Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияның императоры Нарухитоның таққа отыру рәсіміне қатысуда
Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэ Елбасыны салтанатты рәсімге арнайы шақырған болатын, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Император сарайының «Matsu-no-Ma» мемлекеттік залында өтіп жатқан салтанатты шараға 177 елдің делегациясы қатысып жатыр. Залға алдымен император Нарухито кіріп, таққа отырды. Іле-шала оның жұбайы патшайым Масако залға өтіп орнына жайғасқаннан кейін мәртебелі меймандар орындарынан тұрып, императорға құрмет көрсетті.
Император Нарухито халқына және барша әлемге өзінің таққа отырғандығын жариялауда. Жолдау аяқталғаннан кейін жапон халқы атынан сөз сөйлейтін Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэ: «Го-сокуи о сюку-ситэ тэнно хэйка бандзай!» (Таққа отыру құрметіне орай, Ұлы мәртебелі император жасасын!) деп құттықтамақ.
Салтанатты рәсімге Нарухито тек императорға ғана арналған «gosokutai» деп аталатын дәстүрлі киім киіп келген. Оң қолына ұлылық нышаны саналатын «onshaku» (ағаш асатаяқ) ұстаған. Императордың таққа отыру салтанатының ұлылығын қылыш, садақ, қорамса, айбалта және қалқаннан тұратын салтанатты заттар білдіреді.
Жалпы император Нарухитоның таққа отыруына арналған салтанатты шараға Швеция, Есватини, Лесото, Камбоджа, Бутан, Тонго, Нидерланды, Испания, Бельгия, Малайзия корольдері, Түрікменстан, Қырғызстан, Того, Нигер, Финляндия, Венгрия, Кения, Бангладеш сынды елдердің Президенттері келген.