«Назарбаевтың бытырап жатқан қоғамды біріктіре білуі - көшбасшылықтың белгісі» - Айдос Сарым
Танымал саясаттанушы Айдос Сарым "Айқын" газетіне берген сұхбатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы өз ойын білдірді деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. Оның айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлының елді біріктірудегі еңбегі зор.
– Менің жеке пікірім, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың үлкен саяси тұлғасын, әділ бағасын болашақ тарих айқындайды. Дәл қазір ол кісінің масштабын, форматын нақты түсіне қойған жоқпыз. Өйткені, бүгінгі күйбең тіршілік, бүгінгі эмоция, қазіргі экономикалық қиындықтар обьективті тұрғыда ойлауға мүмкіндік бере қоймасы анық. Дегенмен да баршамыз білетін жайттарды атап өтсем, ол Қазақстанның геосаяси тұрғыдағы орнықты ұстанымын нығайтқаны, Ресеймен, Қытаймен шекараны соғыссыз, талассыз, бейбіт жолмен шегендеп бергені. Ресей Федерациясымен арадағы кезінде кеңестік жүйеден қалған көп дүниені бөлісуде Горбаечев пен Ельцинмен тіл табысуы, саяси шешімдер қабылдаудағы елдік мүдде тұрғысынан айла, әдістер қолданғанын жақсы білеміз. Бытырап, шашылып жатқан қоғамды біріктіріп, бір жолға жинауы үлкен көшбасшылықтың белгісі, - дейді Айдос Сарым.
Сонымен қатар, ол Елбасының Қазақстан демографиясын көтеруде атқарған жұмыстары өз нәтижесін бергенін айтты. 1989 жылдан бері еліміздегі қазақ ұлтының бірнеше өскендігін тілге тиек етті:
- Екінші мәселе ел ішіндегі мәселе. Кейде біз өзіміздің ішімізде қол жеткізген табыстарға аса мән бермейміз, байқай қоймаймыз. Мәселен, қазір көп айтылатын әңгіменің бірі Тәуелсіздік жылдары демографиямыз өспеді, өзбектер озып кетті дейміз. Бірақ бұл сөзіміз өтірік қой. Ежелден келе жатқан өлшеммен алсақ, халық санының өскені – елдегі дамудың белгісін білдіреді. 1989 жылы Кеңес Одағының соңғы халық санағы бойынша Қазақстанда 6 миллион қазақ болды. Бұл сол кездегі халық санының 39%. Яғни, өз қолымымыз өз аузымызға жетпей жатқан заман еді. «Ойбай, соғыс болмасын, тыныш отырайық, елді сақтайық, қазақ көбейгенше шыдайық» деп сақтықпен отыратын кез. Шешендер, казактар көтерілісі шықты, жағдай ушығып тұрды. Осы кезде халықтар достығы деп Ассамблея секілді ұйымдар құрып, бұзықтық танытқысы келгендерді алдап ұстап, қазақтың санын өсіруі үлкен саясат. Қазір қазақтың саны 13 миллионнан асып, 14 миллионға тақап қалды. Демек, 1989 жылғы 6 миллионнан неше есе өстік? Бұл аз жеңіс емес.
Айдос Сарым Тұңғыш Президенттің Қазақстан эконономикасын көтеруде сіңірген еңбегі зор екендігін еске салды.
Инвестиция тарту деген маңызды саясат бар. Елімізде қалыптасқан бизнес-климаттың, кезінде қабылданған тиімді шешімдердің арқасында елімізге өте көп қаражат келді. Әрине, «анандай болса бұлай болар еді, мынандай жасаса осындай болар еді» деп қиялдауға, армандауға да құқығымыз бар. Бірақ, Қазақстанның тарихы біреу ғана ол қазіргі жеткен жетістігіміз. Ең басты мәселе осы тарихтан сабақ алып, кеткен кемшілікті түзету, жетістігімізді бағалау, - дейді саясаттанушы.