Асқар Мамин ай қарап отыр ма?

Oinet.kz 04-05-2020 2190

Oinet.kz хабарлайды - Су тасқынына ұшырап жатқан Мақтаарал ауданынан келген соңғы мәліметтерге қарағанда, Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фердауси, Өргебас, Достық ауылдары су астында қалды.  5 елдімекенде облыс әкімдігі, облыстық төтенше жағдайлар департаменті, ҚазСУШар және ауыл тұрғындарынан құралған волонтерлердің көмегімен су басу қаупі сейілді. Бесеудің ішінде 14 мыңнан астам халқы бар Мырзакент елді мекені де бар. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өңірлік коммуникация қызметінің алаңында мәлімдеді.

Screenshot_9.jpg

Ал елордадағы атқамінерлер Мақтаралдағы жағдайды онша елең қылмайтын сияқты. Апаттың бірінші күні Мақтааралға республикалық төтенше жағдай жөніндегі штабқа мүше бір топ шенеунік келіп кеткен болатын. Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы әрі аталған штабтың жетекшісі В.Беккер бастап келген топ мүшелерінің бәрі вице-министрлер. Атап айтқанда ішкі істер вице-министрі Ю.Ильин, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.Громов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Н.Дайырбеков. Содан бергі аралықта Мақтааралға елордадан бірде-бір ақжағалының келгенін естігеніміз жоқ. Бүгін таңертең апатқа байланысты үкіметтік комиссияның құрылғаны белгілі болды. Оған тағы бір вице- дәлірегі вице-премьер Р.Склярдің төрағалық етуде. Сонда бізде апаттың салдарын жоюмен тек орынбасарлар айналыса ма? 

Ақпарат құралдарында айтылғандай, Өзбекстандағы тасқын кезінде президент Шавкат Мирзияев уақыт созбай апат аймағына барып, халықтың ішінен табылды. Премьер-министр Абдулла Арипов  бірінші күннен бастап министрлермен бірге ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүр. Ал Қазақстандағы жағдай президент пен премьерді онша алаңдатпайтын сияқты.

 Бұған дейін Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзияевқа телефон соққаны хабарланды. Кешегі күні Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында Мақтааралда 22 мың халықтың көшірілгені туралы пост жазды. Тоқаевтың осы постынан бергі аралықта зардап шеккен тұрғындардың саны 31 мыңнан асты. Ал  Асқар Мамин ай қарап отыр ма?  Мақтааралды су алғалы төрт тәулік өтті. Ал, Маминнің төзімі мықты екен. Ол тым құрыса апат аймағындағы жағдайға қатысты мәлімдеме де жасаған жоқ. Жоқ әлде үндемейтіндей қалыптасқан жағдай соншалықты ауыр ма?

Егер үкіметтік комиссия дер кезінде құрылып, Өзбекстанмен келіссөздер жүргізгенде Мақтааралға келіп жатқан судың көлемін ертерек азайтуға болар ма еді.  Соңғы мәліметтерге қарағанда көрші елден келетін судың деңгейі әлі түспеген. 

Үкімет алтын уақытты текке өткізіп алды. 

Дәурен Абаевтың орнына Аида Балаева министр болып тағайындалды
​Тоқаев: Көп балалы және мүгедек балалары бар 10 мың отбасы баспаналы болады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу