Кентау әкіміне депутаттар сенімсіздік білдірмек

Oinet.kz 01-03-2012 1018

Screenshot_6.png

Кентауда біраздан бері қызу науқан жүріп жатыр. Бірақ, бұл науқанның  апатқа ұшыраған жылу орталығына, оның салдарын жоюға қатысы жоқ. Қыс ортасында жылусыз қалып, әбігерге түскен халық қала басшылығының бір апта бойы қайта-қайта берген өтірік мәліметінен, құрғақ уәдесінен мезі болғанын газетіміздің өткен санында жазғанбыз («Қалмұрзаев қызметінде қала бере ме?»,  «Рейтинг» №8, 23.02.2012 ж.). Міне, сол мақалаға орай Қалмұрзаевтың командасы шұғыл түрде  қимылдап, жер-жерлерде қала әкімін қорғауға, қолдауға бағытталған үндеулер қабылдатуға көшкен. Қаладағы ардагерлер, жергілікті мәслихат депутаттары, сондай-ақ ұстаздар қауымы, үй комитетінің төрағалары, бір топ кәсіпкерлер, тағысын тағылар қол қойған үндеу күні кеше жарық көрген «Кентау шұғыласы» газетінде жарияланды. Онда олар әкімдерін ренжіткендерге наразылық білдіріп, Нұржігіт  Қалмұрзаевтің керемет іскерлігі, Кентаудың дамып, көркеюіне сіңіріп жатқан еңбегі әдемі-ақ әспеттеліпті. Хош делік. 

Әйткенмен, мына мәселе назарымыздан тыс қалмады. Әкімдеріне араша түсіп, наразылық хатына қол қойған облыстық мәслихаттың 2 депутаты, жергілікті мәслихаттың 10 халық қалаулысы «қаламызда төтенше жағдайларға байланысты қала әкімінің орынбасары А.Алдамұратов өз қызметінен орын алған төтенше жағдайлардан бұрын босатылды» деп, Қалмұрзаевтың қулығын да әшкерелеп тастапты. Бұған енді не айтасыз?

 Дегенмен, мәслихат депутаттарының бір тобы әкімді қорғап әлек болса, енді бір топ халық қалаулылары кезекті сессияның күн тәртібіне Нұржігіт Қалмұрзаевқа сенімсіздік білдіру мәселесін қоюды талап етіп отыр. Бастаманы көтергендер «№5 Жылуэнергоорталығында» қалыптасқан төтенше жағдайдан бөлек жергілікті атқарушы биліктегі  кадрлық ит-ырғылжың, қаладағы қордаланған мәселелердің шешілмеуі, әсіресе жұмыссыздық пен қылмыс деңгейінің өршуін алға тартады. Кентау қалалық мәслихатының депутаты Талғат Садуов бұл жөнінде былай дейді: 

     - Біріншіден, жылу беруші мекемедегі жағдай баршаға мәлім. Ол бойынша облыс әкімі, оның орынбасарлары халықтан кешірім сұрады. Ал біздің әкім әлі теледидарға шығып кешірім сұраған жоқ. Екіншіден, Кентауда кадрлық мәселе ушығып тұр. Қазір жергілікті кадрлар қуғын-сүргінге ұшырап жатыр, осыны ашық айтуымыз керек.  Қылмыс та өршіп тұр. Біз төрт депутат болып осыған наразылығымызды білдірдік.  Ал өзге депутаттарға келсем... қай жақтан күшті жел соқса, соның ығына қарай домалай беретіндер көп қой қазір. Бірақ, бізді сайлаған халық оларды да сайлаған, бағасын өзі берер.

   Әріптесінің сөзін  депутат Сәкен Асанбаев та қолдап отыр. «Халық біраздан бері шулап жатыр. Менің учаскемде апатты жағдайдағы көпқабатты үй жарылып, құлағалы тұр. Тұрғындар да маған осы мәселемен келген. Әкіммен жолығып, проблеманы жеткіздім, бірақ ол жақтан жауап жоқ. Жалпы, өз басым Кентауда атқарылып отырған оң тірлікті көрмей отырмын. Біз жаңа жұмыс орнын ашайын десек, қолдаудың орнына керісінше артқа  тартады», деді ол. Ал депутат Мұқан Тұрысбеков жергілікті мәслихатқа мінез жетіспей жатқанына қынжылыс білдірді. 

Әрине, істің әкімге сенімсіздік білдіру мәселесіне дейін барғаны кеншілер қаласындағы қалыптасқан ахуалды анық көрсетіп тұр. Мұның соңы немен тынады? Бұған алдағы уақытта тоқталатын боламыз. 

"Рейтинг" газеті №9, 1 наурыз 2012 жыл

Мәсімовке келгенде президент те тәспісінен жаңылды
Мәсімов сотта жеңілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу