Екі аптада ахуал жақсармаса, Асқар Мамин орнын босатады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке елдегі қалыптасқан ахуалды жақсартуға екі апта уақыт берді.
"Бұл мәселеге қатысты Үкімет тарапынан да өрескел қателіктер жіберілді. Мұны ашық айту керек. Дағдарыс кезінде цифрландыру қызметінің де рөлі мүлде байқалған жоқ. Цифрлық комиссарлар қандай жұмыс бітіріп жатыр?", - деді мемлекет басшысы.
Тоқаев төтенше жағдай болғандықтан, пандемияға қатысты барлық шешімдерді жедел қабылдау керек екенін ескертті.
"Денсаулық сақтау министрінің ұсыныстары мен талаптары Үкіметтің өзге мүшелері мен әкімдер үшін бірінші кезекте орындалатын міндет болуға тиіс", - деді ол.
Президент үкіметті пандемия кезінде денсаулық сақтау министрін ерекше мәртебеге және құзіретке ие деп есептеуге шақырды.
"Министрлікке пандемиямен күрес жөніндегі күнделікті есептің және ақпараттың берілуін қамтамасыз етуді Үкімет пен әкімдіктерге тапсырамын. Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды", - деді Тоқаев.