«Елбасы бәрін оқып отыр» - Айдос Үкібай
ҚР Тұңғыш Президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Елбасының денсаулығы туралы сұрақтарға жауап берді. Бұл туралы ол өзінің Твиттердегі парақшасында жазды деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
- Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл-күйі жақсы, сырқат симптомсыз өтіп жатыр. Дене қызуы қалыпты, КВИ-ге тән белгілер байқалған жоқ. Тұңғыш Президент дәрігерлердің бақылауында. Олардың айтуынша, алаңдауға еш негіз жоқ, - деді А.Үкібай.
Мәлім етілгендей, оқшаулану талабына байланысты Елбасы қашықтан жұмыс істеп жатыр.
- Елбасы шетел басшыларынан келген хаттарды да, отандық жанашырларынан келген ыстық лебіздерді де оқып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев үшін әр хаттың орны бөлек. Олардың барлығы Тұңғыш Президенттің тезірек сауығып кетуін тілейді, - деп жазды Айдос Үкібаев өзінің твиттердегі парақшасында.
Айта кетейік, Елбасының баспасөз хатшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың COVID-19-ға тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткенін хабарлаған еді.