Кеше полицейлер, енді кеденшілер. Топ-тобымен сотталып жатыр

Oinet.kz 19-03-2020 1319

Screenshot_6.jpg

Пара алу, қазына қаржысын талан-таражға салу қылмыстары бойынша Оңтүстіктің үнемі көштің басында жүретіні жасырын емес. Кейінгі кезде Шымкент пен Түркістан облысында құзырлы органдарда істейтін қызметкерлердің басшысынан бастап қосшысынан дейін ұсталып, топ-тобымен сотталуы әдетке айналып барады. Былтыр жыл соңында Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне қарасты тіркеу-емтихан бөлімдерінде істеген полицейлерге және оларға  делдалдық қызмет көрсеткендерге, бас-аяғы 38 азаматқа үкім шыққан болатын.  

Сотталушылардың дені 2016 жылдың жазында құзырлы органдардың жүргізген арнайы операциясы барысында ұсталған еді.   Операция кезінде кейбір полицейлердің кабинеттерін ішінен құлыптап алып, айғақтық заттар-құжаттар мен ақшаларды өртеп жібергені айтылды. Тергеу кезінде анықталғандай, тіркеу-емтихан бөлімінің қызметкерлері шетелден келген жүк көліктеріне бұрын түрлі себептермен жарамсыз болып қалған көліктердің құжаттарын рәсімдеген. Нәтижесінде бюджет көлік рәсімдеуден түсуі тиіс салықтардан қағылған. Мемлекетке келтірілген шығынның көлемі миллиардттаған теңгені құрайды. Жүздеген томнан тұратын іс бойынша Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті тіркеу-емтихан бөлімінің бастығы А. Жаппаровты, ауданаралық тіркеу-емтихан бөлімшелерінің басшылары Н. Куанышбеков, С. Ағабеков, М.Төрегелдиев, Н. Әбдіғаниев, А.Ботабеков, А.Жанабаевты 10  жыл мерзімге бас бостандықтарынан айыру жазаларына кесті. Тіркеу-емтихан бөлімінің ауданаралық бөлімшелерінің 15 автокөлік инспекторына, жедел криминалистикалық басқармасының 3 криминалист маманына және олардың 13 сыбайласына  әртүрлі мерзімдерге бас бостандықтарынан айыру және бас бостандықтарын шектеу жазалары тағайындалды. 

Ал енді міне, осы аптада мегаполисте облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары болып істеген Нұржан Теңлібаев бастаған қылмыстық топқа үкім оқылды. Бас-аяғы 12 кеденші мен параға делдалдық еткен үш азаматтық тұлға әртүрлі мерзімдегі жазаларға кесілді. Сот тек бір ғана кеденшіні ақтады.  

Жалпы айта кетері, кедендегі лауазымды қызметкерлерінен және олардың сыбайластарынан тұратын топ 2018 жылдың ақпанында күштік құрылымдардың Қазақстанның шекаралық өңірлерінде жүргізген операциясы барысында ұсталған болатын. Осы операцияда 8 ұйымдасқан қылмыстық топ, олардың отыздан астам мүшесі ұсталғанын, құрыққа іліккендердің арасында Қырғызстанның Жоғарғы Кеңесінің депутатының бары да жария етілген еді. 

Дүйсенбіде Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Абинұр Қарабаев сотталушыларға шығарылған үкімнің тек қарар бөлігін ғана оқыды. Соның өзіне жарты сағатқа жуық уақыт кетті. Судьяның журналистерге берген түсініктемесіне қарағанда, кеден бекеттерінің қызметкерлері  тауарды шекара арқылы өткізген кәсіпкерлердің жұмыстарына әдейі кедергілер жасаған. Осыдан кейін кәсіпкерлер олардың жоғарыдағы басшыларына шығуға мәжбүр болған. Басшылар ә дегеннен тауарды кедергісіз өткізудің ставкасын алға тартқан көрінеді. Тауар иелері бизнестерін жүргізу үшін олардың айтқан ақшаларын беруге мәжбүр болған. Шекарадан өткен тауарға мынандай ставка белгіленген: көкөністер, жемістер және кептірілген жемістерді импорттау үшін  бір вагон немесе бір автокөлікке 300-ден 800 АҚШ доллары, Ресейден Өзбекстанға ағаш материалдарын тасымалдау үшін 10 мың теңгеден 200 долларға дейін, халық тұтыну тауарларын экспортқа шығару үшін 10 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейін белгіленген. Жалпы 180 томнан тұратын осы қылымстық іс бойынша берілген паралардың жалпы көлемі 377 миллион теңгеден асады. Кәсіпкерлер бір мезгілде кеденшілерге 8 мың доллардан 20-30 мың долларға дейін беріп отырған.  Кеденшілерге пара беру фактілері арнайы техникалық құралдар арқылы жазылған. Бірақ бәрібір де тергеу, сот барысында кейбір айыптар бойынша дәлелдер жеткіліксіз болып шыққан. 

Сот үкімімен Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған Нұржан Теңлібаев бірнеше мәрте ірі мөлшерде пара алу айыбы бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылды. «Қапланбек» кеден бекетінің басшысы болып істеген Еркін Байсапаров аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін 10 жылға сотталды. Оңтүстік Қазақстан облыстық кедендік бақылау басқармасының басшысы Сейітжан Ештаев,  «Қазығұрт» кеден бекетінің басшысы Нұрлан Оспанов ірі мөлшерде бірнеше мәрте пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, алайда тергеу барысында басқа қылмыстарды әшкерелеуге белсенді көмек көрсеткені үшін 4 жылға бас бостандықтарынан айырылды. «Сарыағаш станциясы» кеден бекетінің басшысы Әнуар Жұмабаев, осы кеден бекетінің бас мамандары Т.Табылдиев және Қанат Ізтілеу, «Қапланбек» кеден бекетінің бас маманы А. Бекжанов, А.Әбілдабеков, Б. Жұмағұлов  7 жылға, «Қапланбек» кеден бекетінің бас маманы С. Қалекеев 4 жылға, «Сарыағаш станциясы» кеден бекетінің бас маманы Н.Асқарбеков 4,5 жылға сотталды. Ал парақорлыққа делдал болған үш азаматтық тұлға 1 жылдан 4 жылға дейінгі бас бостандықтарынан айыру жазаларына кесілді. Бірақ олар жазаларын тергеу, сот барысында қамауда отырған мерзімімен өтеп қойғандықтан сот залынан босатылды.

Нұржан Теңлібаев, Еркін Байсапаров және Әнуар Жұмабаев өз кінәларын мойындамаған. Қалғандарының бәрі де тағылған айыптарды мойындап, қылмысты әшкерелеуге көмектескен. Айта кетері, сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.  

Сотталғандардың барлығы да өмір бойы мемлекеттік органдарында лауазымдық қызмет ету құқығынан айырылды. Яғни, олар енді кеденге қайтып келмейді деген сөз. Бірақ осыменен шекарадағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарына тоқтам бола ма? Әй, қайдам! Естеріңізде болса, осыдан бірнешге жыл бұрын құзырлы органдар қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас», «Қалжат» кеден бекеттерінде арнайы операция жүргізіп, бірқатар лауазымды тұлғалар сот алдында тиісті жазаларын алған еді.   Алайда сол кезде құқық қорғай органдарының өкілдері «Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бұрын-соңды кездескен емес» деген Қорғас ісінен сабақ алған ешкім болмаған сияқты.  

 Айтпақшы, 2018 жылдың ақпанында облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұржан Теңлібаев ұсталған кезде ғаламторда соның үйі екен деген видео тараған болатын. Кейінен патшалардың сарайындай, сән-салтанатқа малынған үйдің Теңлібаевқа тиесілі еместігі анықталды. Ол сол жылы ақпан айында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айыппен ұсталған Дағыстанның бұрынғы білім министрі Шахабас Шаховтың үйі  болып шықты. Нұржан Теңлібаев тоқсаныншы жылдардан бері кеден органдарында қызмет еткен, уақтысында Қарағанды облыстық кедендік бақылау департаменті басшысының орынбасары болған. Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаментінде лауазымды қызметтерді атқарған. Ал кеден мен салық қосылған кезде облыстық кірістер департаменті төрағасының орынбасары лауазымына кіріскен. Теңлібаев ұсталғаннан кейін мемлекеттік кірістер саласында бірқатар лауазымды басшылар отставкіге кеткен еді. 

"Рейтинг" газеті

Жемқорлар әділ жазаланбайды
Әлемдік онлайн есептер Қазақстанда коронавирустан 3 адам көз жұмды дейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу