Жұмағали Исмаилов жауырын тағы да жаба тоқуда

Oinet.kz 01-03-2012 833

Жуырда өткен денсаулық сақтау басқармасының  былтырғы жылы атқарған жұмыстарын қорытындылаған алқа мәжілісінен соңғы кезде өршіп кеткен ана өліміне қатысты жайттың анық-қанығын біліп, мұндай келеңсіз жайтқа алдағы уақытта жол бермеудің қадамдармен таныс боламыз ба деп үміттенген едік. Алайда олай болмай шықты. Басқарма бастығы Жұмағали Исмаилов құрғақ статистикалық көрсеткіштерді келтірумен шектеліп, бұл мәселеге басын ауыртқысы келмеді. Бәлкім, облыстық бас дәрігері өзінің қызметтік карьерасындағы ыңғайсыз оқиғаны, оңбай сүрінгенін есіне түсіргісі келмеді ме екен?!    

Screenshot_23.jpg

Таласымыз жоқ, денсаулық сақтау саласында оң тірліктер жоқ емес. Бірақ,  мұны жеке Ж.Исмаиловтың жетістігі емес, мемлекеттік саясаттың нәтижесі деп білеміз.  Халықтың денсаулығын жақсартуға облыс әкімі Асқар Мырзахметов те айрықша көңіл бөліп отыр. Айталық, 2009 жылы денсаулық сақтау саласына бюджеттен 40 миллиард теңге бөлінсе, қазіргі көрсеткіш 66 миллиард теңгеге жеткен. Тағы бір дерек. 2010 жылға дейін Оңтүстікте 16 медициналық  нысан салынса, соңғы 2 жыл көлемінде  114 нысанның құрылысы аяқталды.  Биыл жедел жәрдем қызметін қажетті көліктермен қамтамасыз етуге бюджетте 400 миллион теңге қаралған. Сондай-ақ, 2015 жылға дейін   17 апаттағы, 95 бейімделген және ғимаратын жалдап отырған 138 медициналық мекеменің мәселесі толық шешімін таппақ.  

Баяндамадан кейін бас дәрігерлердің бір де бірі жарыссөзге шықпай, үнсіз қалғаны  таңқалдырды. Сонда бас дәрігерлерді толғандыратын мәселе жоқ па әлде бастығының қас-қабағына қараған олардың өткен-кеткенді қозғағысы келмеді ме екен? Ал мәжіліске арнайы Астанадан келген азаматтардың  облыс медицинасындағы жетістіктерін тізбектей жөнелгені пиар акцияға көбірек ұқсады. Бірақ, қанша «пиарить» етсең де күнді алақанмен көлегейлеу мүмкін бе?

Ақ халаттылардың ешқайсысы аузына алмаған мәселені жиынға қатысқан журналистер қозғап, ана өліміне кінәлілердің қандай жаза алғаны туралы сауалды көлденең тартты. Жұмағали Исмаилов орын алған жайттардың акушерлік себептерге байланысы жоқтығын айтып, қысқа ғана жауаппен шектелді. Алайда, басқарма бастығы айтпаған, бәлкім айта алмаған мәселені жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаевтің өзі атап өтіп: 

- Былтыр облысымызда 13 ана өлімі тіркелсе, биылғы бір айдың көлемінде   6 ана көз жұмды.  Әрине, оның өз себептері бар. Бірақ, абсолюттік түрде алғанда алдағы 6-7 ай көлемінде бірде-бір ана өліміне жол бермеуіміз керек. Бұл барлығымыздың алдымызда тұрған үлкен міндет,--деді.   

Әкім орынбасары сондай-ақ, Жұмағали Исмаиловтың командасына кейінгі кездері шетелден қонақ шақырып, тым тойшыл болып кеткенін де сынға алғандай болды. 

- Қазір шетелдермен байланыс орнатылып, облысымызда түрлі  конференциялар мен  семинарлар өткізілуде. Оның барлығы да жақсы. Бірақ, ендігі бағытты төменгі жаққа, яғни бастапқы медициналық-санитарлық көмек беру мекемелеріне,  амбулаторияларға, ауылдық деңгейдегі дәрігерлерге аударғанымыз жөн. Себебі, бұған көп нәрсе байланысты. Жүкті әйелдермен, қажет болса болашақ аналармен жұмыс жүргізуге баса мән берілуі тиіс. 5 жасқа дейінгі балаларды егу ісінде, дәрімен қамтамасыз етуде  кемшіліктер бар. Менің сараптамам бойынша,  осы мәселелерге әлі көңіл бөлінбей отыр»,   деген Әли Әбдікәрімұлы орынды ескерту жасады.  

Облыстық денсаулық сақтау саласы алдағы жарты жылда бірде-бір ана өліміне жол бермеу міндетін орындай алады ма? Әрине, ана мен баланың амандығына бәріміз де тілеулеспіз. Бірақ ең бастысы, өткен оқиғадан ақ халаттылар қаншалықты ащы сабақ алды?  Құрғақ цифрмен сөйлеп, жеткен жетістігін қайталаудан жалықпайтын, орын алған кемшілікке көз жұма қарап, жауырды жаба тоқитын Жұмағали Исмаиловтің өзі ше? Алқа мәжілісінен бұл сұраққа өз басымыз жауап таба алмаған күйі қайттық. 

"Рейтинг" газеті №9, 1 наурыз 2012 жыл

Жемқорлар жалғыз «жортпайды»
Әлимановтікі әлімжеттік пе, әділеттік пе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу