Мәжіліс сайлауы мерзімінен бұрын өтеді

Oinet.kz 17-01-2020 753


 31504.jpg

            Күні кеше қырғызстандық K-News ақпараттық агенттігі Қазақстандағы Парламент сайлауы туралы болжамдық мақала жариялады. Агенттіктің пайымдауынша, ақпанға жоспарланған билеуші партияның съезі Қазақстан үшін жаңа 2020 жылдың алғашқы саяси маңызды оқиғасы болмақ.

 «Нұр Отанның» көшбасшысы өткен жылы қарашадағы отырыста партияның жаңа бағдарламасын дайындауды тапсырған болатын. Съездің күн тәртібінде сол жаңа бағдарламаны қабылдау мәселесі қаралуы тиіс.  Міне осы орайда, көптеген бақылаушылар Мәжіліс сайлауы мерзімінен бұрын өтеді деген қалыпты қорытынды жасап отыр. Ресейлік «Новая газетаның» жазуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әдеттегідей, көп жәйттің алдын орап кетпек ниетте. Бір-екі айдан кейін қолданыстағы партиялардың тыңғылықты дайындалуға, ал жаңаларының тіркеуден өтуге уақыты болмайды. Мұндай жағдайда «Нұр Отанның» биліктің өкілді органдарында абсолютті монополияны сақтау мүмкіндігі айтарлықтай артады. Болжам жасаушылардың пікірінше, қазіргі депутаттар өкілеттігі тоқтатылуы керек. Мәслихаттардан айырмашылығы, Парламент палаталарының өзін-өзі таратуы Конституцияда көзделмеген. Мәжілісті оның төрағасы және Премьер-министрмен кеңескеннен кейін ғана таратуға Президенттің құқығы бар. Ол сондай-ақ, екі айдың ішінде өткізілуі керек жаңа сайлауларды шақыруға құқылы. Осылайша, кезектен тыс Парламент сайлауы туралы шешімді Мемлекет басшысы қабылдауы керек. Агенттік сарапшыларының мәлімдеуінше, Президент бұған мүлде мүдделі емес. Оның саяси салада өзінің бұрынғы партиясымен бәсекелесе алатын балама нұсқаларын күтуге негіз бар. «Сондықтан, егер Тоқаев тиісті Жарлық шығаруға келіссе, онда ол қол қою үшін жоғары бағаны сұрайды. Мысалы, «Нұр Отанның» төрағасы лауазымына немесе, ең болмаса, кандидаттардың тізімдерін қалыптастыруға арналған өзіндік квотаны», - деп жазады ақпарат агенттігі. Сондай-ақ агенттік сайлау өткен жағдайда «Нұр Отанның» мүмкіндігін айта келе, Назарбаев Ақордамен ымыраға келуге мәжбүр болатынын жазады.

Ақпан айында не болатыны туралы басқа болжамдар да бар. Атап айтқанда, саясаттанушы Андрей Чеботаревтің болжамына қарағанда, съезде Нұрсұлтан Әбішұлы партиядағы төрағалық қызметін Дариға Нұрсұлтанқызына береді. «Нұсқа биліктің әулеттік ауысуы тұрғысынан қисынды. Бірақ мұны басқа саяси субъектілер тұрғысынан қарастырыңыз. Назарбаевтың денсаулығы туралы қауесет пайда болады. Бұл қадам, Тоқаевқа басқаша жүріс жасауға моральдық құқық береді. Осылайша, «Нұр Отанның» ақпан съезі Қазақстандағы билік транзитінің одан әрі дамуын айқындайтын бифуркациялық нүктеге айналуы мүмкін. Ал шешімді Нұрсұлтан Назарбаев қабылдауы керек», - делінген агенттік жариялаған мақалада.

Ақпан айы алыс емес, ендеше болжам жасаушылардың айтқаны қаншалықты шынайы жағдайға сәйкес келетінін білер күн де жақын.


Биыл шенеуніктердің штаты 5 пайызға қысқарады
Қазақстан – Түркия қарым қатынасы талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу