Данияр Мейірхан қызметінен кетуі мүмкін
Түркістан қалалық полиция басқармасының басшысы Данияр Мейірханға қатысты қызметтік тексеруді Түркістан облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы жүргізіп жатыр. Данияр Мейірхан денсаулығына байланысты демалысқа шығып кеткен. Қызметіне оралған соң оған қатысты тиісті шешім қабылданады.
Otyrar.kz порталының жіберген сұрауына Түркістан облыстық полиция департаменті осылай деп жауап беріпті.
Данияр Мейірхан қызметінен кетуі мүмкін. Егер ол сөгіспен немесе ескертумен құтылатын болса, еңбек демалысына не үшін кетіп қалған? Оның үстінде полиция департаментінің берген жауабында «тиісті шара көріледі» деп емес, «тиісті шешім қабылданады» деп жазылған. Шара мен шешімнің арасында біраз айырмашылық бар.
Еске сала кетейік, 13 желтоқсанда түс мезгілінде Түркістанның бас полицейі Данияр Мейірхан бір топ тәртіп сақшыларымен қаладағы М.Жұмабаев атындағы №15 мектепке келген. Ол әжетхананың қасына барып, онда мектеп мұғалімдерінен кезекшілік ұйымдастырылмағаны үшін бір азаматты тергеудің астына алады (болған жәйттың бәрін бастан-аяқ Данияр Мейірханның өзі әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы тікелей эфир арқылы таратып отырған). Оқиға орнына дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бақыт Кәукенов осы кезде келген. Әңгіме арасында кезекшілікті тұру осы ұстаздың міндеті екендігі белгілі болады. Бірақ ол аяғына су өтуіне байланысты мектепке кіріп кеткенін айтып ақталады. Бірақ бас полицей дікеңдеуін қоймайды. Ақырында Кәукенов әжетхана күзетудің мұғалімнің міндетіне кірмейтінін мәлім етеді. Екіарада сөз таластыру басталады. Данияр Мейірхан нөкерлеріне «мынаның құжаттарын тексеріңдер, мен мұның мектеп қызметкері екендігіне күмән келтіремін» дейді. Осы тапсырмадан кейін полицейлердің бірі мұғалімнің құжатын алып қояды. Ол төлқұжатын қайтаруды талап етеді. Бұдан кейін бас полицей дөрекелікке басады. «Қазір саған шара қолданамын», «Дұрыстап сөйлес», «Сен емес, сіз де» деген сөздер араласады. Данияр Мейірхан әңгіме арасында «мен қаланың папасымын» дегенді де айтады. Полицейлер қолын қайырып, бөлімшеге апару үшін көлікке салып жатқан Кәукеновке мектеп мұғалімдері ара түседі. Оның соңы у-шуға айналады.
Кейінірек, Данияр Мейірхан фейсбуктегі парақшасына мұғалім Кәукеновпен бөлімшеде тіл табысқанын жазды. Ол сонымен бірге
генералға (Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбековке) жұмысы талапқа сәйкес келмесе, өзін отставкіге жіберу жөнінде арыз жазғанын да мәлім етті.
Ал аталған департаменттің баспасөз қызметі:
- Түркістан қаласында мектеп мұғалімінің полиция бөлімшесіне жеткізілу жайты бойынша ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша өзіндік қауіпсіздік департаменті Түркістан қаласы полиция басқармасының басшылығына қатысты қызметтік тергеу жүргізуде. Тергеу барысында Ішкі істер органдары қызметкерлерінің мінез-құлқына баға беріледі, олардың мұғалімге қатысты іс-әрекеттерінің заңдылығы, сондай-ақ Түркістан қалалық полиция басқармасы бастығының билікті асыра пайдалануы да тексеріледі. Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бұйрығымен Түркістан қаласы полиция басқармасының бастығы Данияр Мейірхан қызметтік тергеу жүргізу кезінде қызметінен босатылды,-деген мәлімет таратқан еді.