Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Танымал саясаткер Әміржан Қосанов Фейсбуктегі парақшасында Қазақстанға Сенаттың керегі жоқтығын айтты деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Әлеуметтік желідегі жазбасында саясаттанушы Қазақстанға бір палатаның жететінін айтып, Сенатты арбаның бесінші доңғалағына теңеді:
- Сенат төрайымының отставкасы демократиялық күштер талайдан бері айтып келе жатқан мына мәселені тағы да өзекті етіп жатыр.
Осы бізге Сенат секілді Парламенттің екінші палатасы керек пе? Ел ішінде оның "зейнеткерлер палатасы" деп аталып жүргені де ешкімге жасырын емес қой.
1995 жылға дейін Сенатсыз да әп-әсем өмір сүрдік емес пе? Одан дүние астаң-кестең боп кеткен жоқ. Керісінше, парламенттік жүйе өз бабында еді, депутаттар адуынды да ықпалды еді, халықтың сөзін сөйлеуден жасқанбайтын, бір сөзбен айтқанда, атқарушы билік заң шығарушы билікпен санасатын еді.
1995 жылғы жаңа Конституцияға Сенатты енгізгендегі биліктің түпкі ойы да белгілі еді: әртүрлі партиялар еніп кетуі мүмкін Мәжілістен шыққан томпақ заңдарды президенттің ыңғайына қарай өзгертіп отыру, атқарушы билікке тым жақпайтын заңдарды Мәжіліске қайтарып беру, ең бастысы, толайым бақылауда болатын органның басшысы президенттің ресми мұрагері болуы секілді алдын алу шаралары еді (президент өзі қалаған кез келген адамды бір сәтте өз Жарлығымен депутат етіп тағайындап, сол мезетте Сенат төрағасы етіп алатын мүмкіндігі бар).
Парламенттің екі емес, бір палатасы болғаны абзал.
Біз унитарлы мемлекетпіз, сондықтан Сенат секілді саяси атавизм керек емес. Мемлекет секілді арбаға "бесінші доңғалақ" қажет емес, - дейді саясаттанушы.
Әміржан Қосанов Сенатты ұстап тұру үшін де аз ақша жұмсалмайтынын мәлімдеді.
- Қаржылық үнемді де ұмытпайық: қазіргі, әр тиынды санауға мәжбүр заманда ол мәселе де маңызды. Қанша депутат, Сенат аппараты, оның ғимараты, жұмысына, барыс-келісіне, көлігіне жұмсалатын қып-қызыл ақшаны айтсаңыңызшы! Қаншама қаржы бюджетте қалып, мемлекеттің басқа, бұдан да гөрі маңызды мұқтаждарына жұмсалар еді, - деп сөзін қорытындылады саясаткер.