы, сондай-ақ тұтас сатып алудың іске асырылуы сияқ­ты заңды және негізді деп танылды, өткізілген тендерлердің нәти­жесіне әсер етуі мүмкін болатын ешқандай заң бұзушылықтар анық­талмады. Бұл пайымдаулар негізсіз және шындыққа қайшы келеді» дейді Исмаилов. Сондай-ақ,  өз жауабында басқарма бастығы тендерге 30 лот бойынша қатысуға тілек білдірген барлық әлеуетті өнім берушілердің тендерлік өтінімдеріне сенімхат­тары қоса тіркелген медициналық техниканың ресми дистрибью­тор­леріне көрсетілген әлеуетті өнім берушілерге сенімхаттарды беруді растауды өтініп, ресми сауалдар жолданғанын айтады. Сонымен, сауалдар тек «Қазмедприбор», «ЭКО-БАРС» ЖШС-іне қатысты емес, осы лот бойынша қатысқан «Пром-ЕА» ЖШС-іне де қатысты жіберілген екен.

Тағы да Жұмағали Исмаиловтың келтірген уәжіне құлақ түрелік:  «Жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша материалдарды басқарма тиісті процессуалдық шешім қа­былдау үшін құқық қорғау органдарына жіберді. Сонымен, арыз иелерінің дә­лелдері, сондай-ақ тендерлік комиссия мүшесі – облыс әкімі аппа­ратының қызметкері Ж.Дайрабаев­тың басқарманың мұндай сауалдарды жіберуге және медициналық техниканың өндірушілерден жазбаша растау алуға құқығы жоқтығы туралы ерекше пікірі негізсіз және заңсыз. Ереженің 17 тармағына сәйкес сатып алу кезінде халықаралық патенттелмеген атауларды көрсету дәрілік заттарға қатысты, медици­налық мақсаттағы бұйымдарға қа­тысы жоқ. Денсаулық сақтау бас­қар­масы өткізген тендерлеріне барлық дәрілік заттардың халық­аралық патенттелмеген атаулары көрсетіліп отырған. Хатта көрсе­тілген «Вектор-БЕСТ» АҚ өнді­ретін тауарлар ме­дициналық мақ­саттағы бұйымдарға жатады. Сол себепті, тендерлерде «Вектор-БЕСТ» АҚ өндіретін тауар­лардың атауын көрсету заңдылыққа қайшы келмейді. Біріншіден, 2011 жылы лазер­лік офтальмологиялық жүйе сатып алынбаған, сатып алынған құрам­дас­тырылған лазерлік қондырғы­ның құны 20 580 мың теңгені құраған, сатып алуды ұйымдас­тырушы «СК-Фармация» ЖШС-і. Сол себепті 2 есеге дейін өсу туралы мәлімет шындыққа сай келмейді. Екіншіден, техникалық сипаттамаларын көрсетпей әртүрлі ме­ди­циналық қондырғылардың баға­сын салыстыру дөрекі болып саналады. Мысалы, хатта көрсетілген өкпені жасанды желдету аппараты­ның Қазақстан Республикасына он шақты түрін бес-алты өндіруші жеткізеді. Оңтүстік Қазақстан облысының медициналық меке­мелері сұранысын және туылған нәрестелердің жағ­дайларын ес­кере отырып ең тиімді және қазіргі заманғы Еуропа елде­рінің өндіру­шілерінің жабдықтарын сатып алу көзделген».

Исмаиловтың  ақталып айтқандағы сөзі осы. Денсаулық сақтау басқармасы  мен медицина саласында қызмет етіп келе жатқан фирмалар арасындағы  бұл даудың соңына нүкте қою әлі ерте. Тендердегі шикіліктердің ушығып кеткені сонша, алдағы уақытта әлі талай сот отырыстары болатынын ішіміз сезеді. Тендерден де маңызды мәселелердің күн тәртібінен түспей тұрғаны белгілі.  Бас дәрігерлер арасындағы өзара талас-тартыс күшейді. Жыл басынан бері Оңтүстікте ана өлімінің күрт көбейгенін көзіқарақты оқырман қауым жақсы біледі. Бірақ, басқармадағылар мұны трагедия емес, тек қалыпты жағдай ретінде қарастырып, алдыңғы жылдармен салыстырмалы түрдегі деректерді алға тартумен әлек.   Қалай болғанда да, медицинадағы даулы мәселелердің өршуі ең әуелі басқарма бастығы Жұмағали Исмаиловтың кінәсі екенін ешкім жоққа шығара алмас. Бұл жайында баспасөз беттерінде  бірқатар қоғамдық ұйым өкілдері  ашық пікірлерін білдірген болатын. Түйіндеп айтсақ Жұмағали Исмаилов тізгін ұстап тұрғанда Оңтүстіктің денсаулық сақтау саласы оңала ма? Қанша сынға іліксе де, денсаулық салсындағы былық-шылық, дау-дамай қанша ушықса да «отқа салса жанбай, суға салса батпай жүрген» Жұмағали Исмаиловты жауапты басшылар  отставкаға жіберсе, орынтағынан жылжытса оңтүстікте таң атпай, күн шықпай қала ма? Оңтүстіктіктің жұртшылығына осы жағы түсініксіздеу болып тұр...

Мұрағаттан, 31.05.2012 ж

ОҚО-да депутаттар неге наразы?
«Заңды тұлғалардың арасында жұмыс істейтінінен істемейтіні көп»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу