Мұндай бауырдың барынан жоғы жақсы
24-07-2022
Кейінгі кездері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ерекше қарқын алғаны рас. “Пәлен шенеунік пәлен доллармен ұсталыпты” деген суық сөздер қазір ел ішін тап бір отыз жетінші жылдардағыдай кезіп жүр. Шенеуніктердің арасында арасында 50 мың доллармен, 2 миллион теңгемен қолға түскендер де болды. Әй, бірақ ол да түк емес екен. “Түйені түгімен, биені бүгімен” жұтқан ірі-ірі “шортандар” мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстар мен тендерлердің төңірегінен құрықталып жатыр.
Жуырда қаржы полициясы биылғы жылы мемлекеттік сатып алуда анықталған қылмыстарды жария етті. Бір айта кетері, осы саладағы анықталған қылмыстар былтырмен салыстырғанда 72 пайызға өсіпті. Өсіпті дейміз-ау. Шын мәнінде ол бұрыннан бар, тек бұған дейін бұл саладағы “кемшіліктерге” құқық қорғау органдары көзжұмбайлықпен қарап келген ғой.
Жалпы, “Рейтинг” шенеуніктердің рейтингісін ұдайы беріп келеді. Біз бұл жолы да сол әдеттен танбай, жемқорлардың тізімін таразылап, ең үздік-үздік дегендерін рет-ретімен атағанды жөн көріп отырмыз. Департаменттер мен басқармалар мемлекеттік сатып алуға конкурс жарияласа, біз жемқорлық жөнінде конкурс жариялаймыз. Конкурсқа қатысушылар орынды жеген ақшасы мен қазынаға келтірген залалының көлеміне қарай иеленетін болады. Сонымен…біздің конкурсымызда жетінші орынды Созақ ауданы коммуналдық шаруашылық және автомбиль жолдары бөлімінің бұрынғы бастығы алды. Ол 2007 жылы “Мемлекеттік сатып алу” туралы заңның талаптарын бұза отырып, Шолаққорған ауылын электрлендіруге заңсыз конкурс өткізген. Осыны желеу етіп әлдебіру серіктестіктің шотына 3,2 млн. теңгені аударып жіберіпті. Бірақ кейіннен белгілі болғандай, жоспарланған жұмыстар толық атқарылмаған болып шықты
Алтыншы орынды Түркістан қаласыны орталық ауруханасының бас дәрігері Хамза Досжанов иеленді. Ол ауруханаға 6,5 млн. теңгенің құрал жабдықтарды жеткізіп беру жөніндегі актіге қол қойып жіберген. Алайда, ауруханаға ешқандай да құрал-жабдық жеткізілмеген. Сол үшін бас дәрігер 1 жыл 6 айға шартты түрде сотталды. Ал, оны жерге қаратқан мердігер “Отан Достар” ЖШС-інің директоры Нұрлан Досымбетов те “сыбағасыз” қалған жоқ. Сот үкімімен ол 6 жылға бас бостандығынан айрылды.
Бесінші орынды Түркістан қалалық коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы иеленді. Ол 2007 жылдың наурызында жалған құжаттар арқылы “Түркістан жол сервис” ЖШС-інің 35 млн. теңгеге Түркістан қаласының жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізгені жөніндегі актісіне қол қойып берген. Тексеру кезінде жөндеу жұмыстарының толығымен жүргізілмей, 7,8 млн. теңгенің жымқырылып қалғаны анықталып отыр.
Төртінші орынды Бәйдібек аудандық медицина бірлестігінің бастығы алып отыр. Оны да сорлатқан қабылдау актісі. Дәлірегі ол “МКиК” ЖШС-інің аудандық ауруханаға 191 млн. теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізгені жөніндегі актісіне қол қойып берген. Бірақ, атқарылған жұмыстардың 137 млн. теңгеден аспағаны анықталды. Бастық тергеуде отыр. Осы тергеуде 54 млн. теңгенің қайда кеткені белгілі болуы тиіс.
Сонымен алғашқы үштікке кімдердің іліккенін айтатын сәт келді. Үшінші орын. “Қазақстан Темір жолы” Ұлттық компаниясының АҚ-ы Шымкент бөлімі магистаралды жүйесінің бұрынғы директоры иеленді. Ол 2008 жылдың желтоқсанында “МСД” ЖШС-інің 234 млн. теңгеге темір жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізгені жөніндегі актісіне қол қойған. Тексеру кезінде жөндеу жұмыстары 188 млн. теңгені құрап, 46,5 млн. теңгенің ізім-қайым жоғалғаны анықталды. Екінші орын. Адам айтса сенгісіз оқиға. 2006 жылы, иә, иә облыс медицинасында “төңкеріс” жүріп жатқан кезде “Южказмедтехника” ЖШС-і ауруханаларға құрал-жабдықтар жетізіп беру бойынша өткізілген конкурстың жеңмпазы атаныпты. Серіктестің директоры аудандық ауруханаларға гемотологиялық анализдерді жасауға арналған “ВС 3000 ПЛЮС” маркілі медициналық қондырғылардың орнына қытайлық контрафактілік өнімдерді жеткізіп берген. Осы арқылы директор мемлекеттің медицина деп бөлген 77,8 млн. теңгесін қалтасына басып қалыпты.
Ал, бірінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысы қоршаған ортаны қорғау басқармасының бұрынғы бастығы иеленіп отыр. Ол 2007 жылы “Шалқия Цинк ЛТД” ЖШС-іне табиғатты ластау заттарына эмиссиялауға заңсыз рұқсат берген. Нәтижесінде мемлекетке 164,2 млн. теңге залал келген. Қазіргі уақытта аталған шенеуніктің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бір айта кетері, Ордабасы ауданлық мәдениет үйінің директоры мен “Оңтүстік Құрылыс ТУ” ЖШС-інің директоры бұл конкурстан тыс қалды. Себебі сұрасаңыз, айтайық, 2007 жылдың тамыз айында мәдениет үйінің директоры құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін аталған серіктестіктің шотына 44,5 млн. теңгені аударып жіберген. Ал, атқарылған жұмыстардың 31,2 млн. теңге екенін сараптама нақты анықтап отыр. Дегенмен тергеуде отырған азаматтар мемлекетке 6 млн. теңгені қайтарып беріпті… “Ішіп-жегенді” мойындаудың өзі де ерлік емес пе?
Істі болған шенеуніктердің кінәсі сот үкімінен кейін ғана дәлелденеді. Осыдан кейін “жегіштердің” аты-жөндерін толығымен атайтын боламыз. Әй, бірақ, “құдай ұрып” қалғандар бәрін жалғыз өзі жымқырды дегенге көңіл сенбейді. Көзжұмбайлықтың, бас изеп қол қоя берудің соңында бір бәленің бары анық. “Жалғыз жортқан қасқыр аштан өледі. Қасқыр тек үйірімен қасқыр” демеуші ме еді?! Сол айтпақшы, жемқорлар жалғыз “жортып” ештеңе жей алмайды, олар үйір-үйірімен, топ-тобымен жүрсе ғана тоқ. Тек қол қойған адам жалғыз өзі сотталып кете беретіні, өкінішті.
…Шенеуніктердің жемсауында кеткен қазынаның есіл қаржысы-ай десеңізші.