Әміржан Қосанов: «Президент тапсырмаларын орындауға Үкімет ақшаны қайдан табар екен?»

Oinet.kz 13-09-2019 1003

Қыркүйектің 2-сі күні Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа алғашқы жолдауын жолдады. Сарапшылардың пайымдауынша, Тоқаев президент ретіндегі алғашқы жолдауында саяси реформалар туралы бағытын анық білдірмеді.

Тоқаев бес тараудан тұратын жолдауының бас жағында саяси реформалар туралы айтты. «Елдің қоғамдық саяси өмірін жаңартпай, экономикалық реформаларды табысты жүргізу мүмкін емес» деген ол «елде көп партиялы жүйені және партиялар арасындағы бәсекелестік пен плюрализмді дамыту керегін» сөз етті.

Президент Жолдауына байланысты белгілі саясаткер Әміржан Қосанов өзінің Фейсбуктегі парақшасында пікір білдірді: 

Қосанов.jpg

«Бұл жолғы жолдаудың үш түрлі ерекшелігін көріп отырмын.

Біріншіден, бұл - екінші президенттің алғашқы жолдауы. Сонысымен қызық әрі елеулі, өзіндік интригасы бар-тұғын. «Жаңа президент не айтады екен? Бірінші президенттен не айырмашылығы болады екен?», - деген пендешіл қызығушылықпен қатар «Мемлекетіміздің өміріне нендей әлеуметтік-экономикалық, саяси өзгерістер ұсынады екен? Қоғамды толғандырып жүрген өткір тақырыптар қозғалар ма екен?», - деген үміт пен күдік аралас күту болғаны да рас.

Жанрлық және техникалық тұрғыдан алғанда, құжат біршама өз қалпында. Қоғам өмірінің көптеген жанды тұсы қамтылған. Коммуналдық шаруашылықты жетілдіру үкіметті қысқартуға дейін – бәрі-бәрі бар.

Әрине, коммуникация мен технология дамыған кезде жолдауды тікелей эфирде де көрсетуге болатын еді. Бірақ олай болмады. Себебін биліктегілердің өзі білер.

Екіншіден, билікке қанша сын айтсақ, бұл жолы мына жайтты мойындау керек: не дегенмен, қоғамды толғандырып жүрген, соның ішінде әлеуметтік желілерде қызу талқыланып келе жатқан біраз өзекті әрі билікке сыни қатысы бар проблема жолдауда өз орнын тапқан. Мұны өз басым жақсы үрдістің басы деп санағым келеді.

Соның ішінде, билік органдарына қатысты нақты сынның президенттің өз аузынан шығуы да – қолдарлық жайт. Бұл жолы ел сене бермейтән ресми статистиканы оңды-солды пайдаланып, орындалмаған уәделермен шұрқ-шұрқ тесілген ескі бөрікті аспанға лақтырып, алақайлау жағы болмады десек те болады.

Әрине, отырысқа қатыспаған соң қателесуім мүмкін, бірақ бұл жолы «ұзаққа созылып, овацияға ұласқан қол шапалақтау» да болмаған сияқты.

Бірақ та, және мұны біз ашық айтуымыз керек, жұртшылықты шынымен толғандырып жүрген бес мәселе қозғалмады.

Олар – ат төбеліндей олигархтарға тәуелді боп қалған экономиканы қайта құру, мемлекеттің әлеуметтік функциясын жандандыру, кім көбірек пара берсе, соның сойылын соғатын сот жүйесін жаңарту, авторитарлықтан тоталитарлыққа көшіп бара жатқан саяси жүйені өзгерту және тыйымдар мен шектеулердің астында қалған БАҚ саласын тірілту.

Рас, митингілерге қатысты жағдайға байланысты либералды сипаты бар ойлар айтылып қалды. Бірақ, президенттің «митинг өткізетін жер қаланың сыртында болмасын» деген сөзін біздің әкімқаралар қалай түсінетінін бір Құдайдың өзі біледі!

Әрине, ширек ғасыр бойына тазаланбаған Авгий атқорасын үш айдың ішінде Тоқаев Геракл секілді бір сәтте бір жолдауымен тазалап шығады деу әбестік болар.

Сөз жоқ, жолдаудың жанр ретінде өз талаптары мен заңдылықтары бар. Бір құжатта барлық мәселені қамту мүмкін емес. Дегенмен, дәл осы, көпшілік жиі айта бастаған ұстындар туралы президент өзінің тұңғыш жолдауында шегелеп айқанда, шынымен де, нұр үстіне нұр болар еді.

Үшінші жайттың психологиялық астары бар.

Бұл жолғы жолдау баяндалған парламент отырысына тұңғыш президент қатыспады. Бірақ, өзі қатыспаса да, сөзі қатысып отырды. Оның үстіне, «Ақорда» «Кітапхананың» рұқсатынсыз қимылдай бастады дегенге біз әзірше сене қоймаспыз. Бірақ, президенттің аты – президент. Уақыт өткен сайын, дәл осы конституциялық институттың өкілеттігі мен ықпалы зорая түсетіні анық!

Әзірше, жолдау мәтінінің өне бойындағы «елбасы белгілеп берген сара жолына» қатысты дифирамбтарды өз басым саяси этикетті сақтау деп түсінгім келетінін қалайша жасырайын.

Не дегенмен, мұның бәрі президенттік биліктің шын мәнінде дербес билік тармағы ретінде қоғам санасында қалыптаса түсуіне өз әсерін тигізеді деп санағым келеді.

PS. Президент бірқатар экономикалық жеңілдіктер мен преференциялар берілетінін, әртүрлі салаға қомақты қаржы жұмсалатынын айтты. Мен болсам, «бюджеттің жуаны жіңішкеріп, жіңішкесі үзіліп жатқан осынау қиын кезеңде президент тапсырмаларын орындауға үкімет ақшаны қайдан табар екен?» деп ойланып отырмын»

Назарбаев: «Қазақстан мен Қытай қатынасы да сенімге негізделген»
150 мың теңге пара алған мектеп директоры 3 жылға сотталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу