Биыл шенеуніктердің штаты 5 пайызға қысқарады
Үкімет жария еткен «Қазақстанда мемлекеттік органдарының жүйесін одан әрі оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы» Президенттің жаңа Жарлығының жобасында: «Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында қаулы етемін: біріншіден, жаңадан құрылатын немесе қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдарды, сондай-ақ осы Жарлыққа қосымшада көрсетілген меморгандарды қоспағанда, «Б» корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға жалпы конкурс жариялауға 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін мораторий енгізілсін», – делінген.
Сондай-ақ, 2020 жылғы 1 сәуірде бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік қызметшілердің штат санын 5 пайызға қысқарту жоспарлануда. 2020–2022 жылдарға арналған бюджет былтыр бекітілген болатын. Мамандардың айтуынша, мораторий және штат санын қысқарту нәтижесінде босатылған мемлекеттік бюджет қаражаты қазынаға кері алынбайды. Яғни басшылар ол қаржыны штатта қалған қызметкерлердің жалақысын көтеруге жұмсай алады. Президент Жарлығы жобасына түсіндірме жазбада Үкімет басшысы Асқар Мамин бұл қадам «елімізде жинақы әрі ықшам мемлекеттік аппарат құруға» және «меморгандар тиімділігін арттыруға» бағытталғанын айтады. Премьердің мәліметінше, құжат қабылданған жағдайда, шенеуніктердің, сонымен қатар ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің саны 2020 жылдан 2023 жылға дейін кезең-кезеңмен 25%-ға азайтылады. Қысқарту шаралары республикалық деңгейде де (министрліктер, агенттіктер мен ведомстволарда), жергілікті деңгейлерде де (облыстар мен аудан-қалаларда), сондай-ақ квазимемлекеттік секторда да жүреді. Мораторий мен қысқартудың Президент Әкімшілігі, Президенттің іс басқармасы, Тұңғыш Президент–Елбасының кеңсесі, Тұңғыш Президент архиві, Сенат пен Мәжіліс аппараты, Премьер-министр кеңсесі, Қорғаныс министрлігі, Орталық сайлау комиссиясы, Конституциялық кеңес, Жоғары сот кеңесі, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық, Ауылдық округтер және ауылдар әкімдерінің аппараттары секілді мекемелерге қатысы жоқ.
Айта кетелік, өткен жылы Қазақстанда мемқызметшілердің штаттық саны 98 мың 726 бірлікті құраған. Оның 453-і – бірінші басшылар, яғни мемлекеттік саяси қызметшілер. Басым бөлігі – 98 273-і төменгі лауазымдағылар. Агенттік мәліметінше, өткен жылы мемқызметшілердің нақты саны 90 932 адамды немесе штат санының 92,1%-ын құрады. Яғни, 7 794 жұмыс орны бос тұрған. Мысалы, мемлекеттік саяси қызметшілердің 443-і немесе олардың штат санының 97,8%-ы ғана тағайындалған. Президент Жарлығы жобасында тек «Б» корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына ғана мораторий енгізу қарастырылған. Бұл корпуста былтыр 97 988 штаттық бірлік болды. Дегенмен, соның тек 90 218-інде немесе 92,1%-ында мамандар жұмыс істеуде. Нәтижесінде, «Б» корпусында шамамен 7,7 мыңдай «вакансия» болған. Дәл осыларға енді конкурс жарияланбауы мүмкін. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің дерегінше, мемқызметшілер арасындағы әйелдер үлесі – 50 331 немесе 55,4%. Оның ішінде мемлекеттік саяси қызметшілер арасындағы әйелдер үлесі – 11,7%, «А» корпусында – 3,3%, «Б» корпусында – 55,7%. Барлық шенеуніктердің орташа жасы – 38,7 жас. Бұл ретте мемлекеттік саяси қызметшілердің орташа жасы – 47,8 жас, «А» корпусында – 47,3 жас, «Б» корпусында – 38,7 жас. Мемқызметшілер арасында 50-ден жоғары жастағылар саны 18715 адам немесе 20,6%. Мемқызметшілердің 91,7%-ы немесе 83 421-і жоғары білімді. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметте «Болашақ» бағдарламасының 570 түлегі ғана жұмыс істейді екен.