800 есепші қысқартуға ұшырады Оңтүстіктен басталған пилоттық жоба өзін ақтай ма?

Oinet.kz 26-08-2010 962

Screenshot_3.jpg

Жаңа оқу жылы жаңалыққа толы. Жақсысы да бар, өкінішке қарай, әлдебіреулерді жабырқататындайы да бар. «Игіліктің ерте кеші жоқ» демей ме, мерзімінен кешіксе де биылғы Білім күнінде Шымкентте бірнеше жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Ал, жабырқап жүрген кімдер дейсіз бе?

Биылғы жаңа оқу жылында облыс бойынша білім ұяларындағы 800-ге жуық есепші жұмыссыз қалады. Қыркүйектен бастап бұрынғыдай әр мектепке жеке бухгалтерия қағидасы жойылып, білім мекемелеріндегі барлық есеп-қисап жұмыстары орталықтандырылған бухгалтерия жүйесі бойынша жүргізіледі. Бұл Оңтүстік Қазақстан облысында пилоттық жоба ретінде енгізіліп отыр. 

Егер естеріңізде болса мектептегі қаржы мәселесін бір орталықтан жүргізу туралы мәселені алғаш болып заңдылықтардың сақталуын қадағалайын прокурорлар көтерген болатын. Осындай жүйені қалыптастырса, мектептегі тексерушілерге қатысты түрлі жағымсыз жайттар, жең ұшынан жалғасқан сыбайластыққа қатысты арыз-шағымдар, наразылықтар, заңсыздықтар сап тыйылады деген. Бұл ұсыныс жоғарыдан қолдау тауып, биыл нақты жүзеге асып отыр. 

Жаңа жүйені қолдаушылар да көп. Бірақ қысқартуға түсіп, жұмыссыз қалған есепшілердің айтқан уәжін, жанайқайын да негізсіз дей алмаймыз. Сондықтан біз бұл мәселеге кесімді пікір айтпай, осы жобаның жүзеге асуына атсалысқан және білім қызметкерлерінің мүддесін қорғап жүрген азаматтардың ойын білгенді жөн көрген едік.   

Қуаныш Айтаханов, Парламент Сенатының депутаты.  

«Ешкім жұмыссыз қалмауы тиіс»

Тәуелсіздік алған алғашқы бес жылда мектептерде бухгалтерия болған жоқ. Есеп-қисап аудандық оқу бөлімінің жанында болатын. Республикадағы ең қиын жағдай 1994-1995 жылдарға тап келді. Экономика құлдырады, одақтас елдермен арадағы барлық экономикалық байланыстар үзілді. Осының салдарынан республикалық бюджетте ақша  болмады. Жалақысын жылдар бойы ала алмай жүргендер  кездесіп жатты. Сол кезеңде бюджеттік мекемелер қажетті  қаржысын өздері  тапсын деген мәселе туындап, мектептерге заңды тұлға мәртебесі  берілді.  Яғни, әр мектептің өзінің бухгалтериясы ашылды. Сондағы мақсат - мемлекеттік бюджетке телміріп  отырмай, өз бетінше  қаржы табуға ұмтылуына септігін тигізу.  Айталық, ауданда 100 мектеп бар десек аудандық білім бөлімінде солардың есеп-қисабын 5-10, әрі кетсе 12 бухгалтер жүргізіп отыратын. Тәп-тәуір жүргізетін.  Ал қазір 100 мектепте 100 бухгалтер пайда болды. Сөйтіп Үкіметтің ойлаған мақсаты орындалмай, қаржы үнемдеудің орнына керісінше  шығындар көбейіп кетті. Сонда әлгі бухгалтериялар қосымша қаржы таба алмай,  тек айлық алып отыруға көшіп, қайта бюджеттің шығындарын көбейте түсті.

 Енді мына  мәселеге назар аударыңыз. Бұрын тексеру органдары негізінен  ірі мекемелермен шұғылданатын.  Бірақ кейін колхоз-совхоздар, басқа да көптеген шаруашылық мекемелер жекешелендіріліп кетті. Аудандарда бюджеттің ақшасы тек мектеп, аурухана және балабақшаларға түсетін болды. Құзырлы органдар үшін бұдан былай тексеретін мекемелерден тек мектеп пен ауруханалар қалды. Сөйтіп, бүгінгі таңда мектеп директоры оқу-тәрбие саласын дамытудың орнына  келген тексерушілердің алдында жауап  беріп, ешқандай кемшілікті жіберіп жатпағанын, бюджеттің ақшасына қол сұқпағанын дәлелдеумен уақыт өткізетін болды.  Бір күні санэпидемстанция өкілдері келіп тексерсе, ертеңіне өрт сөндірушілер сау ете қалады. Арғы күні прокуратура, одан соң қаржы полициясы келіп тексереді.  Бірлі-жарым кемшіліктер орын алған жерде бюджеттің ақшасы тексерушілердің қалтасына кетіп жататын болды. 

Осыған байланысты бізге мектеп директорлары атынан мыңдаған арыз-шағымдар түсті.  «Біздің міндетіміз – балаларға тәрбие беру. Қаржы мәселесінен бізді құтқарыңдар, тексеруші органдар көбейіп кетті. Барлығының тілін таппасақ жұмыс істей алмайтын болдық», деген пікірлер айтылып жатты. Бұл  «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі  есебінде де айтылды. Біз де мәселе көтердік. Сөйтіп,  Оңтүстік Қазақстан облысында пилоттық жобаны жүзеге асыру қолға алынып, мектептерді орталықтандырылған бухгалтерияға көшіру міндеті қойылды. Қазір жұмысынан қысқарып жатқан есепшілер әртүрлі мәселелер көтеріп жүрген  сияқты. Дегенмен, біз  мектептегі  800 есепшінің  қамын ойлауымыз керек па, жоқ әлде білім берудің сапасын арттыруға ұмтылуымыз қажет па деген ой туады? Орталықтандырылған бухгалтерияға көшкен соң  тексеруші органдар мектепке бармай, қадағалау жұмыстарын орталықтағы бухгалтериядан жүргізе береді. Ал мектептегі есепшілер мәселесіне келсек, ешкім жұмыссыз қалмауы тиіс. Аудандық білім бөлімі, аудан әкімдігі аттестациядан өткізіп, жақсы маман болса жұмысқа орналастыруы керек. 

Валентина Ващенко, Шымкент қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ кеңесінің төрайымы:

«Асығыс тірліктен ұтарымыз шамалы»

Жаңа жүйе мектеп директорлары белгілі дәрежеде тиімді екенін мойындаймын.  Себебі қазіргідей тексеру комиссиялары қайта-қайта келіп, мазаны алмайтын болады.  Соңғы жылдары мектептерге  тексеру комиссияларының келуі тым жиілеп кетті. Осының салдарынан мектеп қызметкерлері өздерінің тікелей  міндеттерін дұрыстап атқара алмай,  комиссия мүшелерінің шашбауын көтеріп жүруден қолы тимейтін болды.  Әрине, комиссия келген соң міндетті түрде кемшіліктер анықталады. Ал проблеманы  шешу үшін арада ақшалай алыс-беріс орын алады.  Яғни, сыбайлас жемқорлықпен күрес тұрғысынан алғанда бұл жүйенің қолданысқа енуін ақтауға болады. Бірақ, менің ойымша жаңа жүйеге көшкеннен ұтылмасақ, ұтпаймыз. Оның бірнеше себебі бар. 90-шы жылдардың ортасына дейін мектептер орталықтандырылған бухгалтерия арқылы жұмыс істеп келгені рас. Алайда, ол кезде Шымкенттегі мектептер саны қазіргіден екі  есе аз еді. Қателеспесем, сол жылдары облыс орталығында 56 мектеп жұмыс істейтін. Оның үстіне, қала үш ауданға бөлінгендіктен, әр ауданның өз бухгалтериясы болатын. Ал қазір бүкіл бухгалтерия  бір орталыққа шоғырландырылуда. Бұл шешімді өз басым аса сәтті деп айта алмаймын. Өзіңіз ойланып көріңіз, бұдан былай бір есепші бірнеше мектепті бақылауға көшеді.  Әр мектепте орта есеппен 150 қызметкер жұмыс істейді. Оған жалғыз адамның  шамасы келе ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Оның үстіне, директорлар мен  олардың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары құжат, табель  толтыру мәселелерімен бухгалтерияға жиі бас сұғып тұруға мәжбүр  болады. Мұның барлығы бірінші кезекте білім бөлімінің басшылары үшін үлкен ауыртпалық туғызады. Барлық есепшілерді бір үлкен  мәжіліс залына жайғастырады. Одан кейін оларға үш бөлме беріледі деп естіп жатырмыз. Енді көз алдыңызға елестетіп көріңіз, бір жерде 30-40 есепші топырлап отырса жұмыс қалай жүреді? 

Менің мынаған таңым бар: ақыры пилоттық жоба екен,  бірден бүкіл облысты қамтудың не қажеті бар еді? Неге жекелеген бір ауданнан бастап, жаңа жүйені сынақтан өткізіп алмайды? Оның үстіне, жаңа жүйеге көшетін уақыт та сәтсіз таңдалған. Себебі, қыркүйек айында көптеген ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге тура келетіні белгілі. Есепшілер өзіне тапсырылған мектептердің жағдайымен танысуы тиіс, оған да  бірталай уақыт кетеді. Бұл жалақының кешіктіріліп төленуіне түрткі болуы мүмкін. Материалдық база жоқ, жаңа жүйе жұмыс істеуге әлі толық дайын емес. Не үшін асығып жатқанын түсінбеймін. Тым болмаса келесі жылдың 1 қаңтарына ауыстырғанда болар еді.  Осы жылдың соңына дейін бүкіл бухгалтерлік есептерді өткізіп, жаңа жылды жаңа жүйемен бастаса ақылға қонар еді. 

Әрине, көптеген есепшілердің жұмыссыз қалатыны да алаңдатады. Шымкент қаласындағы мектептерде жұмыс істеп жатқан  240 есепшінің 70-і орталықтандырылған бухгалтерияда жұмысқа алынады екен. 60-қа жуық есепші  басқа жұмысқа қабылданбақ. Жергілікті билік өкілдері қысқарған қызметкерлерді басқа жұмысқа орналастыру жайлы уәде беріп жатқанымен, бухгалтерлердің біразы өз еркімен жұмысынан кетіп жатыр. «Билікке сеніп, далада қалғанша өзіміз қамданайық», дейді олар. 

Оinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

«Подвалдағы» жәдігерлер
Қоныс тойын кезегі келгендер емес, тілін тапқандар тойлайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу