Әйел түсінің арқасында мол байлыққа кенелді
10-05-2023
Естеріңізде болса, қайбір жылдары «Рейтинг» газетіне арнайы келген ерлі-зайыптылар Арыс қаласының аумағынан Шыңғысханның моласын тапқанын, Ұлы қағанның әруағымен тікелей сөйлесіп тұратынын айтып, ел-жұртты біраз шулатқан еді. Бәйдібек ауданының тұрғыны Мұхтар Тұрдалиев көне Отырар кітапханасын тапқанын мәлім етті. Ол ешқандай да көріпкел немес тәуіп емес. Бірақ айтуынша, оның түсіне әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби бабамыздың өзі еніп, көне Отырар кітапханасын көрсетіпті.
- Осыдан 40 жыл бұрын әл-Фараби бабамыз түсімде отбасыммен бірге Отырар төбеге жетектеп апарды. «Мына жерді сен жария қыласың» - деді де қабырғаны құлатып жіберіп еді, астынан жасырылған кітапхана шыға келді. Алайда, Отырар қайда, Отырартөбе қайда екендігінен хабарым жоқ. Түсті елеусіз қалдырып, ескермей жүре бердім. Бір күні әл-Фараби тағы да түсіме еніп, жас жігіт бейнесінде келді. Бұл істі аяқсыз қалдырғаныма ренішін білдірді. Алайда, оның маған сол жерді көрсеткені ақиқат еді, - деді қария бізбен әңгіме барысында.
Бастапқыда түсті кім көрмейді деп елемей жүрген қарияның түсіне сақалы аузына түскен аппақ сақалды қарт тағы да кірген көрінеді. Бұл жолы «әлгі жерді неге өзгелерге көрсетпедің. Егер бұл істі аяқсыз қалдырсаң отбасыңа ауыртпалық түседі» деп, ескертіпті. Бірақ, көрген түсін көңіліне алмай жүрген қарияның отбасында келеңсіз жәйттар орын алып, жұбайы ауыр сырқатқа шалдығып көз жұмады. Ұлдарының да отбасында береке болмай кеткен соң, Мұхтар ата белді бекем буып болған жайтты басқаларға айтқан көрінеді. Қарияның түсін бос сандыраққа балаған өзгелер, ғалымдар, археологтар таппай жүрген жерді сен қайдан табасың деп келеке еткен көрінеді.
- Бір күні бала-шағамды ертіп барып, адыр дала, айналасында ештеме жоқ төбеге шықтым. Әл-Фарабидің түсімде көрсеткендерінің бәрі тұр. Тек әрмен қарай зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет болды. Сосын сол кезде мәслихат хатшысы болған Құдайберген Ержан арқылы облыс әкіміне арыз жаздым. Ол Әлкей Марғұлан атындағы мұражайға жіберді. Алматыға барып, Асылы Османоваға жолықтым. Ол кісі мені Карл Байпақовқа алып барды. Асылы апайымыз «Мұхтар мұны ойдан шығармайды», - деп, Карл Байпақовты мен көрсеткен жерді қазуға көндірді. Археолог қара күздің кезінде Отырар төбеге келді. Сол кезде қатты боран болып, бір метрден артық қазуға мүмкіншілік болмады. Бір жағы қаржы таусылып, ісіміз аяқсыз қалды. Одан кейін Карл Байпақов қайтыс болды. Сосын Астана, Алматы қалаларынан археологтар шақыртып, Отырар төбеге ертіп әкелдім. Олар мұражай басшысына жолығып, мен көрсеткен орынға барды. Сосын «75 адам дайын, ақша жетеді, бір аптаның көлемінде бастаймыз» деді. Алайда, олар аяқ астынан ойларынан айнып, қазбай кетіп қалды. Қолына ұстатып берген нәрсені жасамаса не болады? Жаңғырсаң осылай жаңғыр. 60-70 жылдан бері қазылып келе жатқан Отырардан осы күнге дейін бір нәрсе шыққан жоқ. Егер, әл-Фараби бабамыз көрсеткен күмбездің үстін қазатын болса кітапхана, арғы жағындағы киелі жерлер, алтынның бәрі де осы жерден шығар еді. Осы жазда Карл Байпақов қазған орынға қайта бардым. Қазылған жер ойылып, ішке қарай түсіп кетіпті. Үңіліп қарасақ, екі күмбезі, зынданы, оны күзеткен төрт адамның орны тұр. Тепкішегімен ішке қарай түссеңіз, он жасар баланың мәйіті жатыр. Кейіннен бұл туралы белгілі ғалым, «Отырар» мұражайын ұзақ жылдар басқарған Мұхтар Қожаға айттым, - деді Мұхтар Тұрдалиев.
Біз осы мәселе жөнінде біз Мұхтар Қожамен де сөйлескен едік. Әңгімені ол былай деп жэалғады:
- Ол кісінің бұл мәселені көтеріп жүргеніне біраз жылдар болды. Егер ол кісі бізге Отырар төбенің сырт жағын көрсетсе күмән туындатар еді. Ақылға сыймайды деп айтушы едік. Қаланың ортасы болғаннан кейін, кім біледі мүмкін шығып қалар қазып көрейік дедім. Ол кісі айтқаннан кейін барып көрдік, қыштан өрілген, жер астына баратын жолдар. Негізі ол жерлер Әмір Темір қайтыс болған Бердібек сарайы деп аталатын орталық. Отырар кітапханасы туралы жазбадеректерде ешқандай мәлімет жоқ. Егер, ол туралы деректер жазылып, сақталған болса сеніммен айтар едім. Қаншама саяхатшылар Отырар туралы дерек жазып қалдырған, алайда тап сол Отырар кітапханасы болды деп жазылған деректер бірде бір жерде жоқ, - дейді тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа.
Мұхтар Қожаның сөздерін «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық музейінің басшысы Сапар Көзейбаев та қолдайтындығын білдірді. Оның айтуынша Көне Отырар кітапханасы жөнінде нақты ғылыми дәлелдемелердің болуы тиіс.
- Ол кісі көрсеткен орын ханака немесе жер асты жолы болуы мүмкін. Елу жылда ел жаңа дейді, 4-5 қатарын алып тастасақ астынан ескі қалашық немесе мешіт шығуы мүмкін. Оны анықтау үшін ғалымдар, археологтар мен тарихшылар тартуымыз қажет. Ол кісі көрсеткен 2-3 метрлік жерді жабық күйінде ұстап отырмыз. Себебі, ол туралы зерттелмеген күйі шығарып жіберсек үлкен дау туындауы мүмкін. Бір жағы тарихи құндылығымызды жоғалтып аламыз. Мысалы, Шыңғыс ханның мүрдесін таптым, оны қазып жатырмыз деген кісілер де болды. Мұндай мәліметті ғылыми дәлелсіз жария ету мүмкін емес, - дейді Сапар Көзейбаев.
Келер жылы әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына орай Мұхтар Турдалиев осы тақырып төңірегінде жазған материалдары мен мақалаларын жинақтап кітап шығаруды көздеп отыр.
- «Жәй ғана аян деп қолды сілтемей, бюджеттен ақша бөліп мен көрсеткен орынды әрі қарай қазып, жалғастыру керек. Қазір пайда болған шұңқырға қарасаңыз бәрі анық көрінеді. Біреудің айтқанын біреу өлең айтып іздейді дейді ғой. Әл-Фараби көрсеткен Көне Отырар кітапханасының орны ескерусіз қалмаса деймін», - дейді қария Мұхтар Тұрдалиев.
Көне Отырар кітапханасы тақырыбы ғалымдар арасында әлі де дау тудырып келе жатқан мәселе. Бір деректер оның бар екенін қолдаса, ендігі жазба деректер оны жоққа шығарады. Отырар кітапханасын әлемдегі ең бай Александрия кітапханасынан кейінгі орынға қояды. Кім біледі? Бәлкім солай болуы да бек мүмкін. Себебі, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби туылған шаһарда екінші кітапхана неге болмасқа?!
Нұрила ЖҰМАХАНҚЫЗЫ