Назарбаевты Ұлттық пантеонға жерлейді

Oinet.kz 21-04-2020 46897

Screenshot_16.png

Үкімет  Ұлттық пантеон туралы ережені бекітті.  Ереже осы аптаның аяғына қарай күшіне енеді. 

Онда пантеонға кімдердің жерленетіні және оның қалай жүзеге асырылатыны егжей-тегжейлі жазылған. Қысқаша тоқталып өтсек. 

Ұлттық пантеон қайтыс болған (қаза тапқан) адамдарды жерлеуге арналған орын. Онда жай ғана адам жатпайды, аса көрнекті мемлекет, ғылым, мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ Қазақстанның дамуына үлес қосқан адамдар жерленеді. Пантеон  мәңгі есте сақтау мақсатында салынған, мемориалдық маңызы бар сәулет объектісі болып табылады және ол жергілікті атқарушы органның қарамағында болады.

Пантеон аумағы мемориалдық ғимараттан, "Естелік қабырғасы" монументі бар естелік музейінен, әкімшілік, шаруашылық және қосалқы ғимараттар, құлпытастар,  саябақ және іргелес аймақтардан тұрады.

Енді Ұлттық пантеонда кімдердің жерленетініне тоқталсақ. Тізімде Қазақстан Республикасының президенттері және олардың отбасыларының мүшелері, Қазақстан Республикасының премьер-министрлері және олардың орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының төрағалары және олардың орынбасарлары, Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшылары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшылары, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағалары, министрлер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері, "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болған адамдар, "Алтын қыран", "Отан", "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев", үш дәрежелі "Еңбек Даңқы" ордендерімен марапатталған азаматтар, "Кеңес Одағының Батыры", "Социалистік Еңбек Ері" атақтарына ие болған азаматтар, "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" құрметті атағына ие болған азаматтар, Қазақстан Республикасы Президентінің ерекше шешімі бойынша басқа да азаматтар жазылған.  Пантеонда жерлеуге жататын адамдармен олардың кейінірек қайтыс болған (қаза тапқан) жұбайларын жерлеуге болады. 

Әрине, Қазақ елінің дамуына үлкен үлес қосқан марқұм қоғам қайраткерлері Алланың бұйырған жерінде жатыр. Оларға пантеонда жату бақыты бұйырған жоқ. Ереже әлі жер басып тірі жүргендерге қатысты екендігі айтпаса да түсінікті. Ал, бұл дүниеде мәңгілік ешкім жоқ. «Өлім бар жерде қаза бар» деген атам қазақ.  «Пәлен президент немесе премьер, министр өлмейді» деп ешкім айта алмаса керек. Ережеге сәйкес пантеонда Тұңғыш президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап одан кейінгі президенттер (оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев та), Терещенкодан бастап барлық премьерлер (бұл тізімге шетелде жүрген Әкежан Қажыгелдин кіре ме, жоқ па, ол жағы белгісіз), Ахметжан Есімовтен бастап барлық вице-премьерлер, Амандық Баталов, Бердібек Сапарбаевтан бастап барлық облыс әкімдері (Даниал Ахметов премьер-министрлердің тізімімен кіретін шығар, ал Атыраудың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтың мәселесі уақытында шешіле жатар), қысқасы, аты аталғаны, аталмағаны бар, есте қалғаны, есте қалмағаны бар, Қазақ елінің дамуына ерекше үлес қосып, халыққа еңбегі сіңгендердің барлығы алдағы уақытта бір қорымда қатар жататын болып отыр. 

- Діни ғұрыптар мен рәсімдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Жерлеу туралы шешім қабылдау кезінде қайтыс болғанның (қаза тапқанның) еркі немесе жұбайының, жақын туыстарының не қайтыс болғанның (қаза тапқанның) заңды өкілінің тілегі ескеріледі,-делінген ережеде. Ал егер марқұм өзін пантеонда емес, туған жерінде, ата-бабасының қасында  жерлеуді өсиет етсе ше? Бұл мәселеде ешқандай зорлық жоқ сияқты.  «Міндетті түрде пантеонда жерленуі тиіс» деген талап ережеде жазылмаған.  

Пантеонда құлпытас құрылыстарын орнату және безендіру бірыңғай нысанда орындалады.  Өз еркімен жерлеу, жанұялық (рулық) зират құру және қайта жерлеу Пантеонда жүргізілмейді. Пантеонда жерлеуді тіркеу кітабы жүргізіледі, онда қайтыс болған (қаза тапқан) адам туралы мынадай мәліметтер жазылады. 

Жалпы Ұлттық Пантеонның құрылысына қатысты мәселе уақтысында қоғамдла қызу талқыланған болатын. Елордадан 17 шақырым қашықтықта жатқан элиталық зираттың құрылысына 1 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралғаны айтылған еді.

Ұлттық Пантеоннан алғаш рет кімге жер бұйыратыны бір Аллаға ғана аян. 

Қазақстанда тағы 97 адам COVID-19 жұқтырды
Биыл Қазақстанда 11 мың шақырым жол ақылы жүйеге ауысады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу