Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Әкімдер «отпускіден» оралып жатыр. Былтырғы жылдың қарбаласынан, бітпейтін күйкі тірліктерден шаршаған атқамінерлер жаңа жылды жаңаша көңіл-күймен, жұмыстарына жаңаша күш-қуатпен кіріскенді жөн көрген сияқты. Бергі жақтағы ойымыз осылай дейді. Ал арғы жағынан тереңдер болсаңыз, бұл жолғы демалыстың жөні басқа, жосығы ерешелеу сияқты. Бұл демалыс дауыл алдындағы тыныштыққа, дәлірегі саяси доданың алдындағы демалысқа, алда болатын жауапты науқанға дайындыққа көбірек ұқсайды. «Неге» дейсіз бе?
Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев еңбек демалысынан осы аптаның басында оралған. Қысқа мерзімді демалысқа Шымкенттің әкімі Ерлан Айтаханов та шығып келгенге ұқсайды. Былтырғы жылды экономиканың барлық саласында, (қайталай айтайық, барлық саласында, сенбесеңіз әкімдіктің ресми сайтын ашып қараңыз) жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, үкіметтің оң бағасын алған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов те шаршауын басып, жаңа жылды жаңаша көңіл-күймен бастағанды құп көрген сияқты. Әулиеата өңірінің әкімі де «отпускіден» осы аптада оралған. Әкімдер ғана емес жылдың басында басшылардың көпшілігі бір-бірімен келісіп алғандай, еңбек демалысына кеткен. Өйткені жоғарыдан сондай нұсқау берілген көрінеді. Білетіндер алдағы ақпанда елорданың төрінде билік партиясының үлкен жиыны өтетінін, осы басқосуда Мәжіліс пен мәслихат сайлауының мәселесі шешілетінін айтып жүр. Яғни, сарапшылар былтыр күзден бері сарнап айтып жүрген сайлаудың төбесі көрініп қалды деген сөз. Ол ары барса мамыр-маусымда өтіп қалуы мүмкін. Осы себепті атқамінерлерге додаға дейін жақсылап демалып алуға рұқсат етілгенге ұқсайды. Өйткені «өткелде ат ауыстырмайды» деген ежелден келе жатқан қағида бойынша саяси доданың уақтысында әкімдер арасында кадрлық ауыс-түйіс жүргізілмейді, ешкім демалысқа шықпайды.
Жалпы елде сайлау туралы әңгімелер күшейіп келеді. Ресейдің танымал телеарнасының Қазақстанда Парламент сайлауының наурызда өтетіндігі туралы ақпаратты таратып жіберуі де тегін емес сияқты. Егер осы нұсқа рас болса, сайлауға қатысты шешім жақын күндері қабылдануы тиіс. Өйткені сайлау алды науқанның екі айға созылатындығы белгілі.