Оралда екі адамды 13,5 млн теңгеге отырғызған «Гарант 24» директоры қолға түсті
Оралда екі адамды 13,5 млн теңгеге отырғызып кеткен «Гарант 24 Ломбард» ЖШС филиалының директоры ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, екі адамнан аталған ЖШС-ға қатысты шағым түскен. Қос арыз бойынша келтірілген шығын 13,5 млн теңгені құрады.
Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жедел іздестіру шаралары барысында «Гарант 24 Ломбард» ЖШС филиалының өңірлік директоры, БҚО-ның 1980 жылғы тұрғыны ұсталды. Күдікті Орал қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осыған дейін Алматыда «Гарант 24» және «Estate» ломбардтарының директорлары ұсталғандығы хабарланды.