Мұратбек Қыпшақбаев: «Спортшыны жеңіске жетелейтін патриоттық сезім»
Мұратбек Қыпшақбаев, Шымкент қалалық күрес түрлерінен олимпиада ізбасарларын даярлайтын спорт мектебінің директоры
Белгілі дзюдошы, жерлесіміз Мұратбек Қыпшақбаевтың есімі көпшілікке етене таныс. Түрлі додаларда намысты қолдан бермей, елдің абыройын асқақтатқан танымал спортшы бүгінде жаңадан ашылған №10 қалалық күрес спорты түрлерінен олимпиада ізбасарларын даярлайтын спорт мектебінің директоры болып қызмет атқаруда. Кезінде олимпиада жүлдесінен де үмітті еді, алайда «бақ шаба ма, бап шаба ма» деп бекер айтылмаған ғой. Жерлесіміз байрақты бәсекеде 7-орынға табан тіреп, арманы орындалмай қалған еді. Бүгінде сол биікті шәкірттері бағындырса деп тілейтін Мұратбек Қыпшақбаевпен арадағы әңгімеміз мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігінен басталды.
- Жаңа спорт мектебінің қандай ерекшеліктері бар?
- Мектеп жаңадан ашылғанымен, мұндағы жаттықтырушылар ұжымы бұрыннан істеп келе жатыр. Марқұм Түсіпхан Сайханов ағамыз басқарған спорт мектебіндегі күрес түрлері біздің мектепке ауысты. Бұдан басқа да спорт мектептерінен ауысып келген тәрбиеленушілер мен мамандарымыз бар. Қазіргі таңда бізде дзюдо, грек-рим күресі, еркін күрес, самбо мен қазақ күресі бойынша 26 жаттықтырушы жұмыс істейді. Арасында Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушылар, халықаралық дәрежеде күресіп, танылған мамандар бар. Мәселен, Қуаныш Наханов, Құрал Орынбасарұлы, Юрий Черепанов секілді белгілі жаттықтырушылар қазіргі таңда бізде қызмет атқаруда. Спортшыларға келетін болсам, Бақдәулет Сәбитов деген шәкіртіміз биыл тұңғыш рет Еуропа чемпионы, Сабыржан Әбілдаұлы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Тағы бір палуанымыз жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында топ жарды. Яғни, мектебіміз жаңадан ашылса да шәкірттеріміз түрлі халықаралық байрақты бәсекелерге қатысып, жүлделі орындардан көрінуде.
- Мектепте спортшылар үшін қандай жағдай жасалған?
- Қала әкімі Арман Жетпісбаевқа, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Нұржан Смановқа айрықша алғысымызды айтамыз. Қазіргі таңда облыс орталығында спортқа көп көңіл бөлінуде. Мәселен, мектебімізге жаңа татами мен кілемдер алынды. Мықты спортшы даярлау үшін бұл өте маңызды, өзге мектептерде ондай жағдай жасалмаған. Сонымен қатар мектептің жанында екі үлкен спорт зал соғылуда. Негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Шәкірттеріміз осында жаттығу жұмыстарына кірісіп те кетті. Болашақта осы залдан Азия, әлем чемпиондары шығатынына кәміл сенемін.
- Дегенмен, тек материалдық базаның болуы жеткіліксіз шығар.
- Дұрыс айтасыз. Қаржы бөлініп, спорт мектептерін заманауи құралдармен жабдықтау, әрине, дұрыс. Бірақ, басты мәселе - баланың спортқа деген шынайы ынтасын туғызу қажет. Бұл өте қиын жұмыс. Бұрындары спортшылардың елге, отанға деген патриоттық сезімі жоғары болатын. Қазір бұл сезім төмендеп барады. Көбісі жеке мүддесін ғана көздеп, қалтасына түсетін пайдасын ойлаудан әрі аса алмай жүр. Өкінішке қарай, қазіргі жас буын республикалық немесе облыстық деңгейдегі жарысты ұтып алса, жұлдыз ауруына шалдығып шыға келеді. Өзіне айрықша назар аударуын, қошемет көрсетілуін талап ете бастайды. Сөйтіп жеңіс жолынан қалай шығып кететінін аңдамай қалады. Мұндай спортшыларда намыс сезімі төмендеу болатыны рас. Мәселен, күні кеше Құрал Орынбасарұлы тәрбиеленушісімен Ташкентте өткен әлем кубогына барып келді. Сонда жеңіліп қалған шәкіртінің тіпті дұрыстап намыстана да алмайтынын көріп, налыды. «Ұят болды-ау, елге не бетіммен ораламын» деп қайғырып жатқан бала жоқ. Ең әуелі балаларды патриоттық сезімде тәрбиелеу керектігін сонда ұқтым. Ал спорттық әдіс-тәсілдерді үйрету кейінгінің ісі», деген пікірмен оралды Құрал Орынбасарұлы. Бойында шынайы патриоттық сезімі бар спортшы ғана үлкен жетістікке жете алады. Көп жағдайда палуан облыстық, республикалық деңгейде жетістікке жеткен соң оның дайындығына көңіл бөлу азая бастайды. Содан барып спортшы шыңдалмай, тығырыққа тіреледі. Ал оның әлемдік додалардың жеңімпазы атануы үшін жиі шетелге жіберіп, оқу жаттығу жиындарына қатыстыру керек, мықтылармен күрестіріп отыру керек. Түрлі халықаралық жарыстарға неғұрлым ерте қатыса бастаса, нәтиже де соғұрлым жақсы болмақ. Мәселен, мен жасөспірім кезімде шетел түгілі өзге облыстарға шығуым сирек еді. Тұңғыш халықаралық жарысқа ересектер арасында өнер көрсете бастағанымда ғана бардым. Өзге елге жарысқа бару психологиялық тұрғыда үлкен салмақ түсіреді. Біздегі жұпыны жаттығу залынан соң шетелдегі жарқырап тұрған татами, үлкен зал, көзіңді шағылыстыратын жарық, мыңдаған көрерменді көрген соң өзіңнің қайда, не үшін келгеніңді де ұмытып қалады екенсің. Сондықтан дарынды жастарды ертерек шетелдегі түрлі оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға шығарып тұру керек.
- Күреске икемі бар халықпыз. Бірақ, оңтүстікқазақстандық палуандар күні бүгінге дейін олимпиада ойындарында бір күміс, бір қола медальды иеленіпті. Оның өзінде қоржынға жүлде түсіргендер - спортшы ретінде Ресейде қалыптасқан Геннадий Лалиев пен Елена Шалыгина. Сонда бұл шымкенттік күрес мектебінің әлсіздігін білдіреді ме?
- Жалпы, соңғы кездері өзге облыстарда мықты палуандар шығып келе жатыр. Ренат Ибрагимов, Максим Раков секілді әлемдік деңгейде мықты дзюдошылар таныла бастады. Бірақ, жасыратыны жоқ, Оңтүстікте соңғы кездері құлдырау байқалады. Қазір грек-рим күресінен тәуер жетістікке жетіп жүрген Ермек Байдуашевты бөле-жара атай аламын. Кезінде облысымызда дзюдодан мықты команда бар еді. Базарбек Дөңбай, Иван Баглаев, өзім секілді палуандардан құралған облыс құрамасы Қазақстанда қатарынан 4-5 жыл бойы командалық есепте 1 орын алып жүретін. Ал қазір көбіне 5-6 орындарды қанағат тұтып келеміз. Менің жеке пікірім, бұның себебі - бізде мықты мамандардың қалмағаны деп білемін. Басқа жаттықтырушылар естісе ренжитіндер де шығар, бірақ шындық сол – қазір өз ісіне беріліп жұмыс істейтін мамандар тапшы. Немқұрайдылық басым. Ізденіс жоқ. Әйтеуір күнделікті үйреншікті жаттығуларды өткізумен шектеледі. Кітап оқып, түрлі жарыстардың бейнежазбаларын көріп, жаңа тәсілдерді іздеумен ешкім шұғылданбайды. Кезінде Юрий Ким деген бапкердің қолында жаттықтым. Сонда ол өзінің тобына әрі кетсе 4-5 баланы алып жұмыс істейтін. Залға үйінен теледидар мен бейнемагнитофонын көтеріп келіп, түрлі бейнетаспаларды зерттеп, үйренетінбіз. Осындай ізденістің арқасында олимпиада ойындарына жолдама алдым. Жүлдеге ілігетіндей мүмкіндігім бар еді, бірақ, 7-орын бұйырды. Қазір ойлаймын – барлығы да балалықтың кесірі шығар. Қарсыластарымның ешқайсысына таза ұтылғаным жоқ, тек ескертулер алғаным үшін жеңіліске ұшырадым. Сол кезде жарысқа тыңғылықты дайындалмағаныма бармағымды тістеп қалдым. Сондықтан қазіргі жас палуандарға күн сайын «менің қателігімді қайталамаңдар, жаттығуға барынша көп көңіл бөліңдер», деп қайталаудан шаршамаймын. Бірақ, шындап келгенде мұны түсінетіндер аз. Басын изейді де, арада бірер апта өткен соң жаттығуға кешігіп келе бастайды, тіптен келмей қоя салады. Олардың кейін өкінетінін білемін.
Мұрағаттан, 13.10.2011 ж